Экономика 0 пікір 3214 лайк

Адамзаттың азық-түлiкке сұранысы артады,

Наурыз 05 / 2019

ендеше, суармалы жердi ұтымды пайдалану мәселесi назардан түспеуi тиiс

 

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Елбасы тапсырмасына сәйкес Қазақстан Үкіметі бір жағы суармалы егіс алқаптарының есебінен де ауыл шаруашылығы саласындағы өнімділікті 2,5 есеге арттыруды көздеп отыр.

Ресми мәліметке сүйенсек, ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламасының және жүргізілген ауқымды реформалардың нәтижесінде 2022 жылға қарай агроөнеркәсіп кешенінің табыс үлесі 23 пайызға ұлғаймақ. Ал, бір фермердің еңбек өнімділігі 4 млн. теңгені құрайды деп жоспарлануда. Сондай- ақ, өнімділіктің артуына егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары да өз пайдасын тигізуде. Мәселен, дәстүрлі дақылдардың орнына мал азығындық, майлы, бақша дақылдарын және көкөніс өсіруге көбірек көңіл бөлінеді. 2018 жылдың қорытындысы бойынша 1 гектар жерде бидайдан 12,5 мың, рапстан 57 мың, соядан 103 мың, мақтадан (суармалы алқапта) 300 мың, картоп және көкөністен 1 млн. теңге табыс алынды. Агросалада тер төгіп жүрген мамандардың мәлімдеуінше, ауыл шаруашылығында тұқым нашар болса, өнім де төмен болады. Сондықтан өнімді көбейту мақсатында тұқым сапасын жақсарту жұмыстары қолға алынбақ. 2018 жылға дейін еліміздегі 300-ге жуық тұқым шаруашылығын қаржыландыру субсидия есебінен жүргізіліп келді. Биылдан бастап бұл жүйе өзгерді. Енді әр тауар өндірушіге егістігінің 4 пайыз жеріне элиталы немесе ІІІ репродукцияға дейінгі тұқым егу үшін несие беріледі. Шарт бойынша диқан бір жылдан соң несиенің 30 пайызын қайтарып, бастапқыдағы 4 пайыз егістігін 25 пайызға ұлғайтуы керек. Сонда 3 жылда фермер ІІІ репродукцияға дейінгі тұқымды өзі өндіретін болады.

Сонымен бірге, егіншілікті, оның ішінде жыртылатын жер мен жайылымдарды цифрландыру іске асырылады. Бүгінгі таңда 54 субсидия түрі бар болса, соның барлығы да жыл аяғына дейін автоматтандырылады. Бұған сәйкес әр шаруашылыққа картограмма жасалынады. Онда қожалық туралы бүкіл ақпарат жинақталады. Бұрын шаруалар 64 түрлі субсидия алатын. Қазір оңтайландыру процесінің нәтижесінде оның саны 54-ке қысқарды. Алдағы уақытта субсидия алу тәртібін толықтай цифрлы жүйеге көшіру күтілуде.

Қазіргі таңда Ауыл шаруашылығы министрлігі 100 шаруа қожалығын GPS жүйесі арқылы орталықтан басқаруды тәжірибе ретінде сынақтан өткізіп көріп жатыр. Осының негізінде келешекте елімізде 2 мың фермерлік қожалық цифрлы жүйеге көшіріледі. Өз кезегінде Елбасы Қазақстанда егін саласында өнімділік әлі де төмен екенін алға тартты. Мәселен, шетелмен салыстырғанда еліміздегі 1 гектар жердің өнімділігі 7 есеге төмен екен. Сонымен, ауыл шаруашылығын дамытудың негізгі қағидаттарына тоқталсақ, олардың қатарында техника, цифрлы егіншілік, тыңайтқыштар, жоғары сапалы тұқым және суармалы алқаптар бар. Осылардың ішіндегі соңғысына тоқталсақ, республикадағы суармалы жер көлемі 1,4 млн. гектарды құрайды. Үкіметтің бекіткен жоспарына сәйкес суармалы егістік көлемін 3,5 млн. гектарға жеткізу көзделуде. Бұл жоспарды іске асыру соншалықты қиын да емес көрінеді. Себебі, Қазақстанда су қоры да, жер де жеткілікті. Министрліктің есебі бойынша жыл сайын елімізде мыңдаған гектар суармалы жер айналымға қосылатын болады. Мәселен, былтыр 65 мың гектар суармалы жер игерілсе, биыл бұл меже 124 мың гектарды құрамақ. Осы уақытқа дейін суармалы алқаптарды жандандыру мемлекеттің және халықаралық заемдардың есебінен жүргізіліп келсе, бұдан былай мемлекеттік-жекешелік әріптестігі аясында қолға алынбақ. Яғни әр өңірде танымал табысты компанияларға егістіктер үлестіріліп беріліп, олар сол жердің мелиоративті жағдайын қалпына келтірумен айналысады. Мемлекет өз тарапынан судың тарифін белгілеп, аталған компаниялар жанынан зәкірлі кооперация құруға көмектеседі. Былайша айтқанда, шағын шаруа қожалықтары ірі компанияның қарамағында бірлесіп өнім өндіретін болады. Осыған байланысты арнайы бағдарлама түзіліп, Үкімет оны бекітті. Биыл пилоттық режимде бірнеше жобаны іске асырып көру жоспарлануда. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында осы жылы 20-30 мың гектар суармалы жер пайдаланылады. Олардың ішінде Түркістан облысынан «Отырар Биотех» ЖШС бар. Елбасының пікірінше, әлі пайдаланылмаған тың жер тек Қазақстан, Ресей мен Украинада ғана қалыпты. 2040 жылға қарай жер бетіндегі халық саны 9 млрд. адамға жетеді деген болжам бар. Сондықтан келешекте адамзаттың азық-түлікке сұранысы арта түспек. Демек, Қазақстанның агросалада алар орны мен рөлі зор болғалы тұр. Ең бастысы, еліміздің диқандары соған дайын болуы керек.

ҚР АШМ Су ресурстары комитетінің «Оңтүстік Қазақстан гидрогеологиялық-мелиоративтік экспедициясы» таратқан мәліметке сүйенсек, өткен жылы өңірдегі 572,24 мың гектар жалпы суармалы жердің 498,02 мың гектары әртүрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын егуге пайдаланылды. Алқаптар құрылымында ең жоғары үлестік салмақ мақтаға тиесілі (131,92 мың га.). Одан кейін орындарда көкөніс, бақша (117,33 мың га.), мал азығындық дақылдар (96 мың га.), басқа да егіс түрлері (145,47 мың га.) және суармалы жайылым (3,90 мың га.) мен күріш (3,4 мың га.) тұр. Алайда, 74,22 мың гектар жер пайдалынылмай қалды. Мамандардың пікірінше, оған тұздану, жер асты су деңгейінің көтерілуі, су тапшылығы және басқа да себептер әсер еткен.

Мамандардың айтуынша, суармалы алқаптардың мелиоративтік жағдайын жақсарту үшін кәріз-қашыртқы, суару жүйелерін, тік құбырлы қашыртқыларды техникалық дұрыс қолдану, органикалық және минералдық тыңайтқыштарды, қазіргі заманғы су үнемдеу технологияларын пайдалану және тұзды жердің сорын уақытында шайып тұру қажет. Егер осы аталған талаптар мен міндеттер орындалатын болса, облыстың суармалы егіс алқаптарының топырақ құнарлылығы артып, келешекте мол өнім алуға негіз қаланады. Жалпы, Түркістан облысы өзге өңірлермен салыстырғанда суармалы егістік көлемі жағынан алдыңғы орында тұр. Сондықтан мемлекет тарапынан аймақтағы алқаптардың мелиоративтік-ирригациялық жүйелерін қалпына келтіруге, суармалы жерді жаңадан айналымға қосуға зор көңіл бөлінуде. Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі мен сыртқа экспортталатын өнімдер көлемін ұлғайтуға байланысты Елбасының берген тапсырмасы негізінен суармалы алқаптар есебінен орындалатынын ұмытпаған жөн.

Қорыта келгенде, былтыр «Оңтүстік Қазақстан гидрогеологиялық-мелиоративтік экспедициясы» облыстағы барлық суармалы алқаптарды зерттеп, олардың мелиоративтік жағдайына кешенді агромелиоративтік бақылау жұмыстарын жүргізді. Осы атқарылған шаралар нәтижесінде 572,24 мың гектар жалпы суармалы жердің 165,95 мың гектары жақсы, 191,13 мың гектары қанағаттанарлық жағдайда екені анықталды. Ал, қалған 215,16 мың гектар алқаптың жай-күйі нашарлау. Ол өңірдегі барлық суармалы жердің 37,6 пайызын құрайды.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ