Жеңiстi күндер әлi алда

Наурыз 02 / 2019

 

Ақпан айында Тараз қаласында грепплинг спортынан ел чемпионаты өтті. Оған еліміздің барлық аймағынан 17 команда қатысты. 400-ге тарта спортшыны «Тараз арена» спорт кешенінде жинаған жарыста облыс намысын созақтық жігіттер қорғады.

 

Екі күнге созылған республикалық додада 84 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен жерлесіміз Мыңжасар Алпамыс күміс медаль жеңіп алды. Ал, 71 келі салмақ дәрежесінде Болат Жолшыбеков қола жүлде еншіледі. Тағы бір созақтық атлет Бекмұхаммед Қойшыбай 120 келіде жүлдегерлер қатарынан көрініп, ІІІ орын иеленді.

Ерекше өнерімен көпшілікті тәнті еткен Болат Жолшыбеков көрермен көзайымына айналды. Іріктеу сыны кезінде ол алматылық қарсыласын 15 ұпай айырмашылықпен мерзімінен бұрын жеңді. Жалпы, грепплинг спортында 15 ұпай айырмашылығы деген едәуір басымдықты байқатады.

Бұл созақтық палуандардың алғашқы жетістігі емес. Естеріңізге сала кетейік, былтыр Созақ ауданының грепплинг шеберлері ел кубогында 2 алтын, 2 қола медаль иеленген болатын. Облыс намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылардың жеңісті күндері әлі алда деп сенеміз.

Ерлан РАЙЫМҚҰЛОВ. Созақ ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ