Оны бақытты еткен шүкiрi мен тобасы

Наурыз 12 / 2019

 

Төлеби ауданы, Алатау ауылдық округіне қарасты Қайнар елді мекенінде тұратын Рыскүл Исаева – төңірекке танымал, сыйлы аналардың бірі. Ері Шәріп Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Марқұм 2008 жылы қайтыс болды. Жасы бүгінде сексен екіге қараған кейуана – өзінен тараған перзенттерінен 50-ге жуық немере, 10-нан астам шөбере сүйіп отырған бақытты ана. Таяуда Рыскүл апаға арнайы сәлем бере бардым.

 

– Біздің балалық шағымыз өте ауыр өтті. Ол кезді қазіргі уақытпен салыстыруға мүлдем келмейді ғой, – деп батыр ана әңгімесін әріден бастады. Көзімізді ашқалы еңбек етіп келеміз. Одан жаман болған жоқпыз. Ата-анамыз еңбекке бала кезден баулып, ерте есейдік. Соғыс жылдарында ер азаматтар әскерге және еңбек армиясына алынып, колхоздың барлық науқандық жұмыстары қарттар мен біз сияқты бала-шағаның мойнына артылды. Ересектерге қолғабыс еттік. Жер жырту, егін егу, қоғамдық малға жемшөп дайындау, астық жинау, масақ теру секілді жұмыстардың біреуінен қалған жоқпыз. Тыстағы шаруаларды тындырып, күнделікті үй тіршілігіне де үлгеретінбіз. Ауылдағы қыз-келіншектер мен кейуаналар майдандағы жауынгерлерге арнап қолғап тікті, шұлық тоқыды. Сондай ауыртпашылығы мол жылдарда жоққа салауат, барға қанағат етіп, тәубе деп өстік.

Шалым өзімнен 10 жас үлкен еді, қас-қабағына қарап, оны пірімдей күттім. Ол шаруашылықтың сан салалы жұмыстарында жүргендіктен көбіне үйдегі бар шаруа мен балалар тәрбиесі менің мойнымда болды. Небір қиын кездер бастан өтті. Кеңестік кезеңнің өзінде де сапалы киім-кешекке қол жете бермеуші еді. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында нан, қант, өсімдік майы сияқты тауарлар тек талонмен таратылып, уақытты сарылып кезекте өткергеніміз бүгін көрген түстей. Алайда, қанша қиындық көрсек те сабырымызды жоғалтпадық, байбалам салмадық, еңбегімізге иек арттық. Қазақ әйелі қашан да ибалы. Көп бала таптым деп ешкімге міндет қылмайды. Біз де алдымыздағы апаларымыз секілді Құдайдың берген перзенттерін қатарынан кем қылмай өсірдік, өндірдік. Ең бастысы, ұл-қыздарымызға дұрыс тәрбие бере білдік. Шүкір, ұлды ұяға, қызды қияға қондырдық. Бүгінде әрқайсысы өзімен-өзі. Шүкір, қазір аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылар Үкіметтің назарында тұр. Арнайы жәрдемақылар мен түрлі әлеуметтік көмек түрлерінің саны артып келеді. Мұның өзі ана мен балаға деген мемлекеттің шынайы қамқорлығы.

Рыскүл апа 14 құрсақ көтерген екен. Бүгінде соның 12-сі өмірден өз орнын тапқан. Сексеннен асқан батыр ана қалған ұл-қыздарының, олардан өрбіген ұрпағының амандығын тілеп отырады. Қуанышты жиындар мен той-томалақта бәрінің бастары түгел қосыла қалса қарашаңырақ шаттықтан теңселіп тұрады. Батыр ана осындайда өзін ерекше бақытты сезініп, Құдайға шүкіршілік етеді.

С.МӘТҚАЛИҰЛЫ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ