Туризм Түркiстанның брендi болуы тиiс

Наурыз 16 / 2019

 

Түркістан облыс орталығы болып құрылғалы бері туризм мәселесі жиі көтеріле бастады. Рас, туризм – мемлекетке табыс әкелетін нағыз кіріс көздерінің бірі. Оған шөлейт аймақтар мен тастың үстінде отырған көптеген мемлекеттердің өз қазынасын туризмнен түскен пайдамен толтырып отырғаны дәлел.

 

Жалпы, Қазақстанда туризмнің кенжелеп қалғанын кеңестік кезеңнің солақай саясатынан деп түсінген абзал. Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін туризм басқа да экономикалық салалар сияқты орталық тарапынан қатаң регламентпен реттеліп отырды. Туристік қызметтегі КСРО-ның негізгі аймақтары Кавказ, Қырым, Балтық өңірлері, Алтай және Орта Азияның негізгі тарихи орталықтары ғана болды. Ал, Қазақстанның бірқатар сәулет, археологиялық, мәдени ескерткіштері мен тарихи көрнекті жерлеріне іс жүзінде жарнама жасалмады. Былайша айтқанда, Қазақстан тасада қалып қойды. Міне, бұл саясат тоталитарлық режим жойылғанымен бертінге дейін Қазақстандағы туризм саласына салқынын тигізіп келді.

Енді еліміз егемендік алғаннан кейін әуелі экономикамызды түзеп алайық дедік. Оған да қол жеткіздік. Зәулім Астанамызды салдық. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі де ретке келді. Әлемді таң қалдырып, «ЭКСПО–2017» көрмесін де өткіздік. Мұның барлығы Қазақстандағы туризмнің аяқтан тұрып кетуіне жасалған негізгі қадамдар еді. «Тәуелсіздік алғанымызға – 27 жыл!» деп ауыз толтырып айтқанымызбен, бұл кезең тарих үшін қас-қағым сәт. Қазақстан туризмі осы жылдар ішінде желкенін керіп, үлкен айдынға неге шықпады деп айту әбестік болар. Қазақ атамыз айтқандай, «көш жүре түзелетіні» рас. Бұл орайда Елбасының жарық көрген екі мақаласы еліміздегі туризм саласына орасан серпін бергенін айтуға тиіспіз. Иә, елдің экономикалық жағдайын түзеген Ұлт көшбасшысы біртіндеп рухани салада болуы тиіс ұлы өзгерістерге қалам сілтеп, мәдени өміріміздің мәйегін жалпақ жұртқа жария етті. Әуелі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын ұсынып, одан кейін «Ұлы даланың жеті қырына» тоқталды. Осы екі еңбекте қозғалған дүниелердің ішіндегі «Қазақстанның киелі жерлері» мен қазақ жұртының көмбе астында қалған көне тарихын сипаттайтын құнды мәселелер елдегі туризмді дамытудың алғышарттары деп қабылдадық біз. Оның үстіне кезінде Мағжан атамыз айтқандай, «Көп түрік енші алысып тарасқанда, қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?» деуі туризм Түркістаннан бастау алуы тиіс деп тұрған жоқ па! Ендеше, осынау іргелі істің бастауын жаңа облыс орталығы Түркістаннан бастап жіберсек қайтеді. Оған себеп те жоқ емес. Яғни биылғы Наурыз тойы осында өтуі керек. Бұған біз осы бастан дайындық жасағанымыз жөн.

Мен 1990 жылдан бері туризм саласында қызмет етіп келемін. Кезінде КСРО Тұтынушылар одағының Мәскеу кооперативтік институтын педагог мамандығы бойынша бітіргенмін. Бертінде «Таңшолпан», «ОлимпСпортТур» туристік агенттіктерін басқардым. Сондықтан туризм саласының маманы ретінде көрген-білгендерімді, ойға алған жоспарымды оқырманмен бөліскенді жөн көрдім.

Мақаламның басында «Түркістан облыс орталығы болып құрылғалы бері туризм мәселесі жиі көтеріле бастады» деп тегін айтып отырған жоқпын. Өйткені, Елбасы айтқандай, «Қазақстанның ежелгі астанасы халқымыздың рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ, бүкіл түркі әлемі үшін киелі орын болып саналады». Ал, осы киелі орынды болашақта 5 миллион турист келіп тамашалайды деген жоспар бар. Түркістан облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Олжас Шынтаевтың айтуынша, алдағы кезде Түркістанда мәдени-тарихи туризмін, Төлебиде тау шаңғысы туризмін, Сарыағашта емдеу-сауықтыру туризмін дамыту көзделген көрінеді. Әл-әзірге бізде осы үш сала әлемдік туристік тартымдылық тізіміне еніп отыр. Оның санын көбейту болашақтың еншісінде. Бірақ, «қалай?» деген сауал көкейде тұр.

Жалпы, туризмі дамыған өркениетті елдерде мына факторлар ерекше маңызға ие. Біріншіден, бәсекеге қабілетті турфирмалар, көлік түрлері, мейманхана кешендері, демалыс үйлері, санаторийлер, ұлттық парктер, тамақтану саласы, тағы басқалар. Былайша айтқанда, туризмнің 32 салаға жанама ықпалы болады екен. Бұл сайып келгенде, жалпы ішкі өнімнің қалыптасуына, қосымша жұмыс орындарын құруға, сыртқы сауда балансының белсенділігіне ықпал етеді.

Бұл ретте біздің шетелдермен байланыс жасайтын туристік фирмаларымыз жеке бас пайдасы үшін емес, Қазақстанның экономикалық дамуына көбірек еңбек сіңіруі керек. Яғни олар еліміздің ұлтжанды патриоты бола білуі тиіс. Ол үшін туристерді елге тартудың қызықты тұстарын жарнамалап, барған-тұрған жерлерінде мәдени-тарихи ескерткіштердің қадір-қасиетін, ұлттық тағамдар мен шипалы суларымыздың маңызын, өзіміздің ұлттық спорт түрлерін (көкпар, бәйге, теңге ілу, қыз қуу, тағы басқа) шағын деректі фильмдер, суреттер мен фотоальбомдар арқылы насихаттап отырса, бұған елең етпейтін адам болмайтын шығар. Әрі бұл көріністер шынайы болуы тиіс. Елге келген туристің көңілі толмай кетсе, ол шыққан шығынына ренжімейді, бәрі өтірік болғанына қапаланады. Біз осындай әрекеттерден сақ болуымыз қажет.

Шетелдік туристерді біз зәулім сарайлармен, еңселі ғимараттармен, тақтайдай тегіс жолдармен қызықтыра алмаймыз. Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты еңбегінде айтылғандай, шетелдіктерді ұлттық қолөнеріміз, зергерлік бұйымдарымыз, күмбір-күмбір күмбездеріміз, дала төсіндегі қызғалдақтарымыз бен саятшылық өнеріміз және этноауылдар арқылы ғана қызықтыра аламыз.

Этноауылдар демекші, соңғы жылдары көрініс тапқан осы жаңалық табиғи тартымдылықпен көпшіліктің есінде қалуы тиіс. Туристер бірі келіп, бірі кетіп жатады. Сол сияқты этноауылдағы көріністер де үнемі өзгеріп тұруы тиіс деп ойлаймын. Онда ұлттық қолөнер ғана емес, ұлттық тағамдардың дайындалу тәртібі де көзтартарлықтай болғаны жөн. Оның жалпы жобасы баннер түрінде көрсетіліп қойса құба-құп. Келген турист баннердегі суретке қарап, пісіріліп, ұсынылып жатқан ұлттық тағамға тәбеті арта түседі. Түркістан өңірінде мұндай этноауылдарды Темірлан селосындағы Арыс өзенінің сағасында, Отырар ауданындағы дария бойында, Шардарада теңіз жағасында құруға болады.

Сондай-ақ, барлық кафе, асханаларда, салтанат үйлері мен ресторандарда таңертеңгі, түскі, кешкі ас мәзірлерінде ұлттық тағамдарға басымдық берілуі керек. Әсіресе, қонақтарды ет ауқат, қазы-қарта, жал-жая секілді «құндылықтарымыз» қызықтыратындай жарнама жасаудың артықшылығы жоқ. Тіпті, бір күнді «ет асу күні» деп атасақ, жұрт елең ете қалуы мүмкін. Кеңес заманында әрбір бейсенбіні «балық күні» деп атадық қой. Ешкімнің ештеңесі кеткен жоқ. Ет ауқат жегісі келген жұрт осы күнді елеңдеп күтіп жүретіні рас.

Тағы бір мәселе. Жоғарыда туристік тартымдылыққа ие үш объектіні атадық. Соған қоса Шардарада жағажай туризмін дамытудың зор мүмкіндігі бар. Оған өткен жылы өткізілген «Сафари Шардара» фестивалі куә. Сондай-ақ, әр аймақты өзінің табиғи тартымдылығына сай бір-бір туризм нысаны етіп алуға болады. Бұған әр ауданда, қалада құрылған туристік-ақпараттық орталық қызметкерлері үлкен үлес қоса алады.

Жалпы, туризмді дамытуда туристік-гид қызметкерлерінің орны ерекше. Олардың білімі, көп тілді білуі, танымы, ұйымдастырушылық қабілеті туристер үшін таптырмайтын қасиет. Бізде ондай азаматтарды оқытатын 2-3 айлық курстар аздық етеді. Мұны жоғары және орта оқу орындарында арнайы мамандық ретінде 2-3 жыл көлемінде оқытқан жөн. Оларға бұл мамандықты оқи жүріп, шетелдерге барып тәжірибе алмасатындай жағдай жасау қажет.

Мамандардың айтуынша, кешегі күнге дейін Қазақстандағы ішкі және сыртқы туризмді дамытуға қолбайлау болып келген түйткілдердің бірі – қаржы мәселесі. Бұл рас. Бізде туризм мен спорт саласы бір болғандықтан, бөлінген қаржы көбінесе спорт саласына кетіп жатты. Сондықтан бұл мәселеде тепе-теңдік қажет. Соңғы бір мәселе – туризмнің жол картасын ұтымды етіп жасау. Бұл елге келген туристерді қызықтыратындай карта болуы тиіс. Туристік бағыттар соған сай сапалы жұмыс істесе, болашақта өкінбейтін боламыз.

Менің осы саладағы көп жылғы тәжірибемде байқағаным, шетелдік қонақтар ұлтымыздың Наурыз тойына көбірек қызығатын сияқты. Бұл мерекені биыл Түркістанда өткізейік деп ұсыныс тастап отырған себебім сол. Өйткені, мұнда негізінен ұлттық құндылықтар дәріптеледі. Қонақтарға көрсетер тарихи орындарымыз да жетерлік. Атпен, түйемен серуендеу, алтыбақан тебу, ұлттық тағамдар мәзірі, сан түрлі өнеріміздің көрерменге ұсынылар ортасы да осы Наурыз мерекесі. Бұл біз үшін жылына бір келетін бренд мереке болып қалуға тиіс. Міне, туристік фирмалар мен орталықтардың белсене жұмыс істейтін кезеңі осы тұс. Қазір өңіріміздегі туризм саласын басқарып отырған Олжас Шынтаев білікті маман. Әсіресе, соңғы кездері қолға алып жатқан тірліктері көңілге қонады. Бірақ, бар мәселені Шынтаев мырзаға ғана жүктеп қоймай, оған көп болып көмектесуіміз қажет деп ойлаймын.

Аманкелді БОРАНҚҰЛОВ, туризм саласының қайраткері.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ