Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Жастар өздерiн өндiрiсте шыңдайды

Наурыз 16 / 2019

 

Альвира ПАЙЫСХАН, «Ońtústik Qazaqstan».

Биылғы Жастар жылы қазақстандық жастардың жігерін жанып, білімі мен біліктілігін көрсететін айтулы жыл болмақ. Әсіресе, олар үшін мамандық таңдаудың маңызы зор. Осы орайда жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру үшін өңірлерде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда.

 

Таяуда Шымкент қалалық білім басқармасының қолдауымен индустриалды-техникалық колледжінде «Жастарды мамандыққа баулу – басты мақсат» тақырыбында семинар өтті. Семинарда арнаулы орта оқу орындарының оқытушылары бүгінде елімізде кәсіби-техникалық білім беру ісі жүйелі түрде жолға қойылып келе жатқандығын атап өтті. Соның нәтижесінде жастардың біліктілігін көтеру, жұмыспен қамту проблемалары біртіндеп шешіліп келеді. Әсіресе, дуальді оқыту – техникалық және кәсіптік білім берудегі оқыту жүйесі студенттердің теориямен бірге өндіріс орнына барып мол тәжірибе жинақтауына жол ашты. Бұл өз кезегінде жастарды мамандыққа баулуда зор мүмкіндік. Шымкент қаласының индустриалды аймақтары қазіргі кезде қарқынды даму үстінде. Жастарды сол жұмыстарға тарту, біліктілігін көтеру, білімін жетілдіру үшін колледждерде өтілетін сабақтардың маңыздылығы да әңгімеге арқау болды. Бүгінде жергілікті өңірлерде кадр жетіспеушілігі проблемасы әлі де өзекті, атап айтқанда, техникалық, инженерлік, механикалық мамандықтарға сұраныс бұрынғыша жоғары. Сондықтан да индустриалды-техникалық колледж директоры, профессор Тілек Исахметов шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, оқу мен еңбекті қатар алып жүруге, сөйтіп мықты маман атануға болатынын жастарға өте ұғынықты түсіндіріп берді.

– Дуальді оқыту жүйесімен, яғни теорияны өндіріспен ұштастыра оқыту технологиясы студенттердің қабілетін ашып, өздігінен ізденулеріне, мол тәжірибе жинақтауларына мүмкіндік береді. Базасы қалыптасқан, оқу жүйесі сараланған біздің колледждің студенттеріне еңбек нарығында сұраныс жоғары. Заман талабына жауап беретін құрал-жабдықтарда жұмыс істеуді үйреніп, тағлымдамаларды шетелде өтуге мүмкіндік берілген, – дейді индустриалды-техникалық колледжі директорының өндірістік оқыту ісі жөніндегі орынбасары Қанат Ибраимқұлов.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ