Аспан асты, жер үсті 0 пікір 3088 лайк

Аян, Саян, Аман... Биылғы үшемдер көшін бастады

Ақпан 12 / 2019

 

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Демографиялық көрсеткіш бойынша республикада көш бастап келе жатқан Түркістан облысында 2019 жылдың алғашқы үшемдері дүниеге келді. 23 қаңтарда туған нәрестелер жиырма күн бойы дәрігерлердің бақылауында болып, кеше үйіне шығарылды.

 

Бір жарым, екі келі салмақтағы үшемнің үшеуі де ұл. Анасы Жадыра Әбдалиева – 29 жаста. Олар – бұл отбасының тұңғыштары. Отағасы Дәулет Әбиевке үш ұл сыйлаған жас ананың қуанышында шек жоқ.

«Үшемді өмірге әкелгенім үшін өте қуаныштымын, – дейді жас ана бізге берген сұхбатында. – Алғашқыда қорқу, толқу болды. Бірақ, бәрі де сәтті өтті. Екі күн жансақтау бөлімінде жаттым. Нәрестелер де осы бөлімде дәрігерлердің бақылауында болды. Төрт күннен кейін қолыма алдым. Үйдегілермен ақылдасып, балаларды Аян, Саян, Аман деп атауды жөн көрдік».

Жас ананың айтуынша, өз жағында да, жолдасы жағында да тұқымдарында егіздер бар екен. Нағашы әжесі Гүлсара Садыбаеваның да алғашқы перзенттері егіз болған. Осылайша егіздер көшін үшемдерге ұластырған Жадыра Заманқызы балаларына күтім жасап, қомқорлық танытқандары үшін Түркістан облыстық №1 перинаталдық орталықтың дәрігерлеріне дән риза. Ал, ақ желеңді абзал жандар жүктілігі ауыр жас анаға шұғыл ота жасағандарын айтады.

– Негізі, нәресте жүктіліктің 36-37 аптасында дүниеге келуі керек. Ал, бұлар 32 аптада туылды. Өкпелері дұрыс жетілмегендіктен жасанды тыныс алу аппаратына қостық. Төрт күн бойы жансақтау бөлімінде жатқан үшемнің беттері бері қарап, жиырма күн арнайы күтім жасайтын бөлмеде жатты. Бүгінде сәбилердің денсаулығы жақсы, өмірлеріне ешқандай қауіп жоқ, – деді орталықтың нәрестелер патологиясы бөлімінің меңгерушісі Роза Шалабаева.

Түркістан облысы бойынша өткен жылы 53 мыңнан астам нәресте дүниеге келген болса, соның 9904-і осы орталықта өмірге келген. Есепті кезеңде екі үшем, екі жүзге жуық егіз тіркелген. Ал, биылғы бір айда 600-ге жуық нәресте өмірге келген. Оның 13-і егіз, біреуі – үшем.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ