Руханият 0 пікір 3266 лайк

«Өтiрiк қабiрде қалмайды...»

Наурыз 14 / 2019

 

Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры «Гамлетті» сахналады

 

Шекспир шекара таңдамайды. Шекспир құрлық таңдамайды. Шекспир уақыт таңдамайды. Ол көтерген Адамзаттың рухани проблемалары өз заманында қандай құнды болса, бүгін де соншалықты актуальді. Мәселе – режиссердің Шекспирді қалай қабылдауында және өзінің ой сүзгісінен өткен классиканы көрерменге қалай ұсынуында! Шекспир шығармашылығының ішінде «Гамлет» трагедиясының алар орны бөлек. Әлемде «Гамлетке» соқпаған соқталы режиссерлер бар шығар, бірақ кем. «Гамлет» – әр режиссердің, керек болса әр театрдың бір белесі болып есептеледі. Таяуда ғана осы «Гамлетті» Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры да сахналады.

Сонымен, шаниндіктер қойылымы қаншалықты деңгейде шешімін тапты?

Адамзат бойындағы пендешілік (таққұмарлық, зинақорлық, т.б.) болмысынан шошынған «Гамлет» – адалдық пен әділдіктің жолында күрескен, пәлсапалық тұрғыдан шешімін тапқан биік тұлға ретінде дүниежүзілік театр репертуарында орнын бекем тапқан пьеса. Қойылымды театрымызда бұған дейін М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясын қойған, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актер, режиссер Бекболат Құрманғожаев Астана қаласынан арнайы шақыртумен келіп, сахналады. Шаниндіктердің таңдауы неге Шекспирге, оның ішінде «Гамлетке» түсті? Театрдың шығармашылық ұжымы ақ өлеңмен жазылған поэтикалық дүниемен жұмыс істеу арқылы әртістердің сахналық сөйлеу қаракетінде шешендік тәсілді айшықтау арқылы ой қуаттылығын қаракетке айналдыруды игеру мүмкіндігіне жол ашты. Әртістің сахнадағы басты құралы – сөз бен ойдың жымдаса отырып сыртқы қаракетке ұласуы десек, иірімі терең поэтикалық тілмен актердің де сахна төрінен көрерменнің көкейіндегісін дөп басу үшін жанталаса өнер көрсетуге мүмкіндігі артады. Екінің бірінің тісі бата бермейтін күрделі қойылымға тәуекел еткен театр ұжымы әртістердің шығармашылық мүмкіндігін шарықтататын туынды арқылы актерлік шеберлікті ұштауды нақты жүзеге асырды.

Әлбетте, мәңгілік сұрақ – болу мен бордай тозудың арасынан ой іздеген Гамлеттей кейіпкерді сахналау (актерлер Р.Нұрманов, Е.Аманғалиев) актер үшін де жауапкершілігі мол сын. Өнер иесі кейіпкерінің кілтін тауып жатса, ол түптеп келгенде, тұтас қойылымның сәтті шығуына септігін тигізеді. Әу баста торғын шымылдықтың ар жағында Дат королінің әруағы тосыннан болған әке өлімін қабылдай алмай арпалысқан ұлына інісі Клавдийдің опасыздығы салдарынан қаза тапқанын айтады. Әке әруағынан естіген шындықтан жан-дүниесі күйзелген Гамлет әділдік орнатарлық шындықты таппақшы. Ең сұмдығы — корольге жасалған қастандыққа Дат елінің королевасы, Гамлеттің анасы Гертруданың (Қ.Байымбетова, С.Жарасбаева) да қатысы болуы! Жайымен түрілген торғын шымылдық көтерілген кезде сахна төбесінен төнген қылыштар тұла бойыңды түршіктіреді. Сахналық шешім (сценографы ҚР мәдениет қайраткері Қ.Жұмақұлов) – пиғылы лайланған адамзатқа ақиқат қылышы опасыздықтың түп-тамырын қимаққа төніп келе жатқандай әсер қалдырады.

Сатқындық пен адалдық арасындағы мәңгілік майданда інісі мен әйелінің бірігіп жасаған опасыздығы жеңіске жетеді. Бірақ, ол жеңіс түбегейлі жеңіс пе? Түпкі түйін кек алудан әлдеқайда күрделіленіп, тіпті, алдыңғы ойды көміп кеткен деуге де болады. Әке әруағы білдірген аяннан күйзелген Гамлет жанын жегідей жеген күмәнді Клавдий мен Гертрудаға ұғындыру жолында өзін жынды етіп көрсетіп, түпкі мақсатын көшпелі актерлердің көмегімен жеткізбекке шешім қабылдайды. Анасының азғындауы салдарынан жан-­дүниесі астаң-кестең болған Гамлет сүйіктісі Офелиядан (А.Әділбекова, Ж.Сарыпбекова) баз кешеді. Шешесі жасаған қылмысты пьесаның қозғаушы күші деуге бола қоймас, десе де, ол психикалық қажеттілікті туындата отырып, қақтығысты сәттердің үздіксіз жалғасуына негіз болды. Гамлеттің көкірегіне жиналған ашу-ыза мен кек өлшеусіз мол. Көрерменнің көңілін селт еткізген қабіршілер сахнасында (ҚР енбек сіңірген қайраткері М.Ілиясқаров, Ұ.Артықбаев) айтылатын: «Өтірік қабірде қалмайды. Ол мен өлсем, сізге көшеді» деген түйін қойылымның өн бойындағы оқиғалар қақтығысына жауап беріп тұрғандай.

Шындық таппай жанталасқан Гамлеттің күресі іште тұншығып, сыртқа шыға алмай, өз ажалына себепкер болып тынды. Королева... Клавдий... Гамлет... Үш бірдей өлік легіне төбеден жайымен сырғи түскен қылыштар жерге қадалып, өн бойынан жарқ етіп шырақтар жанды. Осы сәтті күткендей прожекторлардан түскен қанға боялғандай қызыл түспен үндесіп төбеден құм саулай бастағанда, опасыздықтың ащы салдарынан тұла бойың түршіге «Арамдықтың адымы қысқа» дегенді еріксіз еске аласыз.

2019 жылды Шекспир әлемімен бастаған шаниндіктер көрермендерін жыл соңына дейін жаңа қойылымдарымен қуанта бермекші.

Сая ҚАСЫМБЕК, Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ