Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

ТҮРКІСТАНДА ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫН АЛУДА

Ақпан 12 / 2019

 

Тұрғын үй мәселесі қай уақытта да өзекті мәселе екені белгілі. Елімізде осы түйткілді мәселені шешу үшін ауқымды шаралар атқарылып жатыр. Баспанаға деген мұқтаждықты төмендету мақсатында Елбасымыз жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында облыс басшыларына жаңа талаптар мен міндеттер жүктеп, нақты тапсырмалар берді. Бүгінгі күні Түркістан өңірінде осы тапсырмалар жоғары деңгейде орындалу үстінде деп сеніммен айта аламыз. Өйткені, бүгінде облыста тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді.

 

Мәселен, өткен жылы 387,8 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылып, жоспар 21,7 пайызға артығымен орындалған. Бұл өз кезегінде 3074 отбасыны баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Соның ішінде бюджет қаржысы есебінен жалпы алаңы 30,6 мың шаршы метрді құрайтын 35 тұрғын үй пайдалануға тапсырылды. Осы орайда «7-20-25» бағдарламасын іске асыру аясында облыс әкімдігі мен «Баспана» АҚ арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум түзілгенін атап өткен жөн. Қазіргі уақытта «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» мен жеке тұрғын үй салушылар есебінен 6 қабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Яғни бұл жыл соңына дейін түркістандықтар 26,1 шаршы метрге орналасқан 336 пәтерге ие болады деген сөз. Бұдан бөлек, Түркістан қаласындағы «Отырар» шағынауданында «Түркістан – жаңа қала» тұрғын үй кешенін салу жоспарлануда. Ондағы 38 гектар жер теліміне 88 көпқабатты тұрғын үй тұрғызылады. Жалпы, Түркістан қаласында барлығы 4 тұрғын үй кешенінің құрылысы жүргізіледі. Олар – «Отырар», «Сырдария», «Арман», «Сауран» тұрғын үй кешендері. Осының аясында биыл 1362 пәтерлі 44 тұрғын үй «7-20-25» бағдарламасы арқылы беріледі. Қалған үйлерді пайдалануға беру межесі 2020 жылға белгіленіп отыр.   

Өмірзақ МЕЛДЕХАНОВ, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы. Облыстық мәслихаттың депутаты.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ