Руханият 0 пікір 3231 лайк

Қазақтың салтын сақтаған еркем...

Наурыз 07 / 2019

 

Лаура ТАСТАНБЕК, «Ońtústik Qazaqstan».

Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ жанынан «Көзайым» қыздар клубы құрылды. Клубтың ерекшелігі сол, оған мүше әрбір бойжеткен күнделікті ұлттық әшекейлер – сырға, шолпы, алқа тағынып, тек ұзын белдемше немесе көйлек киіп жүруі тиіс. Құндылықтарымызды осылайша қайта оралтқан уыздай қыздардың бұл әрекеті көңіл сүйсіндіреді. «Көзайымды» оқырмандарға жақынырақ таныстыру үшін көктем мерекесі қарсаңында клубқа арнайы бас сұққанбыз.

 

Қыздар клубының мақсаты – бойжеткендердің бойына ұлттық салт-дәстүрді сіңіре отырып, болашақта заман талабына сай отанасы болуға даярлау. Клуб алғашқыда өзін-өзі дамыту мектебі болып құрылыпты. Оған жүз шақты ару мүше болған. Кейін үміткерлер саны 500-600-ге көбейген соң клубқа айналған. Қазір қыздар түрлі бағыттағы арнайы топтар арқылы сабақ үйренеді. Мәселен, «Тәп-тәттім» тобында дәмді пісірмелер, тағамдар мен салат түрлерін дайындауды үйренсе, «Маржан» тобында қан қысымын өлшеуден бастап, бала күтімі, қыздар гигиенасы мен денсаулыққа қатысты сабақтар өтіледі. Араб тілін үйренемін деушілер университет жанынан құрылған «Ясауи жастары» ұйымына тіркеліп, оқуда. Ал, «Шебер» тобында қолөнер бұйымдары, түрлі әшекейлер жасап, гүл өсірудің құпиясына қанығады. «Қаракөз» тобы қыздарды бет күтімі, макияж жасауға, «Сұлушаш» тобы шашты өру, сәндеу, дұрыс күтімге үйретеді.

«Қыз – жатжұрттық». Келешекте отау құрып, дүниеге сәби әкелген ананың таңдаған мамандығы бойынша жұмыс істеуге уақыты мен мүмкіндігі болмауы мүмкін. Міне, сол кезде осы өнерлерін кәсіпке айналдырып, тіпті, үйде отырып-ақ тапсырыс қабылдауға болады. Болашаққа дайындық сабағын қазірден бастаған арулармен қалай мақтансақ та жарасатындай. Олар бүгінгінің бойжеткендері тек білімді, ісмер ғана емес, бұрынғы аналарымыздай көркем мінезді, рухани бай болуы керек деп есептейді. Өзін-өзі жетілдіруді көркем әдебиеттен іздеп, аптасына бір кітап оқып шығуды мақсат етіп қойған. Мәселен, таяуда М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсін» оқып шыққан алпыс қыз бас қосып, пікір алмасты. Пікір алмасу барысында кітапты талдау арқылы қыздардың мінезіне психологиялық талдаулар жасалынады.

– Бұл бастаманы тек өзіміз үшін, жақын араласатын он шақты құрбыммен ғана жүзеге асыруға да болар еді. Бірақ, Түркістан облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Береке Дүйсебеков бізге зор мотивация беріп қана қоймай, нақты қолдау көрсетті. Арнайы фотосессия түсірілімін ұйымдастырып, кездесулер өткізді. Өз ісінің маманы деген шеберлерді шақырып, көп нәрсе үйренуімізге көмектесті. «Он қызға сабақ өтсеңіз, олар топтағы жүз жетпіс аруға үйретер еді» деген өтініш-тілегімізді Береке ағамыз жерге тастамай, шеберлік сағатын тегін ұйымдастыратын мамандар тауып берді. Демек, біздің қоғамда ұлт болашағына, ұрпақ тәрбиесіне бей-жай қарамайтын жандар аз емес, – дейді «Көзайымның» төрайымы, журналистика факультетінің 3-курс студенті Үміт Тұрсынхан.

«Көзайым» клубының сабақтарына бүгінде кез келген ару қатыса алады. Ол үшін қазақтың салт-дәстүрін жетік меңгеру немесе түркістандық болу міндетті емес. Қыздар әлеуметтік желілерде парақшалар, арнайы топ ашқан. Сабақтар мен тапсырмаларды желіге жүктеп, таратып, насихаттап отырады.

Көркіне ақылы сай түркістандық арулар осылайша көптің көзайымына айналып үлгерді. «Қыз – ұлттың ұяты» деп бекер айтылмаған. Иба сақтап, ұяңдығы бойына жарасып тұрған бойжеткенге жігіттер де дөрекі сөйлей алмаса керек. Біз әңгіме айтқанда да біреуді сыртынан жамандауға тыйым салдық. Алдағы арман-мақсаттар құрбылар арасындағы бүгінгі ортақ әңгіме өзегіне айналды» дейді көзайымдықтар.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ