Заң-заман 0 пікір 3301 лайк

Ерiккен екеу

Наурыз 16 / 2019

 

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Ońtústik Qazaqstan».

Қаңтардың бет қаритын аязды күндерінің бірінде үлкен күре жол бойындағы ауылдың су торабында күзетші болып жұмыс істейтін Айдос көптен бері көрмей кеткен ескі танысын табан астынан жолықтырып, шұрқырасып қалды.

Өзіне қарағанда бір-екі жас кішілігі бар Беріктің өңі тіпті де өзгермеген сияқты. Әдеттегідей төс қағыстырып, амандық-саулық сұрасқан көзтаныстарды әлден соң «пәленше қайда?», «түгенше не істеп жүр?» деген секілді қысыр әңгіме жалықтыра бастаған. Олардың құлазыған көңілін қара жолдың жиегіне орналасқан дүкеннің терезесінен самсап көрінген ішімдік бөтелкелері алаңдата берген. Ақыры аш нәпсі өз дегенін істеп тынды. Бір шөлмекті ышқырға қыстырған екеу үлкендеу тастың бетіне газет төсеп, тізе бүгіскен. Өңештеріне құйылған арақ ә дегенде тамақты қырнап өткен секілді еді, іле-шала ішке түскен уыт тамыр-тамырды қуалап, бойды балбырата бастаған. Осы сәтте Айдос мұңын шақты:

– Ауылда ақшасы көп кәсіп жоқ. Құрылыста да істеп көрдім, басшылары – кіл алаяқтар. Жұмысқа қабылдар кезде үйіп-төгіп уәде береді де, шаруасын ыңғайлап алған соң ауыздарын қу шөппен сүртіп, қарасын көрсетпей кетеді.

Қылша мойнынан қылқындыра ұстаған бөтелке бос ыдыстарды екі-үш рет жағалап өткенде бағаналы бері бірі сөйлеп, екіншісі тыңдап отырған екеудің дауыстары жарқын-жарқын шыға бастаған. Дүкеннен әкелген кезекті шөлмек қос стаканға сарқылып құйылған кезде:

– Әйда, Шымкентке тарттық, – деді Берік. – Қу тіршіліктің соңынан қашанға дейін салпақтап жүре береміз? Ау, біз де адам емеспіз бе?!

Қисалаңдаған екеу Шымкенттегі үлкен базарға аялдап, бір-бір саптыаяқтан салқын сыра ішіп, шөлін басып алды. Бірақ, жұтқыншақтарын бүлкілдеткен қу құлқын көбігі бұрқыраған сырада емес, уыты күшті арақты аңсап тұр еді.

– «Самал» шағынауданында бір танысым тұратын еді, соған жетіп алсақ бәрі ойдағыдай болады, – деді Берік.

– Ау, көлікке ақша қайда? – деп өзіне сұраулы жүзбен қараған Айдостың күдігін Берік заматында сейілтіп жіберді:

– Қазір қаптаған көліктің бірін тоқтатамыз да, былай шыға жүргізушінің тапқан табысын сыпырып аламыз. Жан керек болса астындағы көлігін де бере салады. Одан әрі ауылға да жетіп қаламыз.

Берік әлгінде босаған шөлмектің бірін сындырып, шынының қылпылдаған жүзіне бармағын тигізіп көргеннен кейін кішкене бөлігін қалтасына салып алды. Көше бойына шығып еді, қара жол қалың көлік нөпірімен сапырылысып, қайнап жатыр екен. Қол көтеріп еді, бірі жандарына келіп тоқтай қалды.

– Ал, жігіттер, қайда жол тарттыңдар? – деді терезеден басын шығарған жүргізуші. Сөз орайын тағы да Берік тауып кетті.

– Бауырым, «Самалға» дейін жеткізіп саласың ба, ақыңды жемейміз, 800 теңге жете ме? – деп еді, жүргізуші бірден елп ете қалды. Берік алдын ала уағдаласқан келісім бойынша жүргізушінің жанына, ал, Айдос артына жайғасты. Базардың кептелісінен құтылып, «Самалға» жақындаған тұста Берік «жүрегім айнып кетті» деп көлікті тоқтаттырған. Ондағы ойы жүргізушіні тонауға ыңғайлы, сырт көзден таса жер іздестіру еді. Тағы бір үш жүз метрдей ұзаған кезде Берік «құсқым келеді» деп көлікті тағы да тоқтатты. Ол есік ашып, құсуға ыңғайланған адамның кейпін танытты да кенет шалт қимылдап, қаннен-қаперсіз отырған жүргізушінің бүйрек тұсынан соққы берді. Жүргізуші тосын әрекеттен бір сәт абдырап қалғанымен, іле-шала есін жинап, жанындағы ағаш сапты бұрағышқа жармасқан. Қанша жерден қызу дегенмен Берік те сақ отыр екен, ұшы үшкір бұрағышты білегімен тосып, соққыны денесіне дарытпады. Содан кейін екеуіне алақ-жұлақ қарап отырған Айдосқа «қылқындыр мынаны» деп айқай салды. Айдос жүргізушіні білегімен мойнынан қылқындырып тырп еткізбеді. Осы сәтті пайдаланған Берік отырған орнынан қозғала алмай қалған жүргізушінің тұмсық тұсына тағы да бір-екі мәрте соққы беріп:

– Қанша ақшаң бар? – деді түсін суытып. Жан тәтті еді, сасқалақтаған жүргізуші қалтасынан умаждалған мың теңгелікті шығарып:

– Жігіттер, осыдан басқа ақшам жоқ, қажет десеңдер көлігімді де алыңдар, – деп жалынды. Айдос жүргізушіні біржолата жуасытып алайын деді ме екен, бұрағыштың үшкір ұшын жүргізушінің мойын тұсына қадап алды. Ал, Берік қалтасына салып алдын ала дайындап алып келген бөтелкенің сынған бөлігімен жүргізушінің тамағын тіліп жіберді. Бірақ, өмірден күдер үзе бастаған жүргізушінің көретін жарығы бар екен, у-шу төбелестің үстінен полиция қызметкерлері дөп түсіп, алдымен Айдосты, одан кейін бой тасаламақ болған Берікті қолға түсірді.

Осылайша оңай жолмен олжаға кенелмекші болған екеудің жоспары жүзеге аспай, өмірлерінің бес жылын тар қапаста өткізетін болды.

(Оқиғадағы кейіпкерлердің аты-жөндері өзгертіліп алынды).

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ