Редакцияға Қуаныш Сұлтанов келген кез едi

Наурыз 16 / 2019

 

Әлі есімде, 1977 жылы Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің хатшысы болған Қуаныш Сұлтанов «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері», «Балдырған» газет-журналдарының журналистерімен кездесу өткізді. Мен ол кезде республикалық «Қазақстан пионері» газетінің бөлім меңгерушісі болып қызмет атқаратынмын. Қуаныш Сұлтанов Талдықорған облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып, Алматыдан жаңадан ауысып келген кезі.

 

Журналистермен болған кездесу өте қызықты өтті. Әр қаламгер өз ойын ортаға салып, тұс-тұстан ұсыныстар, пікірлер айтылып, комсомол жастардың қоғамдағы рөлі мен беделін арттыруға негіз болатын іс-шараларды бірлесіп ұйымдастыру мәселелері талқыланды.

Содан бері қарап отырсам 40 жылдан астам уақыт өтіпті. Жақында жеке архивімнен мына суретті тауып алып, сол кездесу көз алдымнан кинолентадай тізбектеліп өте шықты. Ол кезде бәріміз де жас едік...

Бұл суретті «Лениншіл жас» газетінің фототілшісі Алашыбай Есмағамбетов түсірген. Оны бір кездескенде маған тарту етіп еді.

Суретте өздеріңіз де көріп отырғандай ортада Мұзафар Әлімбаев бастаған кілең қаламгерлер. Қуаныш Сұлтанов, Сейдахмет Бердіқұлов, Өтеген Оралбаев, Тынышбай Рахимов, Ұлықбек Есдәулетов (Ұлықбек қазір Қазақстан Жазушылар одағаның төрағасы), Ерғали Сағатов, ақын Дәуітәлі Стамбеков, Бейбіт Қойшыбаев, Ырым Кененбаев, Баянғали Әлімжанов және тағы біраз азаматтар (аттарын ұмытыппын – авт.) бейнеленген. Суретте мен екінші қатарда оң жақта бірінші тұрмын.

Ескі суреттер сыр шертетіні рас. Уақыт өте келе осының бәрі де сағыныштың әдемі әсеріне бөлейді екен.

Серік ЖАНӘБІЛ, жазушы, ҚР мәдениет қайраткері.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ