Экономика 0 пікір 3192 лайк

Бұл – шаруаларға үлкен қолдау!

Наурыз 02 / 2019

 

Алмас АҚЫЛБЕК, «Ońtústik Qazaqstan».

Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы саласын заманауи техникаларсыз көзге елестету мүмкін емес. Қажетті техника сатып алу әрбір шаруаның арманы. Дегенмен, оны қолма-қол ақшаға сатып алуға екінің бірінің шамасы жете бермейді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік тұрғыдан қолдауға ерекше мән беріп келеді. Үкімет тарапынан көптеген бағдарламалар қабылданып, 2020 жылға қарай ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдаулардың көлемін арттыру үшін тиісті шаралар қолға алынуда.

 

Отырар ауданында мемлекет тарапынан көрсетілген көмектерге ие болған шаруалар өз кәсіптерін жандандырып, жұмыстарын қарқынды атқаруда. Мәселен, Қоғам ауылының тұрғыны Жұмабай Сапарбаев 2015 жылы «ОИЯ» жеке кәсіпкерлігін ашып, «Сыбаға» бағдарламасы арқылы Шымкент қаласындағы кәсіпкерлерді қолдау орталығынан 17 млн. теңге несие алды. Осы қаржыға 150 ірі қара алған болатын. Бүгінде кәсіпкер малды асылдандыру мақсатында әр сиырға 10 мың теңгеден субсидия алып, шаруасын дөңгелетіп әкетті.

Шаруа қожалығының иесі «ірі қара мал алғаннан кейін оның жемшөбін дайындау мәселесі де тұрды. Сондықтан 60 гектар суармалы жеріме жүгері, жоңышқа ектім. Өткен жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау бағдарламасы аясында «ҚазАгроҚаржы» АҚ шаруаларға техникаларды жеңілдетілген несиемен береді дегенді естідім. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінен толық мәлімет алып, биыл «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингке «Беларус-952», «Беларус-821» тракторларын сатып алдым. Бір жақсы жағы техниканы «ҚазАгроҚаржы» АҚ 17 пайызбен берсе, оның 10 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады екен. Ал, қалған 7 пайызын өзіміз төлейміз. Тағы да бір айта кететін жайт, алған соманың 25 пайызын мемлекет инвестициялық субсидия есебінен шаруашылық иесіне қайтарып береді. Бұл – өте тиімді әрі үлкен қолдау» дейді.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы М.Жуасбайдың айтуынша, ауданда 2019 жылдың алғашқы айында 7 шаруа қожалық иесі лизингке ауыл шаруашылығы техникаларын алды. Барлық ауылдық округтерге лизингке техника алу жөнінде хат жолданып, түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ