Жаңа туристiк аймақ бой көтередi

Наурыз 14 / 2019

 

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жұмыс кестесіне сәйкес Түркістан қаласын аралады. Әуелі «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы аймағы маңындағы Ортақ елді мекеніне ат басын бұрған өңір басшысы жаңадан бой көтеретін туристік аймақ жобасымен танысты.

 

«Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы маңындағы Ортақ елді мекенінен Ясауи кесенесі жақсы көрінеді. Дәл осы аймақтан жаңа туристік аймақ салу қажет. Тұрғын үйлер шығыстық үлгімен салынып, биіктігі 3 қабаттан аспайтын болады. Сондай-ақ, қаланы қақ жаратын өзен жүргізіп, айналасына көлшіктер жасау керек. Бұл қаладағы ылғалдылықты арттырады. Туристер үшін арнайы этноауыл да орын тебетін болады. Тиісті басқармаларға құрылысты бастау үшін арнайы зерттеу жүргізіп, құжаттамаларын әзірлеуді тапсырамын. Сонымен қатар, барлық инфрақұрылым мәселелері шешілетін болуы тиіс» деді Өмірзақ Естайұлы.

Бұдан соң облыс әкімі Түркістан қаласының кіреберіс қақпасына аялдады. Өңір басшысы тиісті мамандарға осы маңда алдағы уақытта қаланың шырайын ашатын ғимараттар бой көтеру қажеттігін айтты.

«Түркістан қаласының кіреберіс қақпасы көрікті болуы тиіс. Облыс орталығына келген туристер әуелі жаңа қаланы көріп, кейін көне қаламен қауышуы қажет. Сол үшін қаланың қақпа тұсында заманауи ғимараттар бой көтеруі керек» деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, облыс орталығындағы сапар аясында өңір басшысы қаланы суландыру жүйесімен, жасыл желек жұмыстарымен танысып, тиісті тұлғаларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ