Экономика 0 пікір 3238 лайк

Кәсiппен айналысыңыздар, келiншектер!

Наурыз 07 / 2019

Сiздерге мемлекеттiң көмегi әзiр

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Ел Конституциясы кепілдік берген еркіндіктің арқасында бизнеске мойын бұрған қыз-келіншектер қатары артып келеді. Бұл, әрине, жағымды құбылыс. Өйткені, әйелдің әрбір ісінен берекені, жылылықты, нәзік иірімдерді аңғаруға болады. Сол үшін болса керек, әйел адам басқарған бизнес көбінде табысты, тұрақты, қайыры мол болып келеді. Оның үстіне отбасын асыраудағы бар жауапкершілікті мойнына жүктеген тоқсаныншы жылдардағы қиындықтар салған үрдіс әлі де әйелдердің бойынан кетпеген. Бойында басқа түскен ауыртпалықты қайыспай көтере білетін қасиеті бар қазақтың аналары шиеттей бала-шағасын бағу үшін кәсіптің қай түрін болсын ұршықша иіріп әкетуге әзір.

Көп бейнетті, үлкен тәуекелшілдікті талап ететін бизнес те әйелдердің айналысатын негізгі кәсібіне айналғалы қашан. Ресми мәліметтерге жүгінсек, Түркістан облысында 134 мың кәсіпкер бар. Соның 42 мыңға жуығы немесе 30 пайыздан астамы әйелдер екен. Сондай-ақ, бүгінгі таңда мемлекет те нәзікжандылардың бизнес саласындағы үлесін арттыруға мүдделі болып отыр. Осыған орай, әртүрлі бағдарламалар қабылданып, соның негізінде арнайы жеңілдетілген несиелер беріліп жатыр. Мәселен, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» арқылы кәсіпкер әйелдер арзан пайызбен өзінің бизнесіне арнап несие ала алады. Сонымен бірге былтыр Қазақстан іскер әйелдер кеңесі Халық банкімен меморандумға отырып, нәтижесінде банк әр кәсіпкер әйелге 5 пайыздық жеңілдікпен 10 млн. теңгеге дейін несие беруге шешім қабылдап, осы мақсатқа орай қазынадан 2 млрд. теңге бөлген. Мәселен, Түркістан облысында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандардағы филиалында «Бастау» бағдарламасы бойынша бір ай тегін курс оқып, берілген сертификат негізінде «Дамудан» 240 мың мен 2 млн. теңге аралығында грант ұтып алып, өзінің жеке кәсібін ашқан қыз-келіншектер өңірімізде өте көп. Мәселен, сайрамдық Әсел Жақсылық «Бастау» бағдарламасы бойынша 1 ай бизнестің негіздерінен тәлім алып, «Даму» арқылы берілген 240 мың теңге гранттың ақшасына тігін шеберханасын ашқан. Онда ұзатылатын қыздың жасауын жасап, құрақ құрап, көрпе, жастық тігеді. Түркістандық Гүлбахар Жакеева да 200 мың теңге грант қаржысына балмұздаққа арналған қондырғы сатып алған. Бүгінде балмұздақ саудасымен айналысып, кәсібінің арқасында отбасын асырап отыр. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» негізінен инновациялық немесе ауылда әлі қолға алынбаған жобаларға қарай грант береді. Және грант көлемі жобаның маңыздылығы мен ауқымына байланысты 2 млн. теңгеге дейінгі соманы құрайды. Сондай-ақ, Сайрам ауданынан Сағадат Каримова да робот құрастыру үйірмесін ашу ниетімен грант ұтып алған. Қазір ол «Skill pro» компаниясын басқарады. Аталмыш үйірмеде балалар мен үлкендер әуеде ұшатын дрондар мен басқа да роботтарды құрастыруды үйренуде. Сонымен бірге, Темірлан ауылынан Александра Трищина мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларды оқытатын «До-ре-ми» оқу орталығын ашқан. «Бастау» курсында білім алған жас кәсіпкер әйелдерге тек грант емес, қомақты көлемде несие де беріледі. Мысалы, түркістандық Тахиба Қошқарова «Аграрлық несие корпорациясынан» жылқы бордақылау ісіне 3 млн. теңге, ал, Гүлнара Маметова жүк тасымалдайтын көлік алу үшін 12 млн. теңге несие алған.

P.S. Міне, кәсіпкер болуды қалаған жандар, оның ішінде қыз-келіншектер мемлекет тарапынан ұсынылған осындай жәрдем түрлерін алып отыр. Кез келген әйел кәсіпкерлер палатасының аудандардағы филиалына барып, өтініш білдіріп «Бастау» курсына жазылуына болады. Айтпақшы, оған өтініш қабылдау жуырда басталды. Сондықтан ауылынан әсемдік салонын, наубайхана, тігін шеберханасын, басқа да халыққа қызмет көрсететін кәсіпкерлік нысан ашқысы келетін қыз-келіншектер уақыт өткізіп алмай, өтініш білдіргені жөн.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ