Мақсат – үздiк үштiкке ену

Наурыз 02 / 2019

 

Шымкенттік «Ордабасы» футбол клубы Түркияның Анталья қаласындағы оқу-жаттығу жиынын аяқтады. Қазір команда Шымкентке келіп, маусымалды дайындықтарын пысықтап жатыр. Шымкенттік ұжым маусымаралық үзіліс кезінде бірқатар ойыншылармен толықты. Бүгін біз командаға келген жаңа ойыншылар жөнінде әңгіме өрбітіп, клубтың алдағы ел чемпионатындағы мүмкіндіктері жайында сөз қозғамақпыз.

 

Шымкенттік клуб Болгария чемпионатында үздік ойынымен көзге түсіп жүрген бразилиялық ойыншы Жоао Паулоны қатарына қосты. Бразилия футбол мектебінің түлегі өз елінде бірнеше клубта доп тепкен. Жақсы ойынымен көзге түскен оны футбол скауттары Болгарияға алдырады. Мұнда алғашқы маусымда «Ботев» клубының сапында 19 ойында 12 гол соғып, ерекше көзге түседі. Келесі жылы-ақ оны Болгария чемпионы «Лудогорец» клубы шақыртады. Бұл команданың сапында ол екі дүркін ел чемпионы, Болгария суперкубогының иегері атанады. Шабуыл шебіне жақын ойнайтын жартылай қорғаушы осы жылдың аяғына дейін шымкенттік клубтың жейдесін кимек. Оның футбол мансабындағы нәтижелерін ескерсек, «Ордабасы» сапалы легионерді қатарына қосты деп толық сеніммен айта аламыз. Алыстан дәл соққы жасай алатын, алаңдағы әріптестерінің ыңғайына қарап ашыла алатын футболшы шымкенттік ұжымға көп көмегін тигізсе керек. Жоао Пауло «Ордабасы» сапында жолдастық кездесулердің бірінде гол соғып та үлгерді.

Антальяда жүргенде клуб өз сапына тағы бір легионерді қосты. Команда Оңтүстік Африка Республикасының ойыншысы Май Махлангумен келісімге келді. Ол – өз елінің құрамасы сапында бірнеше халықаралық турнирлерге қатысқан тәжірибелі ойыншы. 30 жасар футболшы Швецияның «Хельсинбург», «Хассельхолм», «Гетеборг», Түркияның «Коньяспор», Бельгияның «Сент-Трейден» командаларында доп тепкен. Екі рет Швеция чемпионатының үздік ойыншысы атанған. Еуропаның белді чемпионаттарында өнер көрсетіп, әбден шыңдалған оның шымкенттік клубқа тигізер пайдасы мол болар деп сенеміз.

«Ордабасы» премьер-лига ойындарының алғашқы екі турын өз алаңында өткізеді. Шымкенттік команда алдымен 9 наурыз күні қарағандылық «Шахтерді» қабылдайды. 15 наурызда Шымкентте Ақтөбенің «Ақтөбе» клубы қонақ болады. Сосын «Оқжетпес» клубымен күш сынасу үшін Көкшетауға аттанады.

Бірнеше мықты ойыншыны қатарына қосқан шымкенттік клуб биыл да жүлде бөлісіне араласып көрмек. Клуб басшылығы ойыншылар мен бапкерлерге биыл қалайда үздік үштікке кіру керек деген міндет қойып отыр. Білікті маман Кахабер Цхададзенің шәкірттері осы үдеден шыға ала ма? Біздің ойымызша, бұл межені орындауға команданың толық қауқары жетеді. Әзірше уақыттан озбайық.

Ерболат АЙНАБЕКОВ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ