Әлеумет 0 пікір 0 лайк

Аманатқа адал жан

Наурыз 14 / 2019

 

Баянын тапқан іс қашанда жақсылығымен қуантады. Әсіресе, ел сенімін арқалаған азамат өзіне артылған аманатты орындай білсе, одан тұтас қоғам ұтады. Бұлай дейтұғын себебіміз Түркістан қаласына қарасты Ескі Иқан ауылының тұрғындары осындағы оқушы балаларға қосымша мектеп салу қажеттігін көптен бері айтып жүретін. Міне, осы мәселені сайлаушылар Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Зұппархан Чалдановқа сауалнама ретінде жеткізген-ді.

 

Депутаттық сауалнамаға терең маңыз берген ол айтылған мәселенің жедел түрде шешілуіне қолдан келгенше атсалысты. Тарата айтсақ, ел аманатына адал азаматтың араласуымен Ескі Иқан ауылында мектеп үйін салуға жер телімі бөлінгені туралы мемлекеттік акт жасалды. Салынатын ғимараттың барлық тиісті құжаттары әзірленді. Құрылысты бастауға қажетті қаржы бөлу мәселесі облыстық мәслихаттың қарауына берілді. Бұл ұсыныс та оң шешімін тапты. Бұдан соң құрылыс жұмысын жүргізу үшін тендер өткізіліп, жеңімпаз компания анықталды. Осы көктемде жаңа мектеп құрылысы басталатынын естіген ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ.

Көпшілікке осындай қуаныш сыйлап жүрген азамат Зұппархан Сұбатұлы Чалданов – «Иқан» жалпы орта мектебінің директоры әрі «Нұр Отан» партиясы Ескі Иқан ауылындағы бастауыш ұйымының төрағасы, Түркістан қаласының құрметті азаматы. Бүгінде ол басқарып келе жатқан «Иқан» жалпы орта мектебі – облыстың мақтанышы. Білім ордасы сапалы білім беру жөнінен республикадағы «Үздік жүз мектептің» қатарынан екі рет көрінді. З.Чалданов 20 жылдан бергі атқарған адал еңбегі үшін «Ерен еңбегі үшін», «ҚР Тәуелсіздігіне – 20 жыл» және «ҚР Тәуелсіздігіне – 25 жыл», «ҚР Конституциясына – 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталды. Сондай-ақ, Қазақ КСР-нің «Халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Білім саласының құрметті қызметкері», «Кәсіподаққа еңбек сіңірген қызметкер» атақтарын иеленген. Қазақстан Республикасы білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, халықаралық психологиялық ғылым академиясының құрметті академигі. Ендеше, елін, жерін сүйген азаматтың, облыс мәслихаты депутаты мандатына адал азаматтың алдағы жұмыстарына сәттілік тілейміз.

Ескі Иқан ауылдық округіндегі сайлаушылар атынан Т.ХАЛИЛЛАЕВ, Д.ИСМАИЛОВ, А.КАМАЛОВА, С.МУХАМАДОВА.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ