Бала күтiмiне қатысты әлеуметтiк төлемдер өзгередi

Наурыз 14 / 2019

 

Жаңа туған балаға бір жасқа келгенше мемлекеттік жәрдемақыдан бөлек міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан да жәрдемақы берілуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова Астанада өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Естеріңізге сала кетейік, бала бір жасқа келгенге дейін мемлекет тарапынан жәрдемақы берілуде. Ал, міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін төлемақы сол жәрдемақыға қосымша болады.

 

Бірақ, бұл төлем ана баласы бір жасқа толмай жұмысқа шығып кеткен жағдайда тоқтатылады.

Вице-министрдің айтуынша, сақтандыру қорынан төленетін ақшаның мөлшері мемлекеттік жәрдемақы деңгейінде болады. С. Жақыпова «Заң жобасы Мәжіліске енді өткізілді. Егер Мәжіліс қабылдап, Сенаттан өтіп, Елбасы қол қоятын болса, жоспар бойынша барлық шаралар 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асады» дейді. Олай болса, міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге қатысты өзгерістер келесі жылдан бастап күшіне енеді. Сол кезде бір жасқа толғанға дейінгі бала күтіміне республикалық бюджеттен ай сайын төленетін жәрдемақының мөлшері мынадай болады: бір балаға – 15 050 теңге, екі балаға – 17 794 теңге, үш балаға – 20 512 теңге, төрт және одан көп балаға – 23 255 теңге.

«Оңтүстік»-ақпарат.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ