Құрылыс екi ауысыммен жүруде

Ақпан 12 / 2019

 

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Түркістан қаласындағы бірқатар құрылыс нысандарын аралап, атқарылып жатқан шаруалармен танысты. Өңір басшысы алдымен салынып жатқан әкімшілік-іскерлік орталығында болды. Бүгінде ондағы 48,4 гектар аумаққа бірінші кезекте салынуы тиіс 13 нысанды іске асыру үшін жер телімдері толығымен босатылған. Қазіргі таңда мұнда облыстық әкімдік пен басқармалардың және департаменттер ғимараттарының құрылысы жүруде.

 

Құрылыс жұмыстарымен танысқан облыс басшысы жұмысты қарқындатуды тапсырды.

«Әкімшілік іскерлік орталықтағы барлық ғимараттардың құрылысын жеделдету керек. Екі ауысыммен 12 сағаттық жүйемен жұмыс істеу қажет. Межеленген жоспар бойынша құрылыстарды уақтылы аяқтауды тапсырамын» деді Жансейіт Қансейітұлы.

Сондай-ақ, облыс басшысы бастаған топ 7000 орынға шақталған стадионның құрылыс жұмысымен танысты. «Самұрық – Қазына» Ұлттық компаниясының тапсырысымен салынып жатқан нысанның жалпы аумағы 26075 шаршы метр.

Одан бөлек, 26 көпқабатты тұрғын үй мен 88 көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары да қарқынды түрде жүргізілуде. Түркістан қаласының рухани-мәдени аймағында «ҰӘҚ Самұрық – Қазына» АҚ тапсырысымен Қожа Ахмет Ясауи мұражайы бой көтеруде. Мұражайдың аумағы 3200 шаршы метрді құрайды. Сонымен қатар, Ұлы Дала Елі орталығының құрылысы да қатар жүргізілуде.

Құрылыс нысандарын аралап шыққан облыс әкімі тиісті мамандарға жұмысты ширатуды тапсырды. Ауа райының қолайлы сәттерін тиімді пайдаланып, екі ауысымда жұмыс істеп, жоспардан қалмау керектігін жүктеді.

Түркiстан облысы әкiмiнiң баспасөз қызметi.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ