Экономика 0 пікір 3295 лайк

Ертуған деген ерiң бар

Наурыз 16 / 2019

 

Ажар БЕРМҰХАНОВА, «Ońtústik Qazaqstan».

Аудан орталығынан 50 шақырым қашықтықта орналасқан Сабыр Рахымов ауылдық округінің орталығы Көкібел ауылына іссапармен бардық. Әуелгі байқағанымыз, шалғай ауылдың қарқынды дамып келе жатқандығы болды. Мұндағы тұрғындар саны 4200-ді құрайды. Ауыл тау баурайында орналасқан. Көшелері мұнтаздай таза. Көкібелдің табиғаты жанға жағымды. Шалғайдағы ауылда шаруаның жайын білетін еңбекқор жандар аз емес. Солардың бірі – Ертуған Бөденбаев.

 

Ертуған Қозытайұлы – «Бөденбай баба» ЖШС-нің төрағасы, 2 бала тәрбиелеп отырған өнегелі әке. Әкесі марқұм Қозытай ақсақал балаларының жоғары білім алып, еліне адал қызмет етуін үнемі айтып отырады екен. Ол Ұлы Отан соғысының ардагері, ұзақ жыл теміржол саласында еңбек етіпті. Зайыбы Оңғар Нәлібаева екеуі 8 перзент сүйген. Ел құрметіне бөленген Қозытай қария әулеттің кенжесі Ертуғаннан үлкен үміт күткен екен. Ертуған Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, агроном мамандығын алған. Ауылға келіп, әуелі шаруашылықта түрлі жұмыстар істейді. Отбасылы болды. 2003 жылы «Бөденбай баба» ЖШС-ін құрды. Оған 37 отбасы мүшелікке қабылданды. Әрине, алғашқыда тақыр жерде құрылған шаруашылықты аяғынан тік тұрғызу оңайға түспеді. Бірақ, Ертуғанның табандылығы, маңдай тері өз нәтижесін берді.

– Кейінгі жылдары мемлекеттің әлеуметтік саясатының, адамдардың тұрмыстық деңгейін көтеруге бағытталған іс-шараларының арқасында несие алып шаруасын түзеп жатқандар көп. Алайда, сол кезде біздің қолда бар техникаларымыз ескі болатын. Ескінің өзі жетісе бермейтін. Жиі бұзылатындықтан жұмыс істегеннен тұруы көп еді. Сол жылдары қиындықтарға қарамастан шаруашылықтың тірлігін оңдадық, – дейді істің қыр-сырын жетік меңгеріп алған Ертуған Қозытайұлы.

Олар өкіметтен артық жер, арзан несие де сұраған жоқ. Көп ұзамай қызу тірлік басталды. Қазір «К-700», «К-701», «МТЗ-80», «Т-28» тракторлары мен «СК-5» маркалы 5 комбайны бар. Әуелі 10 гектарға егістік салған олар кейіннен егін көлемін біртіндеп арттыра берді. Бүгінгі таңда серіктестікте 700 гектар егістік алқап бар. Ұжымда 37 адам еңбек етеді. Сонымен қатар 50 «Ангус» тұқымды сүтті бағыттағы ірі қара, 70 қой бар. Ресейден, шетелден әкелінген «брала», «цикарка», «индоутка» сияқты құстардың жалпы саны мыңға жуықтады. Мал мен құстың азығы шешілген.

– Елбасы Жолдауында «Адам еңбекқор болып, өз кәсібін жақсы меңгергенде және лайықты жалақы алуға немесе жеке кәсіп ашып, оны дамытуға мүмкіндік болған кезде табыс артады» деп атап көрсетті. Асылы, адамға еңбек бәрінен де қадірлі. Тек еңбектің арқасында өміріңді жақсарта аласың. Мен еңбеккерлерімді осыған тәрбиеледім. Соның нәтижесінде олар әртүрлі кәсіп меңгеріп, бала-шағаларын асырап отыр, – деді кәсіпкер.

«Ауылымның түтіні түзу ұшсын» деп тілейтін іскер азамат қайырымдылық шараларынан да қалыс қалған емес. Тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлігін, мектеп формаларын әперіп, жетім-жесірлерге көмек қолын созатынын, басқа да ізгілікті істерге демеушілік танытатынын ауылдастары сүйсіне әңгімелейді. Ертуған Бөденбаевтың орта және шағын бизнестегі қажырлы еңбегі лайықты бағаланды. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл», «Қазығұрт ауданына – 90 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталды.

Іскер азаматтың алар асулары әлі алда. Ол еңбеккерлерін қысқа мерзімді курстарға оқытып, серіктестіктің жұмысын одан әрі кеңейтуді мақсат тұтады. Зайыбы Мақпал, ұлдары Ғани мен Мұхтар оның қолқанаттары.

Қазығұрт ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ