Заң-заман 0 пікір 3184 лайк

Қабылданған құқықтық құжаттар ел игiлiгiне қызмет етуi керек

Наурыз 02 / 2019

 

Жақында сот жүйесін оңтайландыру мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Осылайша меншік құқығын қорғауды күшейтуге, арбитражды дамытуға, сот жүктемесін азайтуға және экономикалық қылмыстар туралы заңнаманы ізгілендіруге бағытталған бірқатар құқықтық құжаттарға, атап айтқанда, 42 заң актілеріне, оның ішінде 11 кодекске өзгерістер енгізілді.

Заңдарға енгізілген өзгерістер сот жүктемесін төмендетуге бағытталған. Сот орындаушыларының әрекеттерінен борышкерлердің мүлкіне тыйым салуды санкциялау алынып тасталды. Банк шоттарына тыйым салуды санкциялау және банк құпиясы туралы ақпаратты талап ету прокуратураға берілді. «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Заңына сәйкес, жеке тұлғалармен жасалатын банктік қарыз шарттары бойынша қарыз беруге және қызмет көрсетуге байланысты банктік шотты жүргізуге, сондай-ақ банктік шотқа қарызды есепке жатқызғаны үшін комиссия белгілеуге және алуға, алименттік төлемдер үшін банктік шоттардағы ақшаны алуға тыйым салынды. Сонымен қатар, жеке тұлғаның есеп шотында ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде қаражат сақталса, осыған байланысты қарыз алушы – борышкердің банктік шоттарындағы ақшадан оның қарызын төлеуге шектеу қойылды. Бұл – жеке тұлғалардың меншік құқығын әлеуметтік тұрғыдан қорғау мақсатында қабылданған шаралардың бірі.

Заңда жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мемлекет мұқтаждығы үшін алған кезде оның құнын тең бағамен өтеу шарттарын қамтамасыз етуді, мүліктің нарықтық кұнын өтеуді, жер учаскесін елді мекен шегінде беруді жүзеге асыру тәртібі реттелді. Қазіргі уақытта алынған жер учаскесінің орнына басқа жер учаскесін беру қарастырылған. Осы жерде меншік иесінен алынған жер учаскесінің орнына берілетін шығындар әкімдік есебінен жүргізілетінін айта кеткен жөн. Жаңа өзгерістермен толықтырылған заңда жер учаскесін бағалаушының рөлі нақтыланған. Егер бағалау барысында жалған актілер жасалып, дау туа қалса, оған кепілдік берген бағалаушылар палатасы жауапкершілікке тартылады. Осылайша бағалаудың стандарты мен олардың қызметіне бақылау жасау заңмен реттеліп отыр.

ҚР «Нотариат туралы» Заңына енгізілген өзгерістерге келсек, егер борышкер мен кредитордың арасында нотариалды келісім болса, міндеттемені орындаудың тәсілі ретінде борышкер қарыз ақшаны нотариустың депозитіне салу мүмкіндігі қарастырылған. Қолданыстағы Азаматтық кодексте жылжымалы мүлікті кепілге қоюдың мерзімі айқындалмаған болатын. Ал, жаңа өзгерісте жылжымалы мүлікті кепілге қою арқылы бір жылдан аспайтын мерзімге қарыз беру көзделген. Осылайша заң шығарушы орган азаматтарға бір жылдан соң кепілге қойған мүліктерін сатуға құқық беріп отыр.

Ал, салық салу объектiлерiн және салықтық есептілікте көрсетілген өзге де мүлікті жасырғаны үшін жеке тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне төленуге жататын салық және басқа да мiндеттi төлемдер сомасының 200 пайыз мөлшерiнде айыппұл салынады. Осы әрекетін бір жыл ішінде қайта жасаса, айыппұл көлемі 300 пайызға артады. Салықтардың және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi кемiтiп көрсеткені үшін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне салынатын айыппұл мөлшері 15-тен 20-ға, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 30-дан 50-ге, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 50-ден 80 пайызға дейін көбейтілді. Жалған шот-фактура жазып бергені үшін салық төлеушіге салынатын айыппұл санкциясының мөлшері 35-тен 100-ге дейін, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне 120-дан 200-ге дейін, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 200-ден 300 пайызға дейін арттырылып отыр.

Сонымен қатар, Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер бойынша қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған шетелдік немесе азаматтығы жоқ адамға Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарылып жіберу түріндегі жаза негізгі жаза ретінде қолданылатын болды. Бұл өзгеріс шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен сотталған соң дереу шығарып жіберуге мүмкіндік береді.

Заңда нотариалдық қызметтерге біршама міндеттер жүктеліп отыр. Оның ішінде құпия өсиет етуді жариялау шарттары нақтыланды. Атап айтқанда, Азаматтық кодекстің 1051-бабы 4-1 тармақпен толықтырылды. Бұл тармақ бойынша құпия өсиет жасаған адамның қайтыс болуы туралы куәлік ұсынылған кезде нотариус он күннен кешіктірмей өсиеті бар конвертті кемінде екі куә мен мұрагерлер арасынан және оған қатысуға ниет білдірген мүдделі адамдардың қатысуымен ашады. Конвертті ашқаннан кейін нотариус ондағы өсиеттің мәтінін бірден жариялайды. Одан кейін нотариус өсиеті бар конверттің ашылғанын куәландырып, өсиеттің толық мәтінін қамтитын хаттама жасап, куәлармен бірге оған қол қояды. Өсиеттің түпнұсқасы нотариуста сақталады. Мұрагерлерге хаттаманың куәландырған көшірмесі беріледі. Заңның бұл нормасы құпия өсиет етудің құпиясын сақтауға кепілдік береді және оны ашудың шарттарын реттейді. Өсиеттің түпнұсқасы нотариуста сақталса, оның түпнұсқасы туралы дау болмайды. Сондай-ақ, заңда әлі дүниеге келмеген мұрагердің де құқығы ескеріліп отыр. Мұрагер бойға бітіп, бiрақ әлi дүниеге келмесе, мұраға құқық туралы куәлiкті беру ол туғанға дейін тоқтатыла тұрады. Бұдан өзге бұрын соттарда қаралатын 9 даусыз талап нотариустердің қарауына берілді. Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралатын 10 талап та бұйрық арқылы іс жүргізуге берілді. Осы заңмен сот орындаушылардың қаулыларына тек сот қана емес, прокурордың да санкция беруі қарастырылған. Бұл соттарды даулы мәселелерден босатып, қадағалау органының сот актілерін орындау сатысындағы бақылауын күшейтеді.

Борышкер болып табылатын жеке тұлғаның, заңды тұлға басшысының (оның міндетін атқарушының) Қазақстан Республикасынан шығуын уақытша шектеу туралы және сот орындаушыларына келуден жалтарып жүрген адамды күштеп келтіру туралы сот орындаушысының қаулысы сотпен санкцияланатын болды.

Жоғарғы сот биылғы жылды сот төрелігінің сапасын жақсарту жылы деп жариялады. Сот жүйесіндегі жасалып жатқан өзгерістер мен заңнамаларды жетілдірудегі басты мақсат біреу ғана. Ол – сот төрелігін сапалы жүзеге асыру. Бұл – барлық сатыдағы соттарға тән әрі ортақ міндет.

Түгел БЕКІМБЕТОВ, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ