Экономика 0 пікір 3306 лайк

Несиесiз-ақ несiбе тапты

Наурыз 16 / 2019

 

Дәулет Тұрсынұлы, «Ońtústik Qazaqstan».

Тынбай еңбек еткенде ғана тұрмысың берекелі болады.

Заман талабы осы. «Кәсібіне қарай – нәсібі» демекші, Созақ ауданында өз мүмкіндіктеріне қарай кәсіп ашып, ісін дөңгелетіп отырғандар саны күн санап артып келеді. Солардың бірі – Мақсат Қожамқұлов. Осыдан оншақты жыл бұрын жеке кәсіпке бет бұрған азамат – қазір Созақ ауылындағы ғана емес, аудандағы есімі құрметпен аталатын азаматтардың бірі.

 

Күре жолдың бойынан жанар-жағармай бекетін ашу – ауыл кәсіпкерлері үшін тұрақты табыс көзі әрі әжептәуір пайда әкелетін кәсіп. Бірақ, оны жүргізу де оңай шаруа емес. Қисапсыз құжаттарды айтпағанда, ең алдымен құрылысқа қомақты қаражат керек. Ал, бизнес үшін банктерден несие алудың іс жүзінде оңай емес екені екінің біріне мәлім. Несиеге қолы жетпегендер кәсіпкерлікті қолдауға бөлінген қаржыдан дәмелі. Алайда, біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміз осы екеуінен де бас тартып, кәсібін хал-қадерінше өз бетімен бастауға бел буған.

«Ерінбегеннің еңбегі жанады» демекші, кейіпкеріміздің тынымсыз еңбегі мен үнемшіл қасиеті оны көздеген мақсатына бір табан жақындата түсті. Созақ – тоғыз жолдың торабындағы ауыл. Мына жағы Тасты, Шу, Қыземшек ауылдары мен солтүстігіндегі Қарақұр, Қаратау ауылдары, Қызылорданың Жаңақорған ауданына дейін созылған күре жолда көлік ағыны бір сәт те толастаған емес. Осыны ескерген Мақсат Созақ ауылын Шымкент қаласымен байланыстыратын күре жолдың бойынан «Теріскей» атауымен жанар-жағармай бекетін ашып, халыққа қызмет көрсете бастады.

– Бұл – ауылдағы төртінші жанар-жағармай бекеті. Әрине, бүгінгідей бәсекелестік заманда тұтынушыны сапалы әрі арзан өніммен ғана өзіңе тарта аласың. Сондықтан ең бірінші өнімнің сапасына әрі бағаның тұрақты болуына мән беріп отырмыз. Бұдан бөлек, бекет жанынан көлік жуатын орын ашқанбыз. Қазір осы екі нысанда жалпы саны 10 адам жұмыс істейді. Бизнестің қай түрімен айналысам десең де, мемлекет кәсіпкерлерге жағдай жасап, мүмкіндік туғызып отыр, – дейді «Теріскей» жанар-жағармай бекетінің иесі Мақсат Қаржаубайұлы.

Жеке кәсіпкер ретінде Мақсат ауыл жастарына, ауылдағы аз қамтамасыз етілген отбасыларға, жетім немесе ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қаржылай көмектесіп тұрады. Жолдасы Алмагүл «Созақ» жалпы орта мектеп-гимназиясында ұстаздық қызмет атқарса, жарасымды отбасындағы үш ұлдың екеуі бүгінде Мақсатқа қолқанат болып жүр.

Мақсат секілді жеке кәсіп ашу ісінде алға озып тұрған аймақтың бірі Созақ ауданы екенін айтпай кетуге болмас. Айталық, тек былтырдың өзінде 459 жан жеке кәсіп ашып, өз ісін дөңгелентуге бел буса, жалпы аудан бойынша олардың саны 3346-ны құрап отыр. Солардың арасында халыққа қызмет көрсетіп отырған сауда орындары мен қажет кезінде алыстан арбаламай, жақыннан төрт түлікті сатып алуға мүмкіндік туғызып отырған шаруа қожалықтары аз емес. Мәселен, өткен жылы «Ырыс» МҚҰ 37,5 миллион теңгенің 15 жобасын қаржыландырса, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның Түркістан облыстық филиалы арқылы 238 миллион теңгенің 62 жобасы мақұлданған. Ал, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның ОҚО филиалы 33 жобаға 206 миллион теңге несие берген. Осы жобалар арқылы аудандағы шаруа қожалықтары бүгінгі күні асыл тұқымды қой, сиыр, ешкі өсіріп отырған жайы бар. Қазір ауылдың жағдайын көтеруге арналған мемлекеттік бағдарламалар баршылық. Ендеше, жергілікті кәсіпкерлер Мақсат сияқты игілікті іске өз үлестерін қосып жатса, аз жылда-ақ еліміз дамыған отыз елдің қатарына қосылар еді.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ