Заң-заман 0 пікір 3120 лайк

Көктемгi шақыру жақын, сен оған дайынсың ба, жас өрен?

Ақпан 23 / 2019

 

Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 27 жыл толады. Тәуелсіз еліміз өзінің айбынды әскерімен мақтана алады. Елбасы, ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазіргі әлемде саны көп армиялардың қажеті шамалы. Ыңғайлы, ұтқыр, жақсы жабдықталған, әзірлігі мол армия керек.

Әскерімізге халқымыз мақтанатындай болсын. Армиямыздың беделін арттыра түсейік» деген сөзі біздің ұстанатын темірқазығымыз іспетті.

 

Расында да, қуатты қалқан саналатын біздің әскери әлеуетіміз еліміздің тыныштығы мен тұтастығын қорғауға қабілетті деп нық сеніммен айта аламыз. Қарулы Күштеріміз қазіргі заманғы қару-жарақтармен, қуатты техникамен және басқа да техникалық жабдықтармен жеткілікті қамтылған. Армияның арсеналында тек Ресейдің ғана емес, дүние жүзіндегі алдыңғы қатарлы мемлекеттердің заманауи қару-жарағы бар. Ал, жеке құрамалар білікті әскери мамандармен толықтырылған. Жоғарғы Бас қолбасшының тапсырмасына сәйкес, Қазақстанда кәсіпқой әскер құру мақсатында келісімшарт бойынша әскери қызмет енгізілгені мәлім. Таратып айтқанда, әскердің 80 пайызы келісімшартпен қызмет етіп келе жатқанына он жылдан асты. Яғни сарбаздардың 20 пайызы ғана мерзімді әскери борышын өтеуге шақырылады. Демек, келісімшарт бойынша және мерзімді әскери қызмет деп екіге бөлуге болады. Бүгінгі әңгімеміз соңғысы туралы болмақ.

Отан қорғау – абыройлы іс. «Тәрбие – талбесіктен» деген атам қазақ көкірегінде намысы, бойында күш-қуаты бар, Отаны үшін отқа түсуге дайын ұрпақ тәрбиелеген. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның және осыған негізделген басқа да құқықтық-нормативтік құжаттар аясында жергілікті атқарушы органдар арқылы 18-ге толған және жасы одан да жоғары жігіттерді мерзімді әскери қызметке көктемгі және күзгі шақыру жұмыстары жүргізіледі. Бұл – өте жауапты науқан. Оның алғашқысы наурыз, сәуір, мамыр, маусым айының соңына дейін, екіншісі қыркүйек, қазан, қараша, желтоқсан айының аяғына дейін ұйымдастырылады.

Біз ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне (ҰҚК) қарасты шекара қызметінің әскери бөлімдеріне, Ішкі істер министрлігіне қарасты Ұлттық ұлан қызметіне, Қарулы Күштердің әскери құрылымдарына және Мемлекеттік күзеттің әскери бөлімдеріне сарбаздар іріктейміз. Осы бағытта Қорғаныс министрлігінен түскен тапсырыстарға сәйкес әскери қызметке шақырылушылар өңіріміздің аудандары мен қалаларында медициналық байқаудан өткізіледі. Денесінің шымыр болуымен қатар, білім деңгейіне, моральдық тұрақтылығына баса назар аударылады. Әсіресе, ҰҚК әскери бөлімдеріне қабылдау тәртібі өте қатаң түрде жүргізіледі. Мемлекеттік құпияларға рұқсаттама алу үшін әскерге шақырылушының, ата-анасының, туыстарының сотты болған-болмағаны, радикалды-экстремизм бағытындағы ағымдарға қатыстылығы жіті сараптамадан өтеді.

Шақыру комиссиясының шешімімен медициналық байқаудан өткен жас жігіттер 12 ай мерзімге әскери борышын өтеу үшін әскерге алынады. Яғни Түркістан облысының және Шымкент қаласының азаматтары (ОҚО қорғаныс істері жөніндегі департамент әлі бөлінген жоқ) басқа өңірлерге жіберіледі. Былайша айтқанда, жас сарбаз үйіне, отбасына, туған-туыстары мен дос-жарандарына алаңдамай, әскери қызметін атқаруы тиіс. Бізде халық тығыз орналасқандықтан Қарулы Күштердің әскери бөлімдеріне сарбаздардың 30 пайыздайы ғана алынады. Мәселен, көктемгі шақыруға 2 мыңдай жауынгерге тапсырыс түссе, аудандар мен қалалардағы қорғаныс басқармаларына 20 мыңдай жас жігіт шақырылады. Олардың барлығы медициналық тексеруден өтеді, отбасы жағдайына және өзге де обúективті себептерге байланысты кейбіреулері кейінге қалдырылады, бірқатары денсаулығына орай әскери қызмет етуге жарамайды, тағысын тағылар. Қысқасын айтқанда, бәрі електен өтіп, әскерге тек таңдаулылардың таңдаулылары іріктеледі.

Отан алдындағы мерзімді әскери қызметті өтеу – әрбір жас жігіттің азаматтық борышы. Көктемгі шақыру жақын. Сен оған дайынсың ба, жас өрен?!

Әжімұқан ШЫНТАЕВ, подполковник, ОҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары – тәрбие, идеологиялық және әскери-патриоттық жұмыстар басқармасының бастығы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ