Қазақ тарихындағы он ұлы жеңiс

Ақпан 21 / 2019

 

Қазақ тарихындағы он ұлы жеңiс

Алтыншы жеңіс

Ақ Орданың (XIII ғасырдың ортасы мен XV ғасырдың бас кезі) және Әбілқайыр (1428-1468) мемлекетінің көшпенділер тарихындағы өтпелі кезеңдердегі алар орны ерекше. Бұл қазақ халқының жеке ұлт ретінде жетіліп, қалыптасу кезеңі десек те болады. Ақ Орда қазақ жерінде халқымыздың рухани кодының негізі қалануына игі ықпалын тигізді. Ұлттық дәстүріміз, салтымыз, тіліміз бен мәдениетіміз кемелдене түсті. Бір сөзбен айтқанда, жеке ұлт болып дараланып шығуымызға Ақ Орда мемлекеті тұсындағы саяси жағдайлар мен шаруашылық қарым-қатынастар, өзара байланыстар барынша ықпал етті. Осындай тарихи оқиғалардың нәтижесінде қазақ халқы тарих сахнасына қарай көтеріле берді.

Ақ Орда өзінің саяси ерекшелігі жағынан Алтын Ордамен салыстырғанда салмағы кемдеу болатын. Шындығын айтқанда, сол замандағы түрлі саяси оқиғаларға байланысты мұндай өте ауқымды империяны ыдыратпай, бір қолда ұстап тұрудың өзі өте ауыр еді. Дешті Қыпшақтың көптеген рулары мен тайпалары өзара бас қосып, соғыссыз бейбіт жолмен тәуелсіз өз мемлекеттерін құруы аса қажет болды. Ақ Орданың да саясаттағы ұстанымы елді ыдыратпай, өз халқының болашағына алтын көпір салу болды. Қанша әрекеттенсе де Әмір Темір Ақ Орданы өзіне толықтай бағындыра алмады. Қандай құдіретті тұлға болса да тарихтың алға басқан дөңгелегін аз уақыт болса да аялдата алмас еді. Алтын Орданың ханы Тоқтамыс та ойлаған мақсатына жете алмады.

Ақ Орда мен Әбілқайыр мемлекетін қанды соғыстар мен шайқастардан тұратын шынжырлы құрсаулар күтіп тұрды. Осындай қиындықтардың бәрін қайыспай көтеріп, жарқын болашаққа қарай ұмтылу тұтас халықтың келешегіне, ұлы істерді жүзеге асыруына өз ықпалын тигізді.

Жошының үлкен ұлы Орда-Ежен ел күтпеген мырзалық танытып, өз еркімен билікті Батыйға берді. Хан билігі жөнінде айтсақ, тіпті бірге туған бауырлар мен ағайын-туыстар арасында тақ таласында алауыздық, сатқындық, кекшілдік, астыртын сөз байласып, аяқтан шалушылық ұшырасып тұрған. Хан тағының айналасы улы жылан ордасына айналғандай еді. Орда-Ежен өзінің ұлдарын қауіп пен қатерден алыс ұстау үшін осындай ұйғарымға келді. Оның ұрпақтары да өзіне тиесілі иеліктерінде ешкіммен айтыспай, тартыспай алаңсыз өмір сүрді, өзгелерге де бағынышты болмады. Ақ Ордада Орда-Еженнен кейін сол замандардағы саясатта маңызды ықпалы болған Сасық Бұқа, Ерзен, Мүбәрәк, Қожа, Шымтай, Орыс, Қойыршақ, Барақ хан тағына отырды. Ақ Орданың бұл билеушілерінің бәрі де көрпесіне қарай көсіліп, өздерін алдағы кезеңдерде күтіп тұрған тарихи процестерге жақындай берді. Бір таңқаларлығы, Ақ Орда билеушілерінің басты мүдделері де халықпен біте қайнасып жатты. Ақ Орда өз еркіндігі мен егемендігін сақтау үшін түлкібұлаң саясатта бұралаңы жоқ түзу жол таңдай білді.

Экономикалық даму жағынан алсақ та Ақ Орда сол кезеңдерде өзге елдерге үлгі бола білді. Шаруашылығы да өркендеп дамыды. Тек кейінгі дәуірлерде ғана көшпенділердің экономикалық дамуы біртіндеп өгізаяңға түсе бастады. Әскери қуаттылығы жағынан да мақтанатындай жағдайда болмады. Ал, сол кезеңдерде Еуропадағы мемлекеттер жаңа өрлеу дәуіріне қадам басты. Шеберханалар мен мануфактуралар пайда болып, олар әскерлерін мылтықпен, зеңбірекпен қаруландыра бастады. Болашақ Еуропаға қарай қол созды.

 

Жетінші жеңіс

Шу өзенінің жағалауына жақын таулы аймақ Қозыбасыда 1465 жылы Қазақ хандығы құрылды. Бұл Ұлы Даладағы тарихи оқиға еді. Дешті Қыпшақ көшпенділерінің, жалпы қазақ рулары мен тайпаларының ғасырлар бойы армандап келген мақсаттары жүзеге асты. Осы оқиғадан кейін дала халқының саяси өмірінде де күрт өзгерістер сезіле бастады. Орта Азияда ынтымағы мен бірлігі жарасқан мемлекет өмірге келіп, оны өзге елдер де мойындады. Орта Азияда бейбіт жолмен, халықтың ауызбіршілігімен өмірге келген бұл мемлекет бірнеше ғасыр бойы аймақтағы саясатта шешуші рөл атқарды. Қазақ хандығы – қазақ халқының толыққанды ұлттық мемлекеті. Қарап отырсақ, сол дәуірде Орта Азияда түрлі хандықтар, әмірліктер сияқты мемлекеттік құрылымдар болғанымен, тап Қазақ хандығындай біртұтас ұлттық мемлекет болған жоқ. Бұл біздің ата-бабаларымыздың шын мәніндегі ұлы жеңісі еді.

Қазақ хандығының дабысы біртіндеп алысқа кете бастады. Сонау түркі қағанаттары замандарындағы «Мәңгілік ел» идеясы осынау ұлттық мемлекетіміздің құрылуымен іс жүзінде жүзеге асты. Сол заманнан бері 500 жылдан астам уақыт артта қалып, Қазақ мемлекеті талай өмір сынақтарын артқа тастап, өзгелерге ұқсамайтын ұлттық, дара қасиетін жоғалтып алмай алға қарай қадам басты.

Бұрынғы Ақ Орда хандарының ұрпақтары Керей мен Жәнібек Қазақ хандығының құрылуына ұйытқы болды. Олардың есімдері ел қамын ойлаған, болашақты болжай білген дара тұлға болып мәңгілікке сақталып қалды.

Қазақ хандығын нығайта түсуге Керей мен Жәнібектен кейін Қасым, Хақназар, Тәуекел хандар көп үлес қосты. Бір айта кететіні, Қасым ханның тұсында оның иелігіндегі халықтың жалпы саны 1 миллион адамға дейін жетті. Ел қорғайтын сарбаздарының саны 300 мыңға дейін жетті.

Хан ордасы жиі өзгеріп тұрды. Бастапқыда ол Шуда болса, кейіннен Сығанаққа, Сарайшыққа, Созаққа, Түркістанға көшті. Хан ордасының бұлайша әр жерге орнығуы сол кезеңдердегі қазақ мемлекетіне тән ерекшелік еді. Асан Қайғы, Қазтуған жырау, Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалаири және басқа да ұлы тұлғалар осы уақыттың перзенттері еді.

Қазақтар өзінің ұланғайыр атамекенін қорғап, кейінгі ұрпақтарына жеткізу жолында жауларымен қасық қандары қалғанша шайқасты. Мәселен, «Бабырнама» кітабын өткен өміріміздің айғағы десек те болады. Бабырдың үнді еліне жасаған жорығында оның сарбаздары құрамында көптеген қазақтар болды. Кашмирдің билеушісі Мұхаммед Хайдар Дулатидің өмір жолы да сол дәуірдегі тарихымыздың бір көрінісі. Көшпенділер сарбаздарының ерлігі мен батылдығын жатжұрттықтардың өздері де еріксіз мойындады.

 

Сегізінші жеңіс

XVII – XVIII ғасырлар аралығындағы жеңістерді жаз жайлаудан қыс қыстауға көшіп-қонып ғұмыр кешкен қазақ халқының сол замандардағы соңғы жеңісі деуге болады. Қазақтар осы кезеңдерде өз еліне басқыншылық жасаған жауларына қарсы соғыста ерліктің де, өрліктің де, бес қаруының күшін де көрсетті. Қазақ хандығының билеушісі Есім хан жеңімпаздығымен даңққа бөленді. Ол жоңғар басқыншыларымен және Бұхар хандығымен, Ташкент билеушісі Тұрсын хан әскерімен болған соғыста сарбаздарын шайқасқа өзі бастап кіріп, жеңіс туын желбіретті. Есім ханның есімі тарихта көрнекті ел басшысы, дарынды дара тұлға әрі білгір реформатор ретінде қалды. Оның басшылығымен қазақ халқының менталитетіне тән заңдар қабылданды.

Есім ханның екінші ұлы Жәңгір хан да Орбұлақ шайқасында өзінен анағұрлым күші басым жоңғар басқыншыларына бас көтере алмастай соққы беріп, құрмет пен даңққа бөленді. Ол тау шатқалында сайдың тасындай іріктелген 600-дей сарбазымен жоңғар басқыншыларының 50 мың әскеріне қарсы тұрып, жаудың 10 мың қолын жер жастандырды. Күйреген жау амалсыз кері шегінді. Осылайша ол спартандықтардың патшасы Леонидтің Фермопилдегі ерлігін қайталады.

Одан кейінгі қазақтың ханы Тәуке соңына парасаттылығымен, болашақты болжай білетіндігімен мәңгі өшпес із қалдырды. «Жеті жарғы» заңдар жиынтығы оның есімін мәңгілікке ел есінде қалдырды. Ол өз жанына Ұлы даланың аса көрнекті, аузымен құс тістеген шешендері мен әділдігімен қара қылды қақ жарған билерін тарта білді. Халық ел қамын ойлаған Тәукені өздеріне қорған тұтты.

Тәуке жоңғар басқыншыларына қарсы күресте халықты бір тудың астына топтастыра білуімен ерекшеленді. Ол сыртқы жауларға қарсы күресте қазақ сарбаздарының қатарына туыстас қырғыз және қарақалпақ халқын да тарта білді. Түркістан қаласында кез келген сәтте жауға қарсы жорыққа шығуға дайын тұрған 80 мың жауынгерді ұстады.

1723 жылы жоңғарлар 70 мың әскермен қамсыз жатқан Қазақ хандығына қарай қаптады. Бұл кезде Тәуке хан өмірден озған болатын. Ал, бейқам жатқан кейінгі хандардың басқыншыларға тойтарыс беруге шамалары келмеді. Қазақ халқының басына қара бұлт үйіріліп, қайғы заман басталды.

Басқыншыларға қарсы күресте халықты Әбілқайыр, Жолбарыс хандар мен Төле, Қазыбек, Әйтеке билер жұмылдырды. Қазақтың үш жүзі Ордабасыда бас қосып, бірауыздан бәтуа жасасып, ел бірлігін нығайтып, Бұланты және Аңырақайдағы «Шаңды жорық» деп атаған соғыста басқыншыларға бас көтере алмастай соққы берді.

Сыртқы басқыншыларға қарсы күресте барша қазақтың басын қосып азаттық күреске жұмылдыра білген, салиқалы саясат ұстанып жеңіс жолын жалғастырған ұлы хан Абылайдың тарихымыздан алар орны ерекше. Ол Қазақ хандығының мәртебесін биіктете түсті. Абылай ханмен көрші қуатты мемлекеттер санасып отырды.

Бұл алмағайып кезеңдерде халқына дем берген Бұхар жырау, Ақтамберді жырау, Қожаберген, Үмбетей, Тәтіқара және басқа да халық ауыз әдебиеті өкілдерінің алар орны ерекше. Олар өздерінің жалынды жырларымен халыққа жігер бере білді.

Қазақ хандығына жан-жақтан сыртқы жаулар анталап тұрды. Шығыстан жоңғарлар, оңтүстіктен Қоқан мен Хиуа хандықтары, батыстан қалмақтар шабуылдаса, солтүстігі мен батысында Ресей мемлекеті қыспаққа ала түсті. Қазақ халқы атамекенін қорғап, болашақ ұрпақ қамы жолында жауларының бәрімен жараланған жолбарыстай жан алысып, жан берісіп айқасып бақты. Ресей империясы осы кезеңде өзінің әскери-техникалық қуатының мықтылығын пайдаланып, қазақ жеріне дендеп ене бастады.

Бұл аса ауыр кезеңдерде қазақ халқы саяси-экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық және мәдени даму жағынан кешеуілдеп қалса да елін сүйген, оның бүгіні мен болашағы жолында күрескен ұлы тұлғаларды өмірге әкелді. Олар халық азаттығы жолында күрескен айбынды хан Кенесары, ұлы ойшыл Абай, ағартушы-ғалым Шоқан Уәлиханов, ағартушы педагог Ыбырай Алтынсарин, күйші Құрманғазы және басқалар еді.

Ұлы дала елі азаттық жолында күрескен батыр перзенттерін мәңгілік ұмытпайды. С.Датұлы, И.Тайманұлы, М.Өтемісұлы, Ж.Тіленшин, Ж.Нұрмұхаммедұлы, Жанғожа батыр, Е.Көтібарұлы, А.Иманов және басқалар халқымыздың мақтанышы.

Қазақ даласы Сүйінбай, Ақан сері, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Біржан сал, Естай сияқты таланттардың жырлары мен әндеріне тербелді. Олардың бәрі де замандастарының ғана емес, кейінгі ұрпақтарының да мәңгілік мақтанышына айналды.

ХХ ғасыр қазақтың қоғамдық және мәдени өміріне күрт өзгерістер әкелді. Халқымыз ғасырлар бойы сақталып келген көшпенді өмірінен еріксіз қол үзіп, бірден отырықшылыққа көше бастады. Даланың көшпелі қазағы ауыл қазағына, одан қала тұрғынына айнала бастады. Қазақ халқы сауат ашуға ерекше мән беріп, ұлттық зиялы қауым өкілдерінің саны қаулап өсті.

 

Тоғызыншы жеңіс

ХХ ғасыр халқымыздың қоғамдық өміріне түбегейлі өзгерістерімен, жаңалықтарымен қатар қайғы бұлтын да үйіре келді. Басқыншылардың озбыр саясаты бір қарағанда ел дамуын тездеткендей көрінгенімен, қоғамды бір формациядан екінші формацияға жедел, зорлықпен көшірудің зардабы ауыр болды. Халықтың көп бөлігі ашаршылықтың, репрессияның, соғыстың, жеке басқа табынушылықтың, ядролық сынақтардың құрбанына айналды.

Кеңестік кезеңде жеріміздің қазба байлықтары түгелге жуық игерілді. Бірақ, оның бәрі де өз халқымыздың емес, Кеңес Одағының игілігіне жұмсалды. Кеңестер Одағының стратегиялық табыстарға жетуіне Қазақстан елеулі үлес қосты. Қырғиқабақ соғыс жылдарында қазақ жері атом өнеркәсібін дамытатын, ғарышты игеретін алаң ретінде пайдаланылды. Соның салдарынан атамекеніміздің экологиясына орны толмастай залал келтірілді. Тың және тыңайған жерлерді игереміз деген коммунистер қазақтың миллиондаған гектар шұрайлы жерін бейберекет жыртып, құнарын кетіріп, тоз-тозын шығарды.

Қуанышы аз, қайғысы орасан зор болған бұл кезеңдердегі қазақ халқының жеңісі – осынша зобалаңның арасында жер бетінен жойылып кетпей, аман қалғаны, атамекен жерінің тұтастығын сақтап қалғаны және ұлттық зиялы қауымның қалыптасқаны дер едік. ХХ ғасыр А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, М.Шоқай, М.Тынышпаев, Т.Рысқұлов, М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Д.Қонаев, Ә.Марғұлан, Б.Момышұлы, Е.Бекмаханов, Д.Нұрпейісова және тағы басқа көптеген дара тұлғаларды өмірге әкелді. Ел ұлтжанды, халқымыздың болашағы үшін күрескен алашордашылардың еңбектерін, ерліктерін ешқашан ұмытпайды.

Ұлы Отан соғысы басқалармен қатар қазақ халқына да орны толмас қайғы-қасірет әкелді. Біздің аталарымыз бен әжелеріміз майданда ерліктің ерен үлгісін көрсетумен қатар, жауынгерлерді азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз етті. Қазақстаннан майданға аттанған 500 сарбаз Кеңес Одағының Батыры атанды.

 

Оныншы жеңіс

1991 жылы әлем картасында Қазақстан Республикасы деген тәуелсіз мемлекет пайда болды. Бұл – қазақ халқының арғы-бергі тарихтағы ең Ұлы жеңісі еді! Тәуелсіздік біздің ең қасиетті құндылығымыз, ұлтымыздың қасиетті бойтұмары.

Жаңа мемлекет құру – қай халық үшін де өте күрделі процесс. Жасыратыны жоқ, тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда жас мемлекетіміз көптеген қиындықтарға тап болды. Ал, бүгіндері Қазақстан адам танымастай өзгерген. Оның жаңа астанасы – Астана қаласы өзінің көріктілігімен, сән-салтанатымен дараланады. Қазақ халқы өзінің алтын ғасырында нық сеніммен алға қарай адымдап келеді. Қазақстанның гүлдене түсуі Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты.

Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі – халқымыздың басына қонған өлшеусіз бағы мен бақыты. Халқымыз бұл еркіндікке бірнеше ғасырды артқа салып барып жетті. Ал, бүгінгі ұрпақ «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыру жолында жұмыла еңбек етуде.

Иә, біз өз тарихында осындай ұлы істерді атқарған жеңімпаз ұлттың ұрпағымыз. Осыны мақтан ете білейік.

Әбдіқадыр ДӘУІТБЕКОВ, тарихшы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ