Аспан асты, жер үсті 0 пікір 3280 лайк

Шаһар шырайы қандай болмақ?

Наурыз 14 / 2019

 

Қазір Түркістанға әлем көз тігіп отыр десек те болады. Иә, бұл жәй әншейін жоғары пафоспен айтыла салған сөз емес. Шынында да, көне шаһардың жаңа келбетінің қандай болмағын асыға күтіп отырған жандар мол. Қала тұрғындарының өздері де бұрынғыдай емес, бүгінде «біз облыс орталығында тұрамыз» деген психологиямен өмір сүруде. Көшеде танымаса да бір-бірімен есен-саулық сұрасқан, жөн білмек болған адамға мәдениетті түрде жол сілтеп жатқан адамдарды жиі кездестіресің. Осының өзі-ақ қаланың рухани келбетінің жанданып келе жатқандығын білдірсе керек.

 

Елбасының Түркістанды облыс орталығы деп белгілеген Жарлығы шыққаннан кейін қаланың Бас жоспары бекітіліп, оның түрлі форматтағы макеттік көріністері әлеуметтік желілерде тарай бастады. Әзірге елдің пікірі жаман емес. Сәулетшілердің жаңа қалада орналасуы тиіс нысандардың кескін-келбетіне шығармашылық тұрғыда қарағандары байқалады. Қазірдің өзінде «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік қорық мұражайының маңында салынатын нысандар, әкімшілік-іскерлік орталығының орны, онда түсетін ғимараттардың орналасу тәртібі мамандар тарапынан оң бағасын алды. Әсіресе, қала ішіндегі жолдарды реттеуге баса мән берілуде. Қаланың инфрақұрылымын дамыту және сәулетін одан әрі көркейту бағытында да Ерболат Төлепбай, Бақытжан Әшірбаев, Еркін Жүсіпов сынды белгілі сәулетшілердің ой-пікірлері назарға алынып отыр.

Ал, Түркістан шаһарын дамыту тұжырымдамасында тарихи-мəдени жəне рухани мұраның сақталуын қамтамасыз ететін, шаһардың халықаралық, туристік жəне өңірлік перспективаларын айқындайтын маңызды мәселелер қарастырылған. Қысқасы, қала «мұнда бой көтеретін ғимараттардың барлығы ортаазиялық стильде, яғни көне дәуірдегі сәулетпен салынуы тиіс» деген Елбасы тапсырмасына сәйкес бірте-бірте өз келбетін айқындап келеді.

Несін жасырайық, осы кезге дейін Түркістанның сәулеттік келбетіне еуроцентристік көзқарас тұрғысынан қарап келдік: бір-бірінен айнымайтын біркелкі қорап үйлер, тар көшелер, иық тірескен дүкендер, иін тірескен базарлар, грек-рим үлгісіндегі фасадтар... Енді бұған тәуелсіздік талабымен жаңаша сипатта қарауымыз керек сияқты. Қазақтың біртуар ұлы Өзбекәлі Жәнібеков «Бір кезде әлем Түркістанды кітаптардан ғана таныса, енді көзбен көруге мүмкіндік жасаған жөн. Ол үшін алдымен ғалымдарды, соның ішінде Еуропаның мамандарын шақырып, ортақ іске жұмылдырса, тарихымыздағы, архитектурамыздағы, қолданбалы өнеріміздегі ашылмаған көп жаңалығымызды көрсете алар едік» деп еді бір кездері. Өзағаңның сол айтқаны айна-қатесіз келе жатқан сияқты.

Енді «Кесене тек туристерге көрсету үшін ғана» деген жалаң түсініктен арылып, қайталанбас сәулеттік келбеті бар дамыған жаңа қала салуымыз керек. Яғни, шаһардың тарихи қалпын сақтай отырып, әлемдік сәулеттік ғимарат үлгілерінен де қашпағанымыз жөн. Себебі, мына заманда Түркістанға тек зиярат етушілер ғана келеді екен деп ойламау керек, Еуропадан да туристердің ағылатынын ұмытпайық. Ал, сонау жер түбінен Түркістанға қыдырып келушілер бір уақ ойын-сауықты, көңіл көтеруді, тойып ас жеуді, мәдени орындарға бас сұға кетуді жек көрмейтіні ақиқат.

Рухани азық демекші, кешкі Түркістан жастардың сауық-думанына, сейіл құрар демалыс аймағына, таң қаларлық аттракциондары бар мега-саябақтарына айналып жатса, қанеки! Музей, театр, концерт залдары да туристердің қызығар ортасы. Бір кездері осындағы университетте өнер факультеті ашылған жылдары өнерлі жастар Райымбек Сейтметовтің даңқына бола оқуға ағылушы еді. Мұндайда талантты жастарды маңдайынан шертіп, таңдап-таразылап іріктеп алуға мол мүмкіндіктер туатын. Қазақ өнерінің корифейлері Асанәлі Әшімов, Әшірбек Сығай, Сәбит Оразбаев, Есмұхан Обаев сынды қайраткерлер Райымбектің шақыртуымен Түркістанға келіп, апталап-айлап жатып, студенттерге дәріс өтетін. Осы сияқты өнер жұлдыздарының Түркістанға алдағы уақытта да ат басын бұрып, білген-түйгенін жастарға үйретуіне жағдай туғызып жатсақ, Ержан Нұрымбетов, Нұржан Төлендиев, Алтынай Жорабаева, Нұржан Қалжанов, Оразкүл Дәулетова, Марат Оразметов, Мақсат Айтжанов сынды талай шәкірттер тағы да жарқ ете қалар еді-ау!

Қысқасы, Түркістанды тек туризм қаласы деп ұғынбай, ұлт аспаптарының үні құлақ құрышын қандырып, әлем халықтарының дәстүрлі этно-музыкасы төгілген, халықтық ән өнерінің фестивальдері мен конкурстары тұрақты түрде өтіп жататын Канн, Марди Гра, Рио-де-Жанейро, Лос-Анджелес сияқты сауық-думан мекеніне айналған өнер шаһары деп те қабылдасақ, нұр үстіне нұр болар еді...

Бекжігіт СЕРДӘЛІ, композитор, Түркістан қаласының құрметті азаматы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ