Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

«Адал кәсiп – адал нәсiп»

Ақпан 12 / 2019

 

Қайрат Зайнишев, «Ońtústik Qazaqstan».

Түркістанда «Адал кәсіп – адал нәсіп» атты жаңа бағдарламаның тұсауы кесілді. Басты үйлестірушісі – Түркістан облысының әкімдігі мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті.

 

Аптаның дүйсенбісінде аталған бағдарлама аясында өңір кәсіпкерлеріне арналған ашық есік күні өтті. Онда несиемен қаржыландыру мекемелерінің басшылары облыс кәсіпкерлерімен тұңғыш рет галстуксіз кездесу өткізіп, мәселелерін тыңдады. Кәсіпкерлерді қолдауға арналған бағдарламалар бойынша қажетті кеңестерін беріп, бизнестерін дамыту жолдарын түсіндірді.

Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков облыс кәсіпкерлерімен ашық әңгіме жүргізіп, жаңа бағдарламаның мақсатымен көпшілікті таныстырып өтті. Келушілерді толғандырып жүрген мәселелерді тыңдап, сұрақтарға жауап берді.

– Бұл өте маңызды кездесу. Басты мақсат – кәсіпкерлердің негізгі мәселелерін шешу. Біздің облысымыздың кәсіпкерлері өте белсенді. Кәсіпкерліктің дамуы барысында республикада екінші орынды иеленеміз. Дегенмен, проблемалар да жоқ емес. Сол туындаған мәселелердің шешу жолдарын қарастырып, оң нәтижеге жету мақсатында жиналып отырмыз, – деді. Сондай-ақ, әр айдың 20-шы жұлдызын «Кәсіпкерлер күні» деп белгілеп, ашық қабылдаулар жүргізілетіндігін жеткізді.

Ал, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев өз мекемесінің кәсіпкерлерді сыбайлас жемқорлықтан қорғауға және әкімшілік кедергілерді жоюға дайын екендігін жеткізді.

Облыстық «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының директоры Олжас Қаржауов пен Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Еркін Елшібеков саладағы жаңа өзгерістерді түсіндіріп берді.

«Адал кәсіп – адал нәсіп» бағдарламасы аясында 87785556030 WhatsApp желісінде онлайн-қызмет енгізілген. Оның көмегімен әкімдіктің call-center-іне шағымдар мен ұсыныстарды жолдауға болады.

WhatsApp желісіне түскен хаттар билік тарапынан қарастырылып, кәсіпкерлік саласының жұмысын жақсарту бойынша тиісті шаралар қолданылады. Ал, ең тиімді деген ұсыныстар бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы жұмыс барысына ендірілмек.

Кездесу барысында кәсіпкерлер бизнестің дамуына кедергі келтіріп жатқан мәселелер жайлы сөз қозғап, мемлекеттік органдар басшыларынан өзекті сұрақтарына жауап алу мүмкіндігіне ие болады.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ