«Мен бармын!»

Наурыз 12 / 2019

 

Дилара БИМЕНОВА, «Ońtústik Qazaqstan».

Ерікті Әйгерім Жұмағалиева өзінің фейсбук парақшасындағы хештегін осылай #менбармын деп атапты. Неге? Бұл туралы сәл кейінірек. Алдымен кейіпкеріміздің өзі туралы айта кетейік.

 

Қазір бала тәрбиесімен үйде отырғандықтан Әйгерімнің мамандығы бойынша жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ. Соған қарамай, ол қоғамның дамуына өз пайдасын тигізуді ойлайды. Естеріңізде ме, қайбір жылдары «Нұрсәт» шағынауданындағы балалар ауруханасының қабырғаларына суреттер салынған болатын. Осы бастаманы алғашқылардың бірі болып көтерген біздің кейіпкеріміз – Әйгерім.

Психологтардың айтуынша, балалар ауруханасының қабырғаларында ертегі мен мультфильм кейіпкерлерінің бейнесі болуы тиіс. Бұл науқас бүлдіршіндердің көңіл-күйін көтереді. Көптеген аурухана басшылары осы талапты орындау үшін интернеттегі дайын суреттерді принтерден шығарып алып, қабырғаға іліп қоя салады. Әйгерім қабырғаға суретті қолмен салу керектігін, лажы болса бұл іске науқас балалардың да атсалысқаны жөн деген ұсыныс тастады.

– Телеарналардан «Қасиетті жол» деп аталатын қоғамдық қайырымдылық қордың Астана қаласындағы ауруханалардың қабырғаларына сурет сала бастағанын естігенде, мұндай шара еліміздің барлық өңірінде жалғасын табуы керек деп ойладым, – дейді ол.

Игі іс жасауға құштар Әйгерім Зиналабдинқызы бұл идеясын «Қазальянс» қоғамдық бірлестігінің өкілдеріне айтады. Солармен бірлесе отырып, үлкен жоспар түзеді. Алдымен Шымкенттегі жастар ресурстық орталығында тегін ағылшын курсын ашады. Оған қатысушылардың қатары күн санап арта бастайды. Әйгерім шет тілін меңгеруге келген жастарды балалар ауруханаларына сурет салуға шақырады.

– Балалар ауруханасының «онкология», «нейрохирургия» бөлімшелеріндегі науқастар басқа бөлімшелердегі сәбилерге қарағанда ұзағырақ емделеді. Аурухана басшыларының рұқсатымен қабырғаларға сурет салу жұмысын осы бөлімшелерден бастауды жөн көрдік. «Қазальянс» қоғамдық бірлестігі бізге жеңіл жейделер берді. Менің күйеуім құрылыс саласында жұмыс істейді. Ол сапалы бояуларды арзан бағада сатып алуымызға көмектесті. Оған небәрі 10 мың теңге жұмсадық. Қарап отырсаңыз, мұндай шаруаларды атқаруға айтарлықтай көп қаражат кете қоймайды. Есесіне, майлы бояулармен салынған сурет қағаздағыға қарағанда ұзақ сақталады. Әрі әсерлі болады. Кейіннен бұл істі Түркістан облыстық жастар ресурстық орталығы ары қарай іліп әкетіп, аудандық ауруханалардың да балаларға арналған бөлімшелері безендіріле бастады, – дейді кейіпкеріміз.

Ерте жүктілік мәселесі де бүгінде өзекті. Оның алдын алу мақсатында мектептерде, арнаулы және жоғары оқу орындарында тәрбиелік шаралар өткізілуде. Дегенмен, оған көпшіліктің көңілі тола бермейтіні рас.

– Негізінен көзбен көрген ақпарат тез есте сақталады. Сондықтан, мұндай шараларға осындай жағдайға душар болған «Аналар үйіндегі» қыздарды шақырту қажет. Олар беттеріне бетперде киіп отырып, бастарынан өткерген қиындықтары туралы айтатын болса, онда біз жасөспірімдерге мұның дұрыс емес екенін түсіндіре аламыз. Алайда, менің бұл ойым іске аспады. Оң жақта отырып опық жеген қыздардың бірі аяғы ауыр, екіншісі баласы әлі кішкентай болғандықтан «Аналар үйінен» сыртқа шыға алмайтындықтарын айтты, – дейді Әйгерім.

Осыдан кейін кейіпкеріміз қысқаметражды фильм түсіріп жүрген жігіттерге өтініш білдіріп, бейнеролик жасауға кіріседі. Сөйтіп, «Аналар үйін» және ондағы қыздардың тағдырын таспаға түсіреді. Сала мамандары қазіргі таңда осы бейнероликтерді өз жұмыстарына жиі қолдануда.

Әйгерім мұндай шараларды атқарғаны үшін ешкімнен ақы талап еткен емес. Өйткені, ол – қоғамға тигізер пайдасы орасан зор осындай жұмыстарды жүргізгенді жаны сүйетін ерікті. Жақында кейіпкеріміздің бала ұрлаушылардың алғашқы әрекеттерін баяндайтын бейнеролик түсіргенін де айта кетейік.

Қазір Әйгерім «Қасиетті жол» қоғамдық қайырымдылық қорының Шымкенттегі филиалында ашылған оңалту орталығында жүріп-тұруы қиын бүлдіршіндерді өмірге бейімдеумен айналысады. Сонымен қатар, ол әлеуметтік желіде #менбармын деген хештегпен мүмкіндігі шектеулі балалардың шығармашылық жұмыстарын насихаттап жүр. Бір оқушысының 20 күнде қолына қасық ұстап үйренгенін өзінің ең үлкен жетістігі деп білетінін айтты. Жеңісің мен осындай жетістіктерің көп болсын, Әйгерім!

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ