Ө.Шөкеев: «Түркiстан таза әрi жасыл қалаға айналуы тиiс»

Наурыз 12 / 2019

 

Кеше Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтіп, онда өңірдегі бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Жиында сөз алған Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев қаланың құрылысы, мемлекет қажеттілігіне қайтарылатын нысандар және инфрақұрылымдық жүйелер, тазалық мәселелері туралы баяндама жасады.

 

«Түркістан қаласының тазалығын қамтамасыз ету мақсатында негізгі 72 көше бюджет қаражаты есебінен тазаланып келсе, биыл ондай көшелердің саны 122-ге көбейді. Қала тазалығын қамтамасыз ету жұмысына «Түркістан-Жарықтазалық» мекемесінен 164 адам, 36 техника жұмылдырылған. Көлік козғалысы және автокөлік жолдарын реттеу арқылы қала тазалығын қамтамасыз етуге толық мүмкіндігіміз бар. Бұл мақсатта 2019 жылы қаламыздағы 62 шақырым жол инфрақұрылымын дамыту үшін 5 көше күрделі, 27 көше орташа жөндеуден өтті.

Қала аумағын көгалдандыру үшін 2018 жылдың күз айында көше бойларына 46 мың түп ағаш егілді» деді қала әкімі.

Сондай-ақ, жиында облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Үсіпәлиев әкімшілік-іскерлік және рухани-мәдени орталықтардағы атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарымен таныстырды.

Баяндамаларды тыңдаған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев тиісті тұлғаларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.

«Түркістан қаласының дамуын басты назарда ұстағанымыз жөн. Саябақтарды суландыру жүйесін жолға қойып, қаланың айналасын тегіс көгалдандыруды қолға алу қажет. Ескі каналды және жер асты суын пайдалану бойынша арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бір апта көлемінде нақты ұсыныс беруді тапсырамын. Түркістанның жері жайлы, мұнда кез келген ағаш жайқалып өседі. Сондықтан да қаланы көркейту, тазалығын сақтау – біз үшін басты орында. Қала айналасындағы «жасыл белдеуді» ұлғайтып, ағаштардың жаңа түрлерін егуіміз керек. Салынатын нысандардың барлығы дерлік өзінің ортағасырлық келбетін сақтауы тиіс. Қала көшелерін кеңейтіп, онда жақсы, жаңа автобустар жүруі қажет» деді облыс басшысы.

Одан өзге облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Арман Сәбитов өңірдегі экономикалық көрсеткіштерге тоқталды.

Басқарма басшысының баяндамасын тыңдаған облыс әкімі кешенді жоспарды қайта жасауды тапсырып, бюджетті жоспарлауға қатысты сын-ескертпелер жасады.

– Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын көздейтін бюджеттік жоспарларда Түркістанға ерекше басымдық берілуі тиіс. Облыс орталығы барлық жағынан өзінің статусына сай дамуы керек. Дегенмен, бюджеттің кіріс бөлігін салықтық түсімдер арқылы көбейту мүлде көңіл көншітпейді. Бұл бойынша жеке жұмыс жүргізетін боламыз. Ал, жол жөндеуге миллиардтаған қаржы бөлінген. Жөнделген жолдың сапасы сын көтермейді. Бюджет қаражатын шашпай, үнемдеп, тиянақты жұмсауды үйрену керек. Нақты жөнделген жолдардың тізімі жасалсын. Түркістан қаласында медициналық орталықтар аз, оларды көбейту керек. Бұл мәселелердің барлығын нақты жоспармен шешу қажет, – деді Өмірзақ Естайұлы.

Түркiстан облысы әкiмiнiң баспасөз қызметi.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ