«Оларды ошақ қасынан көргiм келедi»

Наурыз 07 / 2019

 

Дамира МОЛДАНАЗАРОВА, «Ońtústik Qazaqstan».

Тар қапас, суық бөлме. Адам жанын түршіктірер түрмеде түрлі тағдыр иелері тіршілік кешіп жатыр. Бірі жаза басса, енді бірі күнкөріс қамымен біреудің ала жібін аттауға мәжбүр болған. Енді біреулері кәдуілгі қылмыскерлер... Қалай десек те, түзеу мекемесіндегілер де – қырмызы қыз, аяулы қарындас, ардақты ана, сүйікті жар. Араларында бостандыққа шыққан соң қалған өмірді отбасымен өткізуді армандайтындары көп. Ал, кейбірі өмірден баз кешіп, барлық тіршілік осымен түгесілді деп санайды.

 

Сотталғандардың түзеліп шығып, қайта шалыс баспауы үшін тура жол нұсқап, келер күнге үміттендіруде аянбай етіп жүрген жандардың бірі – Айнұр Әділбекова. Ол қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты ИЧ-167/4 мекемесінің басшысы, Түркістан облысы бойынша түзеу мекемесін басқарып отырған жалғыз әйел.

– Бұл әйелдердің қатаң режимдегі түзеу мекемесі болғандықтан мұнда ауыр қылмыс жасағаны үшін сотты болғандар қамалады. Әрине, бақытын «отбасы, ошақ қасынан» табатын әйелді абақтыдан көру ауыр. Олардың мұңды көздеріне қараған сәтте барлығын бостандыққа жібере салғым келеді... Әттең, бұл менің қолымнан келмейді. Мен тек темір тордың ар жағындағы әйелдерді өмірге жігерлендіріп, мейірімділік таныта аламын. Жазасын өтеуші қыз-келіншектер тағдырларына өкінгенімен, уақытты кері қайтару мүмкін емес. Әрине, ер азаматқа қарағанда әйел затын түсіну қиынырақ. Ғұламалар «Әйел жеті қазынаның бірі ғана емес, біріншісі» деген екен. Сол жеті қазынаға қосқан қасиеттілеріміздің кейбірінің өмірлерін темір тордың ар жағында өткізіп жатқандары жаныма аяздай батады. Кейде олар жан сырларын жайып салып, менімен ұзақ әңгімелескенді қалайды. Мені өздеріне медет санайтын секілді, – дейді Айнұр Бағланбекқызы.

Айнұр Әділбекова iшкі істер органдарының қылмыстық-атқару жүйесінде 2002 жылдан бастап қызмет етіп келеді. Еңбек жолын қатардағы полиция қызметінен бастаған ол қазіргі таңда әділет подполковнигі дәрежесіне дейін жеткен. «ҚАЖ үздік қызметкері», «ІІ дәрежелі мінсіз қызметі үшін» төсбелгілері мен бірнеше мерекелік медальмен марапатталған.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ