Экономика 0 пікір 3227 лайк

Қазығұртта қайнаған еңбек

Наурыз 07 / 2019

 

Баян ДАРҒОЖИНА, «Ońtústik Qazaqstan».

 

«Сапаға» сапар

Түркістан облысы әкімдігі баспасөз қызметінің ұйымдастыруымен Қазығұрт ауданына БАҚ өкілдерінің ақпараттық туры ұйымдастырылды. Бүгінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосып жүрген серіктестіктер аз емес. Журналистер тобы ең алдымен, Шарбұлақ ауылдық округіндегі «Сапа 2002» ЖШС-нің жұмыс барысымен танысты.

Мал және егін шаруашылығымен айналысатын серіктестік 2002 жылы құрылған.

2007 жылы асыл тұқымды қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойын өсіру мәртебесін алды. Ал, 2008 жылы бірегей элиталы астық тұқымын өндіруші мәртебесіне ие болды. 2011 жылы элиталық бидай, мақсары, жоңышқа тұқымын өндіруді бастаса, 2013 жылы май цехын іске қосты. Шаруашылықты ірілендірудің нәтижесінде «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамынан жылда жаңа техникалар лизинг негізінде және сатып алынады.

– 10 мың қойға арналған бордақылау алаңында асыл тұқымды қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойы және меринос қойлары бағылып жатыр. Ет өнімін Ресей мен Өзбекстанға сатудамыз. Жуырда Араб елдері тарапынан да қызығушылық байқалды. Сондай-ақ, өзіміздің ішкі нарықта да біздің тауарларымыз үлкен сұранысқа ие. Еттің әр келісі базардағы нарыққа сәйкес – 1350 теңге. Алдағы уақытта баға тағы көтерілуі мүмкін. Экспортқа ет күйінде ғана емес, тірідей әкететіндер де бар. Шетелдіктер көбінесе қылшық жүнді құйрықты қойды алса, меринос қой Алматы жұртының талғамына сәйкес келіп тұр, – дейді шаруашылық директорының орынбасары Ералы Нұржанұлы.

Қазіргі уақытта жалпы шаруашылықта 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Соның ішінде мал бордақылау цехында 15 адам еңбек етуде. 100 жылқы, 350 ірі қара бордақылануда. Малдың жем-шөбін де сатып алмайды, өздері дайындайды. Жұмысшылардың жалақысы – орташа есеппен алғанда 80 мың теңге.

– Былтыр ауданда 392 мал бордақылау алаңы салынды. Онда қазір уақ мал мен ірі қара бағылып жатыр. Мал асырап, жан бағудың көзін тапқан шаруалардан 280 өтінім түсіп, мемлекет тарапынан оларға субсидия, көмек берілді, – деді журналистерге берген сұхбатында Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Серік Нұрманов.

Бүгінде серіктестік өсімдік майын өндіру цехынан жылына мың тонна өнім алып отыр. Оны жергілікті нарықтан бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан және Қытай еліне де экспорттауда.

 

Қиярдан гөрі қызанақ өтімді

Тұрбат ауыл округіндегі «Элмурад» шаруа қожалығы 2015 жылы құрылған. Төрағасы Элмурад Сайтқұлов іссапарда жүргендіктен, тілшілерді оның інісі Халмурад қарсы алды.

 

 

– 1,5 мың гектар жерді алып жатқан жылыжайда негізінен «атия» деп аталатын голландық қызанақ өсіріледі. Қазіргі уақытта оның көшетін дайындау өз елімізде, Сарыағашта қолға алынған. Өткен жылдың желтоқсан айының басында 33 мың түп қызанақ көшеті отырғызылды. Әр көшетін 100 теңгеден сатып алдық. Наурыз айының соңында өнімді жинай бастаймыз. Әр гектарынан

200 тонна қызанақ аламыз деп отырмыз. Мұнда 6 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал, маусым кезінде 30 адам жұмыс істейді. Олардың айлық жалақылары 60 мың теңге көлемінде. Дайын өнім Астана, Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларына жөнелтіледі, – деді Халмурад Сайтқұлов.

Шаруашылық қияр өсірумен де айналысады. Бірақ, оның өнімділігі де, оған деген сұраныс та төмен. Сондықтан көбінесе қызанақ өсіруге құмбыл. Тыңайтқыш үшін былтыр 1,5 млн. теңге жұмсалыпты.

Айта кетейік, 2018 жылдың 1 қаңтарында Қазығұрт ауданында жылыжай көлемі 101 гектар болса, жыл қорытындысында ол 130 гектарды құрады. Онда 1040-қа жуық аудан тұрғындары жұмыс істеді. Жылыжай шаруашылықтарына бірінші айналымға 113 өтінім түсіп, 66 млн. 321 мың теңге субсидия төленді. Ал, тұқым шаруашылықтарын дамытуға 50 өтінім түсіп, 377 млн. 511 мың теңге субсидия берілді.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ