Әлеумет 0 пікір 0 лайк

Бәсекелестiктi арттырады

Наурыз 16 / 2019

 

Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі мемлекеттің, жұмыс берушілер мен азаматтардың халық денсаулығын сақтау жолындағы жоғары жауапкершілігін қамтамасыз етеді. Медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін, бірінші кезекте, алғашқы медициналық-санитарлық көмектің дамуына әрі жеке медицинаның өркен жаюына септігін тигізіп, медицина ұйымдары арасындағы бәсекелестіктің артуына мүмкіндік береді. Заң жобасына сәйкес азаматтарға медициналық қызмет пакеттерінің 2 түрі ұсынылатын болады.

 

Біріншісі – базалық пакет. Мұнда республикалық бюджеттен қаржыландырылатын медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі көрсетіледі. Бұл пакет Қазақстан азаматтарының барлығына қолжетімді болады. Атап айтқанда, жедел және санитарлық авиациялық медициналық көмек көрсетіледі. Әлеуметтік маңызы бар сырқаттарға және шұғыл жағдайда науқастарға медициналық жәрдем жасалады. Түрлі аурулардың алдын алу үшін профилактикалық екпелер салынады. Өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ететін тұрғындар үшін 2020 жылға дейін республикалық бюджет есебінен амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ете отырып, емханалық көмек көрсету қарастырылған.

Екіншісі – бұл қайта құрылған медициналық сақтандыру қорынан көрсетілетін сақтандыру пакеті. Оған кіретін кызметтер: амбулаториялық-емханалық көмек, стационарлық көмек (әлеуметтік маңызы бар ауруларды қоспағанда), стационардың орнын басатын көмек (әлеуметтік маңызы бар ауруларды қоспағанда), қалпына келтіру емі және медициналық оңалту, паллиативті көмек және мейіргерлік күтім, жоғары технологиялық көмек. Осы пакетті алу құқығы жарна төлейтін, ҚР аумағында тұрақты мекендейтін, азаматтығы жоқ тұлғалар мен шетелдік азаматтарға беріледі.

Сонымен қатар, мемлекет экономикалық белсенділігі төмен халық үшін, ал, жұмыс берушілер өздеріне жалданған жұмысшылар үшін жарна төлейтін болады. Ал, жұмысшылар мен салық органдарында тіркелген әрі өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтар өздері үшін жарна төлейді.

Осы пакеттерге қосымша, ерікті сақтандыруға қатысқан азаматтар медициналық қызметті шартты негізде ала алады.

Міндетті ай сайынға жарналарды шоғырландыру және медициналық қызметтерді сатып алу үшін ҚР ДСМ Медициналық қызмет төлемдері комитетінің базасында коммерциялық емес акционерлік қоғамның ұйымдастыру-құқықтық формасындағы Әлеуметтік медициналық сактандыру қоры құрылатын болады. Қордың жалғыз акционері және құрылтайшысы ел Үкіметі болып табылады.

Ерекше санаттағы азаматтар (халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобы) үшін мемлекеттік жарна мөлшерлемесі орташа айлық жалақының 7%-ын құрайды. Сонымен қатар мөлшерлеме көлемі кезең-кезеңімен артатын болады. Мәселен, 2017 жылдан бастап – 4%, 2018 жылдан бастап – 5%, 2023 жылдан бастап – 6%, 2024 жылдан бастап 7%.

Жұмыс берушілердің жарналар мөлшерлемесінің жалпы көлемі табыстың 5%-ын құрайды. Сонымен қатар аударымдар 2017 жылы – 2%, 2018 жылы – 3%, 2019 жылы – 4% және 2020 жылы 5%-дан басталады.

Өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтардың (жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша табыс табатын жеке тұлғалар) жарна мөлшерлемесі табысының 7%-ына тең болады. Сонымен қатар, 2017 жылы – 2%, 2018 жылы – 3%, 2019 жылы – 5% және 2020 жылы 7% -ды құрайды. Мына жәйтті баса айтқан орынды, жарна пайыздарының жалпы сомасы 15 минималды еңбекақыдан артпайды.

Гүлназ ӘМІРХАНОВА, Түркістан облыстық №2 перинаталдық орталығының аға зертханашысы.

Меруерт АСАНОВА, жауапты аға зертханашы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ