Экономика 0 пікір 3305 лайк

Құндызай мен Оксана «бақыт – еңбекте» дейдi

Наурыз 16 / 2019

 

Назгүл Назарбекова, «Ońtústik Qazaqstan».

Төлеби ауданының орталығы – Ленгір қаласында тұратын Құндызай бес баланың анасы. Экономист мамандығы бойынша білім алған. Бірақ, тұрмысқа шыққан соң экономист болып жұмыс істеуге мұршасы келмепті. Бір кездері жұбайы жұмыссыз қалды. Не істемек керек? Бес баланың тамағы мен киімі көпбалалы ананы қам-қарекет етуге итермеледі. «Әрекетке – берекет» болар деген үміті де жоқ емес-тін...

 

Көршілері, туыстары үйге келгенде Құндызайдың тандырға жапқан нанын сүйсініп жейтін. «Тандырға нан жауып сатсам қайтеді?» деген ой көптен мазалап жүргені де содан еді. Алғашында оншақты нан жауып, көршілерге апарған. Сол сол екен, тапсырыс берушілер де шыға бастады.

«Тапсырыс көбейген соң, бір күнде 2-3 мәрте тандырға от жағатын болдым. Біртіндеп базарға да таси бастадық. Айтпақшы, жанымда осы кездері Оксана болды. Балалар үйінде тәрбиеленіп, кейін Қазығұрт ауданында өзі сияқты саяқ жігітке тұрмысқа шыққан екен. 5 жыл бұрын осында отбасымен көшіп келіп, маған көмекші болды. Өзі құрылысқа да бейім. Кішкентайынан жетімдіктің тақсыретін тартып өскен қызды баласымен бауырымызға бастық. Міне, содан бері үйімізде тұрады. Менің жанашырым, көмекшім» дейді Құндызай қасында елпелектеп жүрген қағілез қызды көрсетіп.

Бүгінде Құндызай Пошамбаеваның екі наубайханасы бар. Алғашқы жылы есіктің алдындағы тандырға аз ғана нан жауып сатып жүргенде Құндызайды наубайхана салуға Оксана үгіттепті. «Мен нанды жауып беремін. Оксана базарға барып, сатып жүрді. Кейін қоярда-қоймай наубайхананы кеңейттік. Базарда клиенттер көбейді. Жұмыс көлемі ұлғайған соң, наубайхананы да кеңейтуді ойлап, базар маңынан тағы цех аштық. Жұмысшылар да жалдадым. Шүкір, қазір үйде және базарда наубайханамыз бар. Оксана үнемі жанымда. Сіңлімдей болып кеткен. Ұлы Елнұр қыздарыммен бірге сабаққа барып жүр. Ленгір қаласында үй кезегінде тұр. Бұйырса ол да болып қалар» дейді Құндызай бізбен әңгімесінде. «Жалпы шығынымды шығарып тастағанда жаздың күндері күн сайын 10 мың теңге, қазір 4-5 мың теңге таза пайда түседі» дегенді де қосып қойды.

Наубайханадан нәпақа тауып жүрген Құндызай Пошамбаеваның ендігі арманы мемлекет тарапынан қолдау болса жеңілдетілген несиеге қол жеткізсем дейді. Сөйтіп, бизнесін одан ары ұлғайтып, самса, бөлке нан цехын қосып, ұн сатуды да қолға алмақ.

Ал, Оксана болса әпкесіне бауыр басып қалғанын, оны қатты жақсы көретінін айтады. «Бұл үйде жүрсем, ұлымның тәрбиесіне де алаңдамаймын» дейді ол.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ