Әлеумет 0 пікір 0 лайк

Ауыл өз бюджетiн қалай игердi?

Наурыз 12 / 2019

 

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Ońtústik Qazaqstan».

Жоғарыдан бөлінетін қаржыны күтіп, ауданға жалтақтап отыратын кейбір ауыл әкімдері бұрынырақта «ортақ бюджет құлаш сермеуге мүмкіндік бермейді. Шіркін, қаржы билігі қолға тисе...» деп армандайтын. Осыны ескерді ме, Үкімет жаппай болмаса да ішінара ауылдық округтердің бюджетін есептеп, онымен жұмыс істеу билігін өз қолдарына берді. Салықтың бірнеше түрінен түсетін қаржыға ауылдықтар енді өздері би, өздері қожа. Жаңа жүйенің арқасында жоғарыға алаңдамай, елді мекеннің олқы тұстарын, кемшін шаруасын керте алатындай мүмкіндікке ие болды. Міне, одан бері де бір жылға жуық уақыт өтті. Нәтиже қандай?

 

10 мыңнан аса тұрғыны бар Созақ ауылы – өз қазынасына айтарлықтай кіріс кіргізген ауылдардың бірі. Жалпы, Созақ ауданында 12 ауыл болса, Тасты мен Шу ауылдарынан басқасына былтыр өз алдарына бюджет берілген. Айта кетейік, төртінші деңгейлі бюджетте сол жердегі кәсіпкерлерден, жол бойындағы сыртқы жарнамадан түсетін, мүлік, жер, көлік салықтары сынды жеті түрлі салық қарастырылған. Бұдан бөлек, әкімшілік айыппұлдан, жеке және заңды тұлғалардың салымдарынан, коммуналды меншіктегі мүліктерді жалға беруден түсетін салықтық емес түсімдер бар. Олар да жергілікті бюджеттің кірісі болып саналады. Мәселен, Созақ ауыл округі бойынша өткен жылы 20 миллион теңгеден астам салық жиналса, одан бөлек 3 миллионға жуық теңге көлемінде салықтық емес түсімдер түскен. Егер екеуін қоса есептесек, созақтықтар өз бюджетінің едәуір бөлігін өздері тапқан қаржы есебінен қалыптастырған. Созақ ауыл әкімінің уақытша міндетін атқарушы Жомарт Байкөбековтің сөзіне қарағанда, салықтық түсімдерді арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілген.

– Ауыл бюджеті негізінен жергілікті маңызы бар өзекті мәселелерді шешуге және азаматтардың сол мәселелер бойынша шешім қабылдау үдерісіне қатысуына мүмкіндік беріп отыр. Осылайша өз бюджетіміздің есебінен жолдарды күтіп ұстауға, абаттандыру, жарықтандыру жұмыстарын реттеуге, сонымен қатар тазалық жұмыстарын жүргізуге жол ашылды. Ауыл тұрғындарының сұранысына сай былтыр біраз жұмыстар атқарылды. Олардың ішінде Көктөбе елді мекеніне барар жолдағы Тастақсай су арнасына көпір салу, Ыбырай елді мекенінен кіші футбол алаңшасы мен 2 шақырымға асфальт төсеу жұмыстары бар. Бұдан бөлек, Созақ ауылындағы бір көше орташа жөндеуден өткізіліп, ауылдың орталық көшелеріне абаттандыру жұмыстары жүргізілді, – дейді Жомарт Жолдасұлы.

Негізі бюджет кірісі салықтан құралады десек, оның көлемін арттыру үшін кәсіпкерлердің қатарын көбейту қажет. Ал, ауылда бұл үрдіс әлі қарқын алып кете қоймаған. Оған себеп – «көлеңкелі» экономика. Әкімдіктегі мамандардың айтуынша, ауылда «көлеңкелі» бизнестің аясында жүргендер де жоқ емес. Мәселен, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей, таксист болып, не көлігін жалға беріп, тасымалмен, малды алып-сатумен, тағы да сол сияқты кәсіптермен айналысып жүргендер көп. Бұдан өзге монша жағып, шаш қиып қызмет көрсетіп отырғандар да бар.

Жомарт Байкөбеков мұнымен тек жергілікті әкім не әкімдік қызметкерлерінің күресуі жеткіліксіз деп санайды. Сол себепті оған жергілікті қоғамдастық өкілдерінің де үлес қосқандары жөн. Олар халықтың арасынан шыққан, тіпті тұрғындардың өздері сайлаған жан болғасын «көлеңкелі» бизнесте жүргендерге жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің маңыздылығын, одан түсетін салықтың ешқайда кетпейтінін, тек ауылдың қажетіне жұмсалатынын қарапайым тілмен түсіндіруі қажет. Иә, «Тура биде туған жоқ» деген қағидатты ұстаным етпей, бюджеттің бүйірі шықпайтыны белгілі. Сондықтан қоғамдастық мүшелері бұл істе белсенді болуы қажет. Сонда ғана жергілікті бюджеттің кірісі еселеніп, оны ауыл үшін ең өзекті мәселеге бағыттай алады.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ