Мерекемен құттықтады

Наурыз 12 / 2019

 

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында Ордабасы ауданындағы көпбалалы аналар Нәзира Әлиева мен Айгүл Аязбаеваның үйлеріне барып, оларды мейрамдарымен құттықтады.

 

«Көктеммен бірге жеткен төл мерекелеріңіз құтты болсын! Меніңше, барлық деңгейдегі әкімдер көпбалалы отбасылардың жағдайымен жете танысуы керек. Олармен бетпе-бет жүздесіп, қандай көмек қажет екенін өз ауыздарынан білгені жөн деп ойлаймын. Өздеріңіздей жандарға мемлекет тарапынан қашанда тиісті қолдаулар болады. Жақында Елбасы Н.Назарбаев «Нұр Отан» партиясының съезінде де көпбалалы отбасылардың тұрмыстық жағдайын жақсарту жөнінде Үкімет пен әкімдерге нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Аз қамтамасыз етілген, әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдаудың шарттары жеңілдетіліп, әр балаға 21 мың теңге көлемінде жәрдемақы беріледі. Сіздер секілді батыр аналарымыз көп болсын! Жас қыз-келіншектер өздеріңізден үлгі алуы тиіс. Отбасыларыңызда балалардың саны көбейе берсін. Барша ақ жаулықты аналарымыз бен әпкелеріміздің, қарындастарымыздың отбасыларына амандық, жұмыстарына береке тілеймін» деді облыс басшысы.

Кездесу барысында облыс әкімі аналарға мерекелік сыйлықтар табыс етті.

Айта кетерлігі, Нәзира Әлиева – Ордабасы ауданы, Қажымұқан ауылдық округі, Темірлан ауылының тұрғыны. Отбасында 1 ұл, 5 қыз тәрбиелеп отыр. Айгүл Аязбаева да – осы ауданның тұрғыны. «Күміс алқа» иегері. Жеке кәсіпкер. Ардақты аналар өңір басшысының арнайы құттықтап келгеніне ризашылық білдіріп, Түркістанды өркендету бағытындағы бастамаларына сәттілік тіледі.

Түркiстан облысы әкiмiнiң баспасөз қызметi.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ