Руханият 0 пікір 0 лайк

Тоты

Наурыз 07 / 2019

 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

Ес біліп қалған шағымыз. Соғыстан соңғы ауылдың тіршілігі әлі де жүдеу еді. Майданнан қан кешіп оралған әке, ағаларымыз бізге тура Алпамыс, Қобыланды батырлардың өзіндей болып көрінеді. Міне, осындай бір ағамыздың шүпірлеген сегіз-тоғыз ұл-қызы бар еді. Апамыз жүрегі мейірімге толы, жаны жаз адам болатын. «Жақсыға жүрім жоқ» деп бұрынғылар неге айтты екен? Сол жібектей есілген апамыз бір күні ойда жоқта о дүниеге сапарлап кете барды. Тоғыз жетімек артында улап-шулап қалды. Шиеттей балалар бірі үй жинап, бірі тамақ істеп жатады. Көкеміз ерте тұрып жұмысына кетеді.

 

Бірде Рәзия апам көкеміздің үйіне сүт апарып беріп, мына әңгімені айтып келді.

– Мұрдыбек (Тұрдыбек деп біліңіз) қайнағаның шаңырағының берекесі кетіп-ақ қалыпты. Бала-шағаның, қанша тырысса да, үй тіршілігін ұқсата алмай жатқаны байқалады. Құдай-ай, Бәтеш абысынымның қадірі енді білінді ғой, – деп көзіне жас алды.

Әкем Дәніқұл аса діндар жан емес еді. Сол кісінің «Е, Алла! Мені әйелімнің алдында ала гөр!» деп отыратынын талай естігем. Енді түсініп жатырмыз ғой, ер адам қанша мейірімді болса да балаларға бәрібір әйел жүрегінің жылуын бере алмайды екен. Сонымен қатар үй ішінің тіршілігін әйелдей ұқсата білу де ешқандай еркектің қолынан келмесе керек.

Тұрдыбек жәкеміз осылай жадап-жүдеп жүрген күндерінің бірінде ауыл ақсақалдары ақылдасып, кеңесіп, көрші ауылдан бір келіншекті босағасынан аттатты. Әуелгіде іні-қарындастарымыз келген әйелге үрпиісіп, үйрене алмай жүрді. Мұны мектепке барғанда олардың селсоқ жүздерінен аңғаратынбыз. Шеттерінен бұйығы, жалтақ, шікәмшіл. «Япырай, бұлар осылай еңселері көтерілмей өсер ме екен?» деген ой біздің де жұдырықтай жүрегімізді жаншитын.

Күндер өтіп жатты. Тұрдыбек көкеміздің үйіндегі іні-қарындастарымыздың мінездері бірте-бірте ашыла бастады. Бала жақсы мен жаманды жұдырықтай жүрегіне талғамай, таңдамай жазады емес пе?! Кейінгі келген Тоты апамыз өзегін жарып шықпаса да балалардың көңіл парағына ізгілік жолдарын жаза бастағаны аңғарылды. Балалардың киімдері бүтінделді. Тап-таза болып жүреді. Бұрынғыдай бұйығы емес, ашылған, күлгенде жүздерінен шуақ шашылады.

Біздің апамыз Тоты тәтеймен жақсы араласты. «Құдайына қараған жан екен. Өгей балаларын өз перзенттерінен кем қылмай өсіріп келеді. Оның балаларға деген жан шуағын көрсең ғой» деп жиі айтып отырады.

Бұрынғыдай емес, Тұрдыбек жәкеміздің де еңсесі тіктеліп, үйіне туыстарын жиі шақыратын болды. «Тотының қолынан шай ішеміз» дейтұғын абысындар көбейді.

Інілер ержетті, қарындастар бойжетті. Алды оқуға түсті. Сәруар ініміз бірде үйіне шешесіне арнап көйлек жіберіпті. «Баламның маған арнайы жіберген сәлемдемесі» деп Тоты апамыз көрші-қолаңның барлығын шақырып, шай берді. Шамасы, баласының әке-шешеге деген мейірімін айтып мақтанғысы келді-ау деймін.

Не керек, ұл да, қыз да әке-шешесі жоқ баладай жаутаңдамай өсті. Бала үйленгенде дүркіретіп той жасады. Қыз ұзатылғанда жасау-жабдығы көп үйдегілерден асып түсті. Оқудан келген ұл «тәтем қайда?» деп әуелі әкесін емес, өгей шешесін іздеді. Күйеуге кеткен қыз үйіне келсе «алдымен тәтеммен ақылдасайыншы» деп Тотыдан ақыл-кеңес сұрады.

Шаңырағын шаттыққа толтырып жүрген Тоты апа әйел заты емес пе, бір күні өзі де шекесі торсықтай ұл тапты. Енді бір үйде 10 бала!

Бір күні апам әдеттегідей абысынының үйіне барып әңгіме-дүкен құрмай ма? Олар бірінде жоқты бірінен ауыса беруші еді. Таңданып келді. Таңырқап келді.

– Әкесі-ау, – деді әкеме, – мен дүниеде Тотыдай жүрегі мейірімге толы жанды көрмеппін.

– Е, оны қайдан білдің? – деп әкем өріп отырған қамшысын жерге қойды.

– Қайнағаның кіші ұлы мектептен жылап келді. Тоты омырауындағы баласын тастай салып, соған ұмтылды. Көз жасын етегімен сүртіп, бетін сүйіп, жұбатып алды. Сөйтсе, ол бір баламен шекісіп қалыпты. Тоты емес, басқа біреу болса, баласын емізіп отыра берер ме еді. Құдай оның осы пейіліне берген ғой, – деп шешем әңгімесін аяқтады.

– Иә, біздің Тұрекеңнің әйелден салымы бар, – деп әкем қамшысын өруді одан әрі жалғастыра берді.

Тұрдыбек жәкеміз осы бертінде қайтыс болды. Тоты апамыз жәкемнің жаққан түтінін өшірген жоқ. Ол аманаттап кеткен ұл-қыздың жыртығын жамады, бітпегенін бүтіндеді. Үйленіп, өз алдына үй болып кеткен ұл да, бойжетіп тұрмыс құрып, басқа үйдің түтінін түтетіп отырған қыз да әке-шешелерін сағынғанда қара шаңыраққа жиі келіп тұрады. Мейірімі мол дана әйел жәкеміздің барлық балаларына қанатының астынан пана берді. Жетімектердің көз жасын құрғатып, ана орнына ана бола білген мұндай жанға қандай ескерткіш қойса да жарасар еді.

Біз қазір қыздарымыз тұрмысқа шығар болса «Қыз жат жұртқа бақытты боламын деп емес, бақытты етемін деп барады. Босағаңды бақытты ет, қалқам!» деп ақыл қосып жатамыз. Иә, өмірдің бар мән-мағынасы да біреуді бақытты ету ғой. Бірді емес, мыңды бақытты еткен осындай асыл аналардың арқасында өмір шуақты, жақсылықтың жапырағы жайқала бермек. Жақсылық, мейірімділік, ізеттілік Отанды қуатты етеді.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ