Суда да талай сыр бар

Наурыз 14 / 2019

 

Табиғатта су «өлі» және «тірі» күйінде кездеседі. Тірісі – бұл таудан аққан үлкенді-кішілі өзендер, жауын суы және сарқырама сулар. «Тірі су» – ұзақ өмір сүрудің және деннің саулығының кепілі.

 

Өлі судың қайнары – ақпайтын су қоры, саздағы су, пайдаланбаған құдық суы. Бұл сулар адам организміне пайдасыз. Дегенмен, бұлардың да кәдеге асатын жері көп. Мұндай сумен денені сылап-сипасаңыз бұлшық ет тарамдары қалыпқа келетінін ғалымдар анықтаған.

Су құбырларындағы және қалалық су қорын сақтайтын көлдердегі су табиғатта «өлі» су қатарына жатады. Гидросфера қорының 2,25 пайызы ішуге жарамды тұщы су. Оның жартысы Антарктида, Арктика, Гренландия мен биік тау шыңдарында мұз күйінде сақтаулы. Денеміздің 70,7, ал, мидың 85 пайызы судан құралған. Сондықтан «тіршілік нәрін» қастерлемесек, адам ағзасына теріс әсерін тигізуі мүмкін. Керісінше, суды шат көңілмен ішсек, ниетіміз түзу болса, денсаулыққа да пайдасы мол болмақ. Мәселен, спирттік ішімдікті кейде түрегеп тұрып, әдемі сөздермен тілек айтып ішеміз. Осылайша өз ағзамызды өзіміз улап жатамыз. Ал, неге өзіміз ішетін таза суымызға да осындай жылы лебіз білдірмейміз?! Мамандар қайнатылған судан қайнатылмаған судың денсаулыққа пайдасы көп екенін айтады. Ал, емшілердің сараптауынша, ағзаға су жетіспесе, ішкі органдардың қызметі бұзылатын көрінеді. Яғни буындарға, бүйрекке, өтке, басқа да дене мүшелеріне тұз, тас байлануы мүмкін. Мұндай кеселден сақтанудың бірден-бір жолы – тәулігіне 2-4 литр шамасында таза, «тірі су» ішіп тұру керек. Онда да бір деммен емес, асықпай, ұрттап отырып ішкен абзал.

Сумен емделудің көптеген тәсілдері бар. Солардың бірнешеуіне тоқталсақ, таңғы шықтың немесе жаңбырдан кейінгі сулы шөптің үстімен және жаз айларында өзен, көл, теңіз жағалауларындағы құм-тастарда жалаңаяқ жүрген денсаулыққа орасан зор пайдалы. Бұл денедегі қан айналымын, бүйрек пен бауырдың және асқазанның жұмысын жақсартады. Денені шынықтырып, иммундық жүйені күшейтудің тағы бір жолы – жылы және мұздай суды алмастырып себелек (душ) астында тұру. Сондай-ақ, моншаға түсудің де денсаулыққа тигізер пайдасы мол. Моншаның ыстық буынан кейін ауруынан айығып кетіп жатқан науқастар аз емес. Өйткені, ыстық бумен терлеу арқылы бойға жиналған тұздар, майлар және басқа да зиянды заттар ағзадан шығарылып, нәтижесінде қан айналымы жақсарып, денеміз жасарып қалады екен. Сонымен бірге, мамандар мидың және қан тамырлардың жұмысын жақсарту үшін басты жылу суға 5-7 минут, кейін артынша мұздай суға жарты минут батырып, бұл процедураны 2-3 рет қайталауға кеңес береді. Осы тәсілмен көзді жылы немесе мұздай суға жарты минут батырып, жыпылықтату арқылы көз жанарын зиянды заттардан тазартып, көптеген көз ауруларынан айығуға болатын көрінеді. Дененің ауырған жеріне салқын сумен компресс жасау да ескіден келе жатқан емдеу әдісі. Ал, бұл тәсіл бойынша сулы матамен бүкіл денені орап тастауды медицина тілінде «испан плащы» деп атайды. Баяғыдан-ақ қазақ даласында ата-бабаларымыз арасан суы мен көлдің батпақтарын ем ретінде қолданған. Мұнан өзге, медицина мамандарының кеңесіне сүйенсек, қала тұрғындары колонкадағы таза ауызсуды металл ыдысқа құйып, үйдегі мұздатқышқа бірнеше сағатқа салып қою керек. Содан кейін, ыдыстағы қатып үлгермеген суды төгіп тастап, ал, мұзын ерітіп ішу керек екен. Себебі, еріген мұз суының денсаулықты қалпына келтіруге әсері өте күшті. Жер бетінде жүз жылдан астам өмір сүретіндер негізінен тау халықтары саналады. Өйткені, олар қысы-жазы мұзды тау шыңдарынан төмен қарай аққан мұз суымен сусындайды. Осы суда адам ағзасына қажетті барлық минералдар мен микроэлементтер түрі кездеседі. Сондықтан болар, тау халықтары денсаулыққа қатер төндіретін қауіпті дерт түрлерімен өте сирек ауырады.

Осы ретте біз де науқастарды биік қарлы таулардың (Алатау, Алтай) етегінде көктем, жаз, күз айларында арнайы шипажайларда емдеуіміз қажет деген ұсыныс айтқым келеді.

Сәдуақас ЕСІМБАЙ, қоғам қайраткері.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ