Заң-заман 0 пікір 3183 лайк

Төрт азамат ақталды

Наурыз 02 / 2019

 

Дамира МОЛДАНАЗАРОВА, «Ońtústik Qazaqstan».

Жуырда Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Ә.Шахидинов баспасөз мәслихатын өткізіп, есепті мерзім ішінде атқарылған жұмыстарға тоқталды.

 

– Президент Жарлығына сәйкес аталған сот өткен жылдың 18 шілдесінде қайтадан құрылды. Осы уақыттан бері 94 адамға қатысты 45 іс тіркелсе, оның 28-іне сот үкімі шыққан. Яғни сот 33 адамға жаза тағайындады. Ал, 4 азаматқа қатысты ақтау үкімі шығарылды, – деді сот төрағасы.

Судья Ә.Қарабаевтың айтуынша, ақтау үкімі шыққан төрт азамат ҚР ҚК-нің 434-бабы бойынша жауапқа тартылған. Оқиға былай өрбіген. Бірнеше адам жәбірленушіні қала сыртына апарып, қорқытып, мүлкін тартып алған. Алайда, сотта ақталған төрт азамат тек қылмыстық оқиғаның арасында жүргені болмаса, жәбірленушіге қол ұшын да тигізбеген. Керісінше, олар зардап шегушіні дәріханаға апарып, жарақатын таңуға көмектескен. Олардың бар айыбы – аса ауыр қылмысты біле тұра полицияға хабарламағаны. Сот барысында олардың іс әрекетінде қылмыс құрамы анықталмаған.

Жиында Ә.Шахидинов сот жүйесін жаңғыртуда қолға алынған «Сот жүйесінің 7 түйіні» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарды кеңінен әңгімеледі.

Осы күні Шымкент қалалық кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған аудан-аралық соты да баспасөз мәслихатын өткізді. Аталған сотта өткен жылы 267 сотталушыға қатысты 52 қылмыстық іс қаралыпты. Оның 15-іне сот үкімі шыққан. Ауыр санаттағы қылмыс жасаған 9 сотталушы бас бостандығынан айырылған. Соның ішінде балаларға жыныстық сипаттағы зорлық әрекетін жасаған екі адам сотталған. Судьялар жеткіншектер арасында тонау мен ұрлық қылмысы өршіп тұрғанын айтты.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ