Қыдыр баба қонсын десек...

Наурыз 14 / 2019

 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

Республикамыздың түкпір-түкпірінде Ұлыстың ұлы күні – әз Наурызды қарсы алып, атап өту шаралары басталып та кетті. Қазірдің өзінде ұлық мерекені қайда, қалай өткізу керектігі жөнінде түрлі ұсыныстар айтылып жатыр. Шын мәнінде Наурыз – Қазақ елін мекендеген 130 ұлт өкілінің ортақ мерекесі. Ата-бабаларымыздың озық дәстүрлерін жалғастыру мақсатында ауыл-аймақтарды абаттандыру, жоқ-жітіктерге қарайласу шаралары өткізіледі. Жаңа күнді қалай қарсы алу керектігі туралы тиісті басшылар бағдарламалар әзірлейді. Сахналарда көркемөнерпаздар концерт қойып жатса, ендігі бір жерде жауырыны жер иіскемеген балуандар белдесіп жатады. Ұлттық киім киген қыз-жігіттер алтыбақан теуіп, айналаны думанға бөлейді. Осы күні сауда қызметкерлерінің де жұмыстары қыза түседі.

 

Биыл Түркістан қаласы ерекше статус алып жатқан тұста Ұлық мерекені киелі қалада өткізудің орайы да, қисыны да келіп- ақ тұр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2009 жылғы 29 сәуірде наурыз айының 21, 22, 23 күндеріне «Наурыз мейрамы» деген мәртебе бергені белгілі. Ендеше, бес ғасырлық тарихы бар көне де танымдық-тәрбиелік тағлымы мол мерекені кең көлемде ұмытылмастай атап өтудің реті келіп тұрған жоқ па?! Орта Азия халықтары бес мың жыл бұрын, ХVІІІ ғасырға дейін Ежелгі Грекия, ежелгі Рим, Ұлыбританияда аталып өтілген, 1700 жылға дейін ежелгі Русьте тойланған мерекеге өңірімізді мекен еткен барлық ұлт пен ұлыс өкілдерін қатыстырып, ортақ тұжырымдама немесе үлгіні басшылыққа алып, ұлан-асыр той жасасақ, бір-бірімізден үйренеріміз де мол болар еді. 2012 жылы Астана қаласындағы «Хан шатыр» ойын-сауық кешенінде 400 адам «Қара жорға» биімен Гиннестің рекордтар кітабына кірді. Мұнан соң Алматы тұрғындары әлемдегі ең ұзын құрақ көрпемен ерекшеленді. Шымкентте пісірілген ең үлкен бауырсақ та ел есінде. Міне, осы сияқты Түркістан да рекорд жаңартуы керек сияқты. Былтыр банктердің бірі өткен-кеткенге бір тостақ наурыз көжені тегін үлестірген. Бұл да қаперде болатын жәйт. Ал, енді, мереке қарсаңында ауланы, арық-атыздарды тазартып, ағаш көшеттерін отырғызу сірә да ұмытылмайды деп білеміз.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жуырда Наурызды атап өтудің жаңа форматын ұсынды. Жаңа жылда Аяз атаның, Рождествода Санта-Клаустың сәбилерге сыйлық беруі, отбасы мүшелерінің бір-біріне тарту-таралғы жасауы сияқты дәстүрдің берік орнығуы бұл мерекелерді халыққа жақындатқаны мәлім. Жаңа жылдан әрбір бала тосын жаңалықтар күтеді. Наурызда да балалардың есінде қалатындай мереке сыйлағанымыз жөн. Демек, Наурызды тойлау арқылы біз барлық жақсылығымызды, шарапатымызды бүлдіршіндерге арнауымыз керек. Иә, дүниеде баланың шаттанғанынан артық бақыт та, байлық та болмаса керек. Періште көңілді жадырата, қуанта білген жандар ғана асыл мұратына жете алады. Демек, біз балаларымыздың шаттығынан артық бақытты көз алдымызға елестете алмайды екенбіз.

Наурыздың нышаны ретінде Жауқазын, Бәйшешек немесе Қызғалдақты ұсынуды да көпшілік қолдайды деп ойлаймыз. Оларды Наурыздың атрибуттық белгісі, эмблемасы ретінде қарастырған жөн. Бұл орайда Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты тарихи-танымдық мақаласын қайта қарап шықсақ артықтық етпейді. Наурыздың символикасы ретінде жаңа күнді қарсы алу дәстүрін түлету керектігін еске салады. Мұнан кейін ағаш отырғызу, ағайынмен көрісу, қайырымдылық шаралары жалғасын таппақ. Ұлттық киімдерге мән беріліп, спорттық шаралар мереке көрігін қыздырады. Қырықтың бірі – Қыдыр ата үй-үйлерді аралайды. Соңғысы – ұлық мерекені өз дәрежесінде насихаттай білу.

Құрметті оқырман, дұрыс пайымдап отырсыз, ата-бабалар салған ізбен ақ түйенің қарны жарылған сол Амал күні жиналған топ түні бойы ұйықтамай, Қыдыр бабаны, жаңа күннің шығуын күтеді. Үй иесі қонақтарына бір ақсарбас қойын атап сояды. Дастарқанына барын аямай салады. Қонақтарын жайраң қағып қарсы алады. Жүзінен реніштің табы байқалмайды. Жиналған топ та бірін-бірі ренжітпеуге тырысады. Егер олар бір-біріне ренжісе Қыдыр баба қонбай кетеді деген түсінік бар. Сол күні кездескендер бір-бірімен жылы жүзбен амандасады. Төс қағыстырып көріседі. Үйге келгендер «Босаға құтты, ірге мықты болсын, таңмен таласып үйіңе Қыдыр баба қонсын» деп тілек айтады. Сол үйге алып келген сыйлықтарын үй иесіне ұсынады. Қазақ үйге қонақтан бұрын оның берекесі келеді деп ырымдайды.

Наурыз – жаңару, тазару, арылу, кешірім мен мейірім тәрізді ұғымдарды біріктіретін мереке. Оны бұрыңғы өткен бабалар «Бақыт мерекесі» деп те атаған. Бақыт мерекесін баянды ету үшін не істемек керек-дүр?

Сіз не дейсіз?

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ