Тарих белестерi және жарқын жеңiстер

Наурыз 12 / 2019

 

Қайрат Балабиев, Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы

 

Алла алқалап, ата-баба әруағы қолдап, Қазақстан 1991 жылы тәуелсіз мемлекетке айналды. Жер-дүние жаралғалы, қазақ қазақ болғалы сол 1991 жылға дейін Алтай мен Атыраудың арасын ен жайлаған ата-бабаларымыз азаттық үшін қаншама рет атқа қонды, бірде дегеніне жетсе, бірде өкініштен аһ ұрды. Елдескенмен елдесті, жауласқанмен жауласты. Соның бәрі ұрпағым бодан болмаса, бостан ғұмыр кешсе деген арзу арманнан туған әрекеттер еді.

Ұлы Қазан төңкерісінің алдында өткен санақ қорытындысынан кейін Алаштың ардагер ұлы Ахмет Байтұрсынов «Әлхамдулла, 6 миллион қазақпыз!» деп қуанған екен. Басқасы басқа, қоңсымыз өзбек халқының саны сол кезде қазақтардан екі есе кем болған. Белгілі демограф Мақаш Тәтімов басынан соры арылмаған қазақ небір нәубеттерден қырылып қалмағанда бүгіндері 45-60 млн. болар еді дегенді айтады. Салыстырмалы түрде айтайық, түбі бір бауырымыз, патша өкіметінің санағында қазақтан екі есе кем болған өзбек жұрағаты осы күндері отыз миллионға аяқ басты.

Базбіреулер бүгінгі тәуелсіздікті өз аяғымен келді деп қателеседі. Тәуелсіздік – қазақ атауын алған халқымыздың өмір-бойғы арманы еді. Барлық хан, би, батыр-бағландарымыздың сақалына шіркей ұялап, осы тәуелсіздік үшін, осы азаттық үшін ат үстінен түспегенін кәрі тарих біледі.

Тәуелсіздік Құдайдың берген бағы, ал, оны баянды ету – елдіктің белгісі.

АҚШ-тың бұрынғы президенті Джордж Буш КСРО тарап, тәуелсіз мемлекеттер өз алдына шаңырақ көтере бастағанда журналистердің «Осы жас мемлекеттер басшыларының ішінде кім сенімді басшы бола алады?» деген сауалына: «Назарбаев. Ол болашақты алдын ала болжай алады» деп жауап берген екен.

Бүгінгі Қазақстанның әлемде қандай орын алатынын тәптіштеп айтып жатудың қажеті жоқ. Біз бұл биіктерге Елбасының сарабдал саясатының арқасында жеттік. Тәуелсіз мемлекеттің керегесі кең, уығы тік, шаңырағы мықты болуы үшін түрлі мемлекеттік құрылымдар жұмыс істейді. Соның ішінде Қазақстан Парламенті, облыстық, аудандық деңгейдегі мәслихаттардың орны ерек.

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі халық болып табылады. Қоғамды демократияландыру процесінде халықтық биліктің негізгі формалары ретінде жергілікті өкілді органдар – мәслихаттарға және жергілікті өзін-өзі басқару органдарына маңызды роль беріледі.

Мәслихат – халық сайлайтын, халықтың еркін білдіретін және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны жүзеге асыруға қажетті шараларды айқындайтын, сондай-ақ олардың жүзеге асуын бақылайтын жергілікті өкілді орган.

Өз қызметінде мәслихат жалпы мемлекеттік сыртқы және ішкі, қаржылық және инвестициялық саясатқа сәйкес келмейтін шешімдер қабылдауға жол бермейді. Қызметтің қоғамдық маңызы бар салаларында белгіленген жалпы мемлекеттік стандарттарды ұстанады, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етеді.

Мәслихат өз өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Заңнамасына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға, Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламенті мен Үкіметінің актілеріне, сондай-ақ мәслихат жұмысының регламентіне сәйкес жүзеге асырады.

Биыл кешегі Оңтүстік Қазақстан облысы, бүгінгі Түркістан облыстық мәслихатының құрылғанының айтулы мерейтойы есік қағып тұр. Осыған байланысты елдік тарихымыздың жарқын беттеріне бір үңіліп қою артықтық етпейді. Мұның өзі облыстық мәслихаттың алтын дәуірінен толық хабар береді десек, жаңылыспаған болар едік.

1993 жылдың 10 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі қоғамды демократияландыру, билік пен халық арасындағы байланысты нығайту мақсатында «Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді және атқарушы органдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдады. Бұл Заң елдегі жергілікті басқару жүйесін, жергілікті өкілді және атқарушы органдар құзыретін, оларды құру және қызметін ұйымдастыру тәртібін айқындап берді. Осы Заңға сәйкес жергілікті мемлекеттік басқару органдарының құрылымы мен атауы, қызметінің мән-мазмұны, құзыреті өзгерді. Жергілікті атқарушы органдар иерархиялық бағыныстылық тәртібімен біртұтас атқарушы органдар жүйесін құрай отырып, жергілікті мемлекеттік басқарудың бір тармағы болса, Мәслихаттар-Депутаттар жиналысы халықтың атынан өкілдік ететін жергілікті мемлекеттік басқарудың ұйымдық-құқықтық тұрғыдан дербес институты болып белгіленді.

Мемлекеттік басқару жүйесіндегі осындай қайта құрулардың нәтижесінде 1994 жылғы 7 наурызда тұңғыш рет еліміздің жергілікті өкілді органдарына – мәслихаттарға депутаттар сайлауы өткізілді. Түркістан облыстық мәслихаты-депутаттар жиналысының депутаттарын сайлау үшін облыс бойынша 977389 азамат тіркеліп, олардың 783771-іне бюллетень берілді. Сайлауда 783671 адам дауыс берді, ол сайлаушылардың жалпы санының 80,2 пайызы еді. Сайлаудың қорытындысы бойынша 47 сайлау округінен алдын ала тіркелген 130 кандидаттан 47 адам депутат болып сайланды. Оның 38-і қазақ, 4-еуі өзбек, 3-еуі орыс және 2-еуі украиндық еді. Бұл таңдаулы топ мүшелерінің мамандығы да, оларды ұсынған ұжымдардың құрамы да әртүрлі болатын. Оған қоса, бұл сайлауларда аудандық мәслихаттарға – 358 депутат, қалалық мәслихаттарға 109 депутат сайланды.

Бірінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихаты-депутаттар жиналысының алғашқы сессиясы 1994 жылғы 29 наурызда өтті. Бұл күн Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы Түркістан облыстық мәслихаты жылнамасының жаңа парақшаларын ашып берді. Бірінші сессияға облыс әкімі Зауытбек Қауысбекұлы Тұрысбеков және оның орынбасарлары, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері, қалалық және аудандық әкімшіліктердің әкімдері, облыстық ұйымдардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылды.

Бірінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының хатшылығына Қуанышбек Көлбайұлы Бөлтаев сайланды.

Бірінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының бірінші сессиясында бюджет, экономикалық және әлеуметтік даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия, мемлекеттік-құқық мәселелері, заңдылықты, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау жөніндегі тұрақты комиссия, әкімшілік-аумақтық құрылыс және қоғамдық өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия, депутат өкілеттілігі және депутат этикасы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия және тексеру комиссиясы құрылды.

Бірінші шақырылымның (1994–1999 жж.) депутаттары үшін бірінші кезекте тұрғындарды әлеуметтік қорғау, мұқтаж адамдарға: зейнеткерлерге, ардагерлерге, мүгедектерге, материалдық жағдайы төмен адамдарға адрестік көмек беру мәселелері тұрды. Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары кез келген мәселені талқылау барысында ең алдымен тұрғындардың барлық топтарының мүдделерін ескерді.

Бірінші шақырылымдағы облыстық мәслихат – депутаттар жиналысының бюджетті дамыту, экономикалық және әлеуметтік даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болып Орынбай Рахманбердиев сайланды. Мемлекеттік-құқық мәселелері, заңдылықты, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағалығына – Мұрат Жұрынов, әкімшілік-аумақтық құрылыс және қоғамдық өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағалығына –

Кирюхин Юрий Георгиевич, депутат өкілеттілігі мен депутат этикасы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағалығына – Байдәулетов Иманәлі Оспанұлы, тексеру комиссиясының төрағалығына – Добрица Павел Гаврилович сайланды.

Бірінші сессияны жүргізген облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әмірсейіт Әлиев облыстық мәслихаттың сайланған депутаттарына арнап сөз сөйледі. «Құрметті халық қалаулылары, елдің игілігі үшін берік шешім қабылдаған және біздің мемлекетіміздегі тыныштық пен игілікті сақтау жолына түскен азаматтар, сіздер өз қолдарыңызға алған шаруа – жаңа, жауапты және тарихи іс. Бұған дейін бізге де, біздің ата-бабамызға да ешқашан кәсіби Парламентпен және мәслихатпен істес болу бұйырмады. Енді кәсіби Парламентті және депутаттар жиыны – мәслихатты құру мен қалыптастыру, сондай-ақ оның ырғақты дамуы мен тиімді қызметіне қол жеткізу бақыты сіздерге бұйырып тұр. Сіздерге тәуелсіз, егеменді мемлекеттің еркін дамуына жарқын жол ашатын жаңа кезеңдер мен құбылыстардың бастамашысы және көшбасшысы болу құрметі тиді...» деп еді сол кезде Әмірсейіт Әліұлы.

Міне, сол тарихи оқиғалардан бері де табаны күректей 25 жыл өтті. Халық сайлаған облыстық мәслихат депутаттарының барлығы дерлік сайлаушыларының аманатына берік, адал болды.

Олар хал-қадерлерінше ел өміріндегі күрмеулі мәселелердің шешілуіне жәрдемдесті.

Облыстың жергілікті өкілді органдарында оның бірінші шақырылымынан бастап бүгінгі таңға дейін 3592 сессия өткізіліп, облыстық мәслихат депутаты ретінде – 313 адам, қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаты ретінде 1620 адам жұмыс істеді.

Бүгінгі таңда облыстық мәслихат және 16 аудан, қала мәслихаттары жұмыс істеуде. Депутаттық корпус 289 адамды құрайды, оның ішінде 15-і – әйел депутаттар.

Уақыт пен тарих кеңістігіндегі өлшеммен 25 жыл деген аз ғана мерзім болғанымен, еліміз осы кезең ішінде талай белестерді бағындыра білді. Ірі экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізілді. Еліміздің осынау жарқын жеңістерінде жергілікті өкілді органдардың да қосқан үлесі зор. Сөзіміз дәлелді болу үшін аймақтың 1991 жылдан бергі жағдайын таразыға салып, сараптама жасап көрейік.

Бәрімізге белгілі, егемендік алған тоқсаныншы жылдары ел экономикасы тұралап, тығырыққа тіреліп тұрған кез болатын. Барлық өңірлермен қатар Оңтүстік Қазақстан облысы да ауыр жағдайларды бастан кешірді. Бұл электр энергиясы, газ, ауызсу, жылу проблемасы халықты әбден қажытқан жылдар еді. Ұлттық валютамыз қолданысқа енген 1993 жылы облыстың бюджеті 379,9 млн. теңгені құраған болса, 25 жылда ол 565,1 млрд. теңгеге жетті. 1993 жылғы облыстың бюджетінде әлеуметтік салаға 220,9 млн. теңге көзделген болса, 25 жылда ол 341,2 млрд. теңгені құрады.

Тәуелсіз 25 жыл ішінде еліміз жедел қарқынмен дамып, әлемдік экономикалық аренада өзін танытып, мойындата білді.

Бұл ширек ғасыр ішінде ғана қол жеткізілген жетістіктерді 2018–2019 жылдар межесімен есептейтін болсақ, тағы да көңіл тоғайтатын өсімдер алдымыздан шығады.

2018 жылдың қортындысы бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 1103,9 млрд. теңге сомасында қалыптасты. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 3,9 пайызға артық.

Ал, өнеркәсіп өнімі 453,8 млрд. теңгеге жетті. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 48,1 млрд. теңгеге көбейгендігі дамудың жаңа деңгейінде келе жатқандығымызды аңғартады.

Елбасымыздың шағын және орта кәсіпкерлікке ерекше назар аударып отырғандығы бәрімізге белгілі. Осы ретте Түркістан облысында кәсіпкерлік субъектілерінің саны 130 804-ке жетті. Бұл – республика бойынша екінші көрсеткіш.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар 288,1 млрд. теңгеге жетті. Осы мақсатта құрылған «Turkistan Invest» компаниясы инвестициялық әлеуетті ұлғайтуда табысты жұмыс істеуде.

Облыста мемлекеттік қолдау бағдарламалары жақсы қарқын алды.

Халық қалаулыларының сайлаушыларына және мемлекетке қалай еңбек сіңіргенін аға буын мен бүгінгі буын арасынан марқұм ағамыз Манап Өтебайұлы мен алаштың ардақтысы Серікжан Сейітжановтың атқарған қызметтері арқылы аңғаруға болады.

Манап Өтебаевтың тікелей ұйымдастыруымен 1976 жылы Шымкент гидромелиоративті-құрылыс техникумының жанынан құрылған «Мелиоратор» футбол командасы КСРО-ның ІІ лигасында ойнап, ел намысын қорғады.

Тоқсаныншы жылдардың басындағы қиын-қыстау кезеңде Манап Өтебайұлы Шымкенттегі Орталық стадионды колледждің балансына алып, оны халық игілігі үшін сақтап қалғанын облыс халқы әлі ұмыта қойған жоқ.

Манап аға екі мәрте облыстық мәслихаттың депутаты болып, облыс тұрғындары мен сайлаушыларының әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуде де бар күш-жігерін жұмсады.

Манап Өтебайұлының меценаттығы, оқу орнының басшысы және азамат ретінде жасаған қайырымдылық іс-шаралары оның өмірінде ерекше орын алды. Колледж ұжымының қамқорлығында облыстың 5 бірдей балалар үйі болды. Манап Өтебайұлы осы балалар үйінің тәрбиеленуші жастары болашақта мамандық алу үшін колледжде оқуына барынша мүмкіндік жасады. Ол өзінің жеке қаржысы есебінен №3 балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан ұл балалардың жыл сайын сүндет тойын өткізіп отырды. Сонымен қатар, 7 жетім баланың өкіл әкесі атанып, осы балалардың барлығына да банктен жеке есепшот ашып беріп, өз қаржысынан ақша аударып отырды.

Манап Өтебаев еліміздегі түрлі қайырымдылық іс-шаралардың ұйымдастырушысы әрі демеушісі ретінде бүкіл республикаға кеңінен танылды. Оның еңбегі 1999 жылы ЮНЕСКО тарапынан жоғары бағаланып, осы халықаралық ұйымның Алтын медалімен марапатталды.

Ал, биылғы жылдың ең үздік кәсіпкері атанған Серікжан Сейітжановтың өнегелі істерін Елбасымыздың өзі үлгі ретінде кәсіпкерлерге үнемі айтып отырады.

1964 жылы еңбек жолын бүгінгі Отырар, кешегі Қызылқұм ауданындағы «Шілік» кеңшарында тракторшы болып бастаған Серікжан Сейітжанов адам баласы жанын аямай еңбектенсе, білім іздесе алмайтын асуы жоқ екендігін іс жүзінде дәлелдеген жан. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтардан ел қиналып, бюджеттің аз қаржысы етектен тартса басқа жетпей жатқан уақыттары Серікжан Сейітжанов Шілік ауылына бүгінгі заман талабына сай етіп мектеп салып берді. Мешіт тұрғызды. Қазақтың азаттығы үшін жанын аямаған аяулы ұлдарына ескерткіш көтерді.

Өз сайлаушыларының аманатынан бөлек, өз қаржысына ол көтерген балабақша, мектеп, спорт алаңшаларын санап беруге бүгінде он саусақтың өзі аздық етеді. Елге еңбегі сіңген азаматтарымызды әрі қарай жүлгелесек олардың қатары әрине, көп. Мерейтой қарсаңында олардың бір парасының аты-жөнін атағанымыз артық емес деп ойлаймын.

Мәселен, облыстың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына Серікжан Сейітжановпен бірге Әбілқасым Досболов, Рахым Тәңірбергенов, Дулат Әбіш, Сәду Бекенов, Өмірзақ Мелдеханов, Лесбек Ташимов, Қайрат Сапарбаев, Талғат Баймаханов, Шәріпбек Жамалбеков сынды халық қалаулылары елеулі еңбек сіңірді.

Ал, жол, көпір салу және әлеуметтік нысандар бағдарламаларына Рәшкүл Оспанәлиева, Қайрат Молдасейітов сияқты депутаттарымыз белсенді үлес қосса, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасын іске асыруда Дәурен Ахметов, Жаңабай Ағабеков, Мұрат Төлтебаев, Бекасыл Төлендиев, Алмас Сәлімов, Әсет Қайыпбеков сынды депутаттар азаматтықтың жарқын үлгісін көрсетті.

Қазақстан – аграрлы ел. Елбасы агрокешендерді дамытуды еліміздің үлкен болашағы ретінде қарастырып отыр. Мемлекет Басшысының идеяларын іс жүзіне асыруға Нұрәлі Әбішев, Нұржан Әшіров, Бақытжан Серманизов және Үмбет Жүсіпбаев сынды депутаттарымыздың қайраткерлік танытып жүргендіктерін ерекше айтқан жөн.

Жуырда облыс әкімінің бастамасымен және облыстық мәслихаттың жас бизнесмен депутаттары М.Төлтебаевтың, Ә.Қайыпбековтің, Қ.Сүлейменовтің және Ж.Ағабековтің қолдауымен 7 бала тәрбиелеп отырған ана, Мемлекет Басшысының қатысуымен Астана қаласында өткен Жастар форумының қатысушысы Жазира Тұрғыноваға Төлеби ауданының Ленгір қаласынан 4 бөлмелі жер учаскесі бар үй сатып алып берілді.

Оның сыртында аты аталмай қалған барлық халық қалаулыларының өз сайлау округтеріндегі тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларға үнемі қайырымдылық көмек көрсетіп келе жатқандықтарын мақтанышпен айтуға болады.

2017 жылы облыстық мәслихат депутаттары Астанада өткен ЕХРО–2017 халықаралық көрмесін тамашалау үшін 68 млн. теңгеден астам жеке қаражаттарына 17 мың билет сатып алып, оларды өз сайлау учаскелеріндегі ардагерлерге, мүгедектерге, аз қамтамасыз етілген отбасыларға тегін таратып, Астана қаласына барып келуін қамтамасыз етті.

Бір сөзбен айтқанда, облыста халық сайлаған депутаттардың ешқайсысы да елдік мәселелерден сырт қалған емес.

2018 жылғы 5 маусымда облыстық мәслихат Шымкент қаласын республикалық маңызы бар қалалардың санатына жатқызу және Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығын Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшіру туралы Үкіметке ұсыныстар енгізу жөнінен тарихи шешім қабылдады.

Нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2018 жылғы 19 маусымда №702 Жарлыққа қол қойды. Аталған Жарлыққа сәйкес Түркістан облысы құрылып, орталығы Түркістан қаласына көшірілді, ал, Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілді.

Облыстық мәслихаттың 2018 жылғы 20 ақпанда өткен сессиясында Мақтаарал, Сарыағаш аудандарын екіге бөлу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметіне ұсыныс енгізу жөнінде №20/237-VІ шешім қабылданды.

Атқарылған осындай жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 5 маусымдағы №698 Жарлығы қабылданып, әкімшілік орталығы Жетісай қаласы болатын Жетісай ауданы, әкімшілік орталығы Мырзакент кенті болатын Мақтаарал ауданы, сонымен қатар әкімшілік орталығы Сарыағаш қаласы болатын Сарыағаш ауданы және әкімшілік орталығы Абай ауылы болатын Келес ауданы құрылды.

Облыстың әкімшілік-аумақтық құрылысындағы осындай өзгерістер өңірді тиімді мемлекеттік басқару мен қарқынды дамыту тұрғысында қабылданған маңызы зор тарихи шешімдер болды деп нық сеніммен айта аламыз.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Мемлекет басшысы: «Біз – бір ұлтпыз! Біз – бір халықпыз! Бір елміз! Осыны сақтап қалсақ он жылдан кейін Қазақстан бүгінгі қиыншылықтың бәрінен арылып, жыл сайын алға адымдап басатын жолға түседі» деген еді. Осы оймақтай ой уақыт өте өмір шындығына айналды. Елбасы депутаттар хақында «Мен депутаттардың қашанда тарихи оқиғалар биігінен көріне алатынына сенемін. Меніңше, Сіздер жергілікті атқару органдарымен тығыз байланыста, заң актілеріне сәйкес «Қазақстан–2050» Стратегиясын жүзеге асыруды қамтамасыз етуге қажеттінің бәрін жасай аласыздар. Бір нәрсені ұмытпау керек: бірліксіз молшылық, келісімсіз бақыт болмайды. Біздің басты байлығымыз – халықтың бірлігін сақтап, жоғарғы мақсаттарға қарай ұмтылу. Бұл мақсаттарға жету үшін сіздер заңдық негіздер жасайсыздар. Мен сіздердің халық қалаулысы деген биік те мәртебелі атаққа лайықты болатындарыңызға сенемін. Қазақстанды дамыту жолында дұрыс шешімдер қабылдауда табыс тілеймін» деген болатын.

Мемлекет Басшысының сенімі бәрімізді қанаттандырады. Ел ішін ала тайдай бүлдіруге тырысатындар әлемдегі барша мемлекеттерден табылады. Оған дер кезінде тоқтау жасау керек. Отанымыз бүгінгіден де қуатты, тұғыры биік мемлекет болуы үшін барлығымыздың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруымыз маңызды болмақ дей отырып, барша әріптесімді бүгінгі мерекемен құттықтаймын.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ