Руханият 0 пікір 3299 лайк

Оқушылар ақын өлеңiн үш тiлде оқыды

Наурыз 16 / 2019

 

Шымкент қаласындағы №102 жалпы орта мектебінде ҚР білім беру ісінің үздігі, Шымкент қаласының құрметті азаматы, ақын Құрал Көмекпен кездесу өтті. «Мен даланың ұлымын» атты әдеби кеш Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылғандай, жас буынды ұлттық мәдени құндылықтар мен ұлтжандылыққа тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылды. Кешке Шымкент қалалық білім басқармасы ғылыми-әдістемелік орталығының әдіскері Шолпан Раймова, өзге де орта мектептердің басшылары мен кітапханашылары қатысты. Кеш иесінің өмір жолы сипатталған бейнебаян көрсетіліп, жоғары сынып оқушылары ақынның шығармаларынан үзінді оқыды. Кешті әнмен әрлеп, қызықты өтуіне әнші, композитор Нышан Төлегенов те үлес қосты. Ең қызығы, жиында оқушылар Қ.Көмектің «Мен даланың ұлымын» атты поэмасын үш тілде оқып, көрермендерді тәнті етті.

 

– Тәрбиеге тұнып тұрған асыл мұраларымызды жас ұрпақтың бойына сіңіріп отыру – ұстаздар қауымының міндеті. Бүгінгі күнде үштілділік қоғам қажеттілігіне айналды. Бұл оқушылардың білімге деген ізденушілігін арттырып қана қоймай, қабілеттерін де шыңдай түседі. Алдағы уақытта өңіріміздегі тұлғаларды үш тілде зерттеп, оны насихаттап, еңбектеріне шолу жасау ісі ары қарай да жалғасын табады, – дейді мектеп директоры Дамира Құрымбаева.

Сондай-ақ, қонақтарға рухани азық сыйлаған әдеби кеште мектеп басшысы ақын өлеңдерінің тәрбиелік мазмұнына мән беріп, өткеніміз бен болашағымызды байланыстыру жолында зиялы қауымның алатын орны ерекше екеніне тоқталды.

А.ЖАХИЯҚЫЗЫ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ