Арнайы беттер 0 пікір 0 лайк

Болашақтың бастауы – балабақшада

Наурыз 14 / 2019

 

Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында: «Ойлау негіздері, ақыл-ой мен шығармашылық қабілеттер, жаңа дағдылар сонау бала кезден қалыптасады» деген еді. Бүгінде ауылда да, қалада да жеткіншектердің дені балабақшаларға баратынын ескерсек, олардың шығармашылық дағдысы дәл осы жерден басталатыны рас. Қазіргі уақытта мектепке дейінгі мекемелердегі білім беру ісін бұдан он жыл бұрынғы кезбен салыстыруға мүлде болмайды. Көркейген, жаңарған, жақсартылған ғимараттарда бүлдіршіндерге берілетін білімнің сапасы да артқан. Соңғы жылдарда балабақшада қолданыла бастаған үштілділіктің жемісін бүгінде мектептер көріп отыр. Жеткіншектерге тәрбиемен қатар берілетін қосымша сабақтар олардың ойлау көкжиегін кеңейтіп, таным деңгейлерін көтеруде.

 

Мысалы, Мақтаарал ауданы Нұрлыбаев ауыл әкімшілігіне қарасты Мырзатөбе ауылындағы «Мақсат-Жанат» бөбекжай-балабақшасын жетістігі де мол, келешегі де зор сондай мекемелердің қатарына жатқызуға болады. Ашылғанына жеті жылдан асқан балабақшада бүлдіршіннің ой-өрісін дамытатын, оқу барысында қолданылатын құрал-жабдықтардың бәрі жаңа. Мұнда қазір 70 бүлдіршін тәрбиеленуде. Ақпараттық технология дамыған заманда тәрбиешілер жаңартылған бағдарлама негізінде білімдерін жетілдіріп, әр баламен жеке-жеке жұмыс істеп келеді. Әсіресе, бүлдіршіндердің қызығушылығына жете мән беріп, олардың болашақта қандай іске икемі бар-жоғын анықтап, дамытады. Мәселен, Мейрамкүл Әшірханова, Гүлнұр Сейдазымова, Ақмарал Рахматуллаева секілді мамандар – білікті тәрбиешілер. Олар әр күн сайын таңғы астан соң балаларға ұлттық салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыптардан тәрбие сағатын өткізіп тұрады. Қазақтың ырым-тыйымдарын да күнделікті жиі қайталау арқылы жеткіншектердің санасына құюды мақсат етеді. Бөбекжай-балабақшасының құрылтайшысы Сәуле Сейітбекова балалықтың бал мекені қашанда жайлы және ауыл тұрғындарына қолайлы болғанын қалайды. «Тәрбиенің негізі отбасында қалыптасатыны рас. Десек те, балабақшаның да рөлі зор. Қазақы салт-дәстүрден, ауыз әдебиетінен нәр алып өскен ұрпақ қай кезде де бабалар аманатына адал боларына сенемін» дейді Сәуле Махамбетқызы.

Елбасы айтқандай, балаға балабақшадан бастап берілген тәрбие болашақтың бастауы болары сөзсіз.

Нұргүл АТЕЕВА, «Мақсат-Жанат» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі. Мақтаарал ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ