Рухани жаңғыру 0 пікір 3273 лайк

Оқу мен тәжiрибенi ұштастыруда

Наурыз 14 / 2019

 

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы – ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікірге негізделген өте маңызды дүние. Мақалада рухани жаңғыруға, білім, ғылымға маңыз берілуін тәуелсіз еліміздің бақытты болашағы мен алаңсыз келешегі үшін жасалып жатқан жұмыс деп қабылдасақ болады.

Рухани мәдениеттің дамуына әрбір азамат атсалысуы қажет. Тәуелсіз еліміздің болашағы кәсіби мамандарда болғандықтан, өскелең ұрпақты қазіргі заман талабына сай жан-жақты, білімді, өз бетімен ой ойлап, білуге талпынатын, өзіндік ой-тұжырымы бар, еңбек нарығына төтеп бере алатын тәжірибелі де білікті маман етіп тәрбиелеу керек. Осындай зор жауапкершілікті сезінген М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті бүгінгі таңда тың бастамалармен жұмыс істеуде. Атап айтқанда, университеттің «Химиялық инженерия және биотехнология» жоғары мектебінің «Металлургия» кафедрасының бірнеше топтары жалпы білім беру курсын тәмәмдаған соң, яғни 3-курстан бастап негізгі мамандықтың дәрістерін іс жүзіндегі тәжірибемен ұштастырады. Студенттер Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» индустриалдық аймағында орналасқан «Феррум втор» зауытында болып, кәсіби мамандардан дәріс алады. Осылайша металлургиялық құрылғылардың жұмысын көзбен көріп, бақылап, үйренуде. «Феррум втор» ЖШС-і – темір қалдықтарын балқытып, құрылысқа қажетті түрлі бұйымдар, құрылыс арматурасын, шойыннан жасалған бөлшектер, тең бүйірлі бұрыштар, созбалар жасаумен айналысатын алып компания. Зауыт металл қорытатын, өңдейтін және дайын өнім шығаратын құрылғылармен қамтамасыз етілген.

М.Әуезов атындағы ОҚМУ мен зауыт әкімшілігі арасында жастарға қолдау көрсету мақсатында келісімшарт жасалған. Болашақ мамандар мұнда білімдерін тәжірибемен ұштастырады. Ал, қолдарына диплом алғаннан кейін дайын маман ретінде зауытқа жұмысқа қабылданады. Бұл өндіріс орнының мамандарға деген сұранысын да қанағаттандырады, түлектердің еңбекпен қамтылу мәселесін де шешіп береді деген сөз.

Иә, заман ағымына сай білім беру жүйесі де жаңарып отыруы керек. Оқыту сапасын көтеруде, кәсіби мамандар даярлауда, жалпы білім беру жүйесінде өзгерістер қажет-ақ. Елдің жарқын болашағы білімді жастардың қолында деп көп айтамыз. Осы тұрғыда ұстаздарға қойылатын талап та жоғарылауда. Бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, алған білімін шынайы өмірмен ұштастыруына, дүниежүзілік білім, ақпарат, эконoмика кеңістігіне шығуына, яғни қaтаң бәсекe жағдайында өміp сүруге тәpбиелеуі керек. Біздің университеттің бұл тұрғыда атқарып жатқан жұмыстары көңіл қуантады.

Бақытгүл МАХАНБЕТОВА, Қарлығаш ПОЛАТОВА, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың аға оқытушылары.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ