Руханият 0 пікір 3292 лайк

«Қанеки, тiлiм, сөйлешi!»

Наурыз 16 / 2019

 

Түркістан қалалық мәдениет үйінде облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Қанеки, тілім, сөйлеші!» атты шешендік өнер сайысы өтті. Аталған өнер додасына облыстың бірқатар аудан, қалаларынан өнерпаздар қатысып, бақтарын сынады.

 

«Сәлемдесу – салтымыз», «Таза мінсіз асыл сөз ой түбінде жатады» және «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» атты үш кезеңнен тұратын байқаудың негізгі мақсаты шешендік өнерді насихаттауға саяды. Сайыста үміткерлер шешендік сөздер мен мақал-мәтелдердің мән-мағыналарын ашуға тырысты. Халық әндері мен көркемсөзді нақышына келтіре орындаған жастар көрермендер көзайымына айналды.

«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, байқаудың бас жүлдесі Төлеби ауданынан келген Абылайхан Көлбайға бұйырса, бірінші орынға Түркістан қаласының өнерпазы Жігер Нұрдәулет ие болды. Ал, екінші жүлдеге Сайрам ауданының саңлағы Пердебек Есқұлов лайық деп танылды. Үшінші орындарды Ордабасы ауданының аруы Гүлнар Әлайдарқызы мен қазығұрттық Нұрхан Байтұрсынов бөлісті. Сонымен қатар, өзге қатысушылар да арнайы сыйлықтар мен Алғыс хаттарға ие болды.

Шешендік өнер сайысын қорытындылаған қазылар алқасының төрағасы, белгілі айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков сайысты ұйымдастыру алқасына ризашылығын білдіре келе, жиылған көпшілікті Ұлыстың Ұлы күні – әз Наурыз мерекесімен және Көрісу күнімен құттықтады. Сондай-ақ, ол байқаудың алдағы уақытта көкжиегін кеңейту қажеттігін де назардан тыс қалдырмады.

Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК. Түркістан қаласы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ