Аспан асты, жер үсті 0 пікір 3287 лайк

Тамақ дайындайтын 10 нысанның жұмысы тоқтатылды

Наурыз 15 / 2019

Шымкент қаласының қоғамдық денсаулық департаментінің қызметкерлері өткен жылы ерекше тәртіппен және жоспардан тыс барлығы 301 тамақ дайындайтын нысанды (тойхана, шайхана, дәмхана, мейрамхана, кремдік кондитерлік өнімдер шығаратын, сүт және ет өңдейтін нысандар, наубайхана, жұмсақ балмұздақ, лаваш, самса сататын орын, жұмысшыларға арналған асхана және т.б.) тексерді. Оның ішінде 210 нысанда санитарлық талаптардың бұзылғандығы анықталды.

 

Атап айтқанда, қызметкерлердің медициналық тексеруден дер кезінде өтпеуі, тиісті талапқа сәйкес келмейтін (фортификацияланбаған) ұнды пайдалану, өндірістік бақылаудың жоқтығы жиі кездесті. Кейбір азық-түліктердің сапасы мен қауіпсіздігін дәлелдейтін құжаттар болмады. Сондай-ақ залалсыздандыру заттарының жеткіліксіздігі, арнайы жұмыс киімімен жабдықталмауы сияқты басқа кемшіліктер ұшырасты.

Тексеру нәтижесі бойынша 200-ден астам нысаға айыппұл салынып, аталған кемшіліктерді жою жөнінде мерзімі нақты көрсетілген 210 ұйғарым берілді. Ал 20 талап арыз сотқа өткізіліп, сот шешімімен 10 нысанға айыппұл салынып, жұмысы уақытша тоқтатылды. Медициналық байқаудан өтпеген 58 адам жұмыстан уақытша шеттетілді.

Аталмыш департамент және оның аумақтық басқармалары өз қызметін рұқсатсыз бастаған нысандарды анықтап, олардың арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізу нәтижесінде 146 нысан рұқсат құжаттарын рәсімдеді.

Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңдылықтардың бұзылғандығы анықталған жағдайда Шымкент қаласының Д. Қонаев даңғылы, 27 үйде орналасқан қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне келуге немесе 8 (7252) 30-03-04 байланыс телефонына, E-mail: dooz.shymkent@mz.gov.kz. электронды поштасына хабарласуларыңызға болады.

Ұлжан НӘЛІБАВА,

Шымкент қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің жауапты қызметкері.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ