Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

МЕМЛЕКЕТ ӨЗ АЗАМАТТАРЫН ҚАМҚОРЛЫҚСЫЗ ҚАЛДЫРМАЙДЫ

Ақпан 12 / 2019

 

Қазақстан әрқашан өз саясатында әлеуметтік салаға баса назар аударып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың да, Үкіметтің де атқарып отырған қызметінің түпкі мақсаты – халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту. Президенттің бес әлеуметтік бастама көтеріп, халықты баспанамен қамтамасыз етуге күш салуы, студент жастарды жатақханамен қамтамасыз етуге назар аударуы, жалақысы аз қызметкерлерге салынатын табыс салығының мөлшерін 10 есе қысқартуы сөзіміздің дәлелі емес пе?!

 

Бүгінде мемлекет халықтың әлеуметтік тұрғыда әлжуаз топтарына барынша қолдау көрсетіп отыр. Мәселен, мүгедек жандарға берілетін жәрдемақыларды алып қарайықщы. Бұл жәрдемақылардың мөлшері 2018 жылдың қаңтар айында 16 пайызға, биыл тағы 5 пайызға көбейді. Бүгінде І топтағы мүгедектерге ай сайын – 58 мың теңгеден астам, ІІ топтағы мүгедектерге – 45 мың теңге, ал, ІІІ топтағы мүгедектерге – 34 мың теңгеден астам жәрдемақы беріледі. Одан бөлек 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға – 41 мың теңге жәрдемақы берілсе, сол мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға қосымша 34 мың теңге көлемінде жәрдемақы тағы беріліп отыр. Сондай-ақ, өздігінен жүріп тұра алмайтын І топ мүгедектеріне күтім жасап отырған азаматтарға да осындай жәрдемақылар төленіп келеді.

Ай сайынғы жәрдемақылардан бөлек, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар тұрғын үй кезегіне тұрып, мемлекеттен арендалық баспана ала алады. Қала берді бір ғана Түркістан облысында мүгедек жандарға техникалық көмекші және арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында 7 815 сурдо және тифлотехникалық құралдар, 2 550 қол арба алынып, берілді. Сонымен қатар 13 477 мүгедек санаторлық-курорттық емделу орталықтарына жіберілді.

Егер бір ғана Түркістан облысында 80 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат барын ескерсек, мұның барлығы бюджет шығындарын арттырып отыр. Біз осының барлығы мемлекеттің өз азаматтарына көрсетіп отырған қамқорлығы екенін түсінуіміз керек. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың, көпбалалы отбасылардың, аз қамтамасыз етілгендердің лайықты өмір сүруі үшін бюджеттен жүздеген миллиард қаржы жұмсалып жатыр. Әрине, өмір болған соң шешілмей жатқан  әлеуметтік түйіткілдер де аз емес. Бірақ, барлығы экономикамыздың әлеуетіне, бюджеттің мүмкіндіктеріне байланысты. Халқымыздың ауызбірлігі бекем болса, елімізде тыныштық пен тұрақтылық сақталса, мемлекеттің өз азаматтарына көрсететін әлеуметтік қолдауы жылдан жылға арта түсетіні анық.

Әділхан ИСАБАЕВ, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ