Бiздiң аналарымыз ерекше құрмет пен алғысқа лайық

Наурыз 12 / 2019

 

Елбасы Ақордада әйелдер қауымы өкілдерімен «Көктем шуағы» атты кездесу өткізді. Мерекелік жиын барысында Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің барша әйелдер қауымын 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні мейрамымен құттықтады.

 

Мемлекет басшысы еліміздің бүкіл әйелдер қауымын 8 наурыз мерекесімен құттықтай отырып, көпбалалы аналарға қолдау көрсетуге арналған жаңа ауқымды әлеуметтік шараларды жүзеге асырудың маңыздылығын, оларға көрсетілетін көмек көлемі біртіндеп арта беретінін атап өтті.

– Негізінен, бұл қолдау шаралары табысы төмен көпбалалы отбасылар үшін әлеуметтік көмекті күшейтуге бағытталатын болады. Әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар көлемі артып, бюджет саласындағы жалақысы төмен қызметкерлердің еңбек-ақысы өседі, тұрғын үйлер салынады. Сондай-ақ, «Бақытты отбасы», «Құтты мекен» және «Ауыл – ел бесігі» жобалары жүйелі қолдау көрсетуге бағытталған, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев келешек ұрпақты тәрбиелеу ісіндегі әйелдердің айрықша рөліне ерекше баға берді.

– Әлемдегі ең маңызды нәрсе әйелдің қолынан келеді. Ол адамға өмір сыйлайды. Орта есеппен, бір отбасында үш бала тәрбиеленіп отыр десек, бір жылда шамамен 400 мың сәби өмірге келеді. Бала – бір отбасының байлығы мен мақтанышы ғана емес, тұтас елдің баға жетпес капиталы. Сондықтан біздің аналарымыз, әсіресе, көпбалалы аналар ерекше құрмет пен алғысқа лайық. Олар халқымыздың игілігін еселеп, нағыз ерлік көрсетіп отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев әйелдердің ел өміріне белсенді атсалысып отырғанын атап өтті.

– Бүгінде білім беру және денсаулық сақтау саласындағы әйелдердің үлесі 70 пайызға жетсе, қаржы және сақтандыру мекемелерінде ол 60 пайызды құрайды, ал, ауыл шаруашылығында – 45 пайыз. Бизнесте, шығармашылық саласы мен спорт әлемінде зор табысқа қол жеткізген әйелдер аз емес. Біз, яғни еркектер қауымы, сіздерден қалып қоймау үшін ойлануымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Соңында Қазақстан Президенті еліміздің әйелдер қауымы өміріміздің айнасы екенін әрі халқымыздың мінез-құлқы мен ментальділігін айшықтайтынын айтты.

– Біздің міндетіміз – сіздер үшін жасампаз бастамаларыңыздың толық жүзеге асуына жағдай жасау, – деді Елбасы.

Кездесуге Премьер-министрдің орынбасары, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Г.Әбдіқалықова, «Астана-Зеленстрой» АҚ бригада жетекшісі Н.Ермолина, Алматы облысы, Алакөл аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ұ.Дүйсебаева, краншы А.Асмағамбетова, Қостанай облысы, Мичурин ауылдық округінің әкімі В.Клочко, «Qazaq-Oner» қолөнершілер орталығының басшысы А.Жансерікова, ақын, «Жетісу» газетінің тілшісі М.Тәжмағанбетова және тағы басқа 19 әйел-ана қатысты.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ