Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Тағлымды шараларға толы болмақ

Наурыз 14 / 2019

 

Түркістан облысында Наурыз мерекесі бүгіннен басталады. Мереке аясында әрбір күні тағлымға толы шаралар ұйымдастырылады. Бұл туралы Түркістан Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темірхан айтып өтті.

 

– 14 наурыз «Көрісу күні» болып белгіленіп отыр. Онда «Көрісіп, күлімдесіп, мауқын басып...», «Менің елім күндей нұрлы Қазақстан», «Наурыз – жыл басы» атты тақырыптарда мәдени іс-шаралар мен кітап көрмелері және танымдық кештер ұйымдастырылады. Облыс тұрғындары мен қонақтары музейлерде өтетін «Көктемнің шуақты мерекесі – Наурыз», «Отан отбасынан басталады» атты мәдени іс-шараларды тамашалап, «Дөңгелек үстел» мәжілістеріне қатыса алады, – деді А.Темірханұлы.

15 наурыз – «Тағзым күні» болып жарияланып отыр. Бұл күні дүниеден өткен азаматтардың рухына Құран бағыштау, балалар үйлері мен көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық көрсету істері атқарылмақ. Сондай-ақ, «Жер бетіне жақсылық ұялаған күн», «Мерекелі, берекелі Наурыз той», «Наурыз – жыл басы», «Наурыз – ізгіліктің мерекесі», «Дін – имандылық ұйытқысы» атты тақырыптарда мәдени іс-шаралар мен кездесу кештері өтеді.

Сенбіге сәйкес келген тазалық күнінде (16 наурыз) жалпы облыстық сенбілік ұйымдастырылады. Жексенбі – «Көктем шуағы күні», дүйсенбі – «Көктем – өрнектер күні», сейсенбі – «Балалар күні», сәрсенбі «Бірлік күні» болып аталып өтеді.

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі 21 наурызда ұйымдастырылады. Түркістан қаласының тұрғындары мен қонақтары Есім хан алаңы мен этноауыл ұлттық мәдени кешенінде, «Арбат» алаңында «Қош келдің, әз Наурыз!» атты театрландырылған мерекелік шараны тамашалай алады. Бұл күні қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмелері, шеберлік сағаттары, ұлттық ойындар, ұлттық тағамдардың тегін таратылуы шаралары ұйымдастырылмақ.

Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры ұжымы әзірлеген Н.Ораздың «Наурыз көже» атты балаларға арналған қойылымының премьерасы көпшілік назарына ұсынылады. Кешкісін қала тұрғындары мен қонақтары Есім хан алаңында өтетін гала концертті тамашалайды.

22 наурызда мерекелік шаралар жалғасын тауып, жалпыхалықтық серуенге ұласады.

Қ.ҚУАНЫШБЕКҰЛЫ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ