Шашын анасы қымызбен жуып өсiрiптi

Наурыз 07 / 2019

 

Дилара БИМЕНОВА, «Ońtústik Qazaqstan».

 

Өңірімізде шашы ең ұзын әже Ордабасы ауданындағы Шұбар ауылында тұрады.

Рымкүл Бекенқызының бұрымын бала күнінде анасы қымызға жуып өсірген екен. Қазір оның шашы тобығына жетеді. 160 сантиметр. Мереке қарсаңында Рымкүл әжені әңгімеге тартып, бұл сұлулықты қалай сақтап қалғанын сұраған болатынбыз.

Оның айтуынша, жас кезінде шашы бұдан да қайратты, бұдан да қалың, бұдан да ұзын болған. Ол басын аптасына бір рет айранға немесе жұмыртқаға жуады екен.

– Бұл шаштың түбін нәрлендіріп, өсуін жеделдетеді, – дейді кейіпкері-міз. – Құдайдың берген 2 ұл мен 1 қызын тәрбиелеп өсіріп, солардан 13 немере, 5 шөбере сүйдім. Немере қыздарым мен келіндерімнің шаштарын жайғызбауға тырысамын. Өйткені, қазақ қыздары бұрымын қайғылы жағдайда ғана тарқататын болған. Менің өзім күйеуім өмірден озғанда ғана шашымды жайғанмын. Ал, негізінен өріп, түйіп жүремін.

Ертеде қазақ халқы қыз баласының бұрымын өсіріп-өруге, күтіп-баптауға ерекше мән берген. Апаларымыздың тарақтан түскен шашты кез келген жерге тастамай, жинап жүретінін өзіміз де талай рет көрдік қой. Рымкүл әже де бүгінде сол үрдісті ұстанады.

– Шаштың біз біле бермейтін құпиясы көп. Өмірімде үш рет шашымды қиғанымда да келеңсіз жағдайларға тап болғаным бар. Біріншісінде сәбиім шетінеді, екіншісінде күйеуім, үшіншісінде енем дүниеден өтті. Міне, осыдан кейін бұрынғылардың «белден төмен түсіп тұратын шашты орынсыз кесу қасіретке ұшыратады» дегенді тектен-текке айтпағанын ұқтым, – дейді ол.

Жасы сексенге жақындаған Рымкүл әже 46 жыл ұстаз болған жан. Бүгінде зейнеткерлік демалыста. Бірақ, ол «зейнеткермін» деп қарап отырмай, ғаламтордан құрақ құрауды, тоқыма тоқуды үйреніп алыпты. Өзі өнерге де жақын. Би билеп, ән айтуды да жақсы көреді.

Шаш – адамның көркі. Өспірім қыздарымыз осындай аналарымыздан үлгі алып қара шашы тобығына дейін төгіліп тұратын бұрымдыға айналса, қанекей!

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ