Луристан жорығы

Ақпан 12 / 2019

немесе ұлы Түркiстан Әмiр Темiр жиһангер заманында

 

Еркінбек Тұрысов

(тарихи хикаят)

Бұл сыры, жыры таусылмайтын ғаламда не шек­сiз – адамның теңiзден терең, ой-дариясы шексiз. Не жүйрiк, ескен желден, зымыран құстан асқан адамның ой-қиялы жүйрiк. Ат үстi қанат болып, дүние бетiн жел кемесiмен кезген Əмiр Темiр көрегеннiң тақымы құла айғырда, еңсесi ескен желде, қиялы алыс қалған өткен күндерiмен сырласып келе жатты.

Темiрдiң iшкi есебiнде, бұл жорықты ол Үрмиден керi аттанып бара жатқан жолын суытпай, келер 1388-шi ұлу жылының көктемiнде бастамақ едi. Бiрақ, бұл жолы адамның айтқаны емес, Алланың дегенi болады.

Ақыраптың ақырғы бiр кешiнде, Зинде-Руде өзенiнiң жағасында өткен əскери кеңесiнен кейiн Темiр, алды Хорасанға жетiп, бұларды күтiп жатқан Мұрат хан мен Аллададаға үкiлi пошта шаптырған. Онда аттылы түмендерi сол Хорасан мен Мургабтың жайылымы мол жазық тоғайларында қыстатып, Сарай Мүлiк ханым бастаған үлкен сəндi топ əйелдерiн, күтушi нөкерлерi мен жас немерелерi Халил Сұлтан, Искандер мырза, Ибрагим Сұлтан, Сұлтан-Хұсейндi көш көлiгiмен Гератқа, Шахрухтың қол астына жеткiзуiн талап еткен. Бұдан кейiн ол алдағы тау асуларына Барлас найзагерлерiнен iрiктелген Жағатайдың шолғыншы жасағын аттандырып, бұлардың iзiмен өзi де екi түменiн бастап, ат басын Күнгейдiң жылы теңiздерi жуып жатқан Фарс пен Луристанның жасыл нулы, жайлы өлкесiне бұрған.

Темiрдiң есебiнде Арзурум арқылы Армен тау асуларын асып, Осман түрiктерiн тiзе бүктiретiн алдағы шешушi жорыққа дейiн үш ай уақыт бар. Бұл тым көп те, аз да емес. Азулы жаумен айқасқа бару əманда сайлы əзiрлiктi керек етпек. Хорасан мен Герат, Сұлтания мен Фарс, мына терiскей Үндiстанға дейiнгi Луристанның жерi мен елi, малы мен пұлы сол айтулы жорыққа ауадай қажет қару-жарақ, ат пен азық, ас-ауқаттың теңiздей шалқар кенi. Гүл жиһазды шаһарлар мен уәлаяттар елiнiң сан ғасырлар сақтаған қазына дəулетi жиһангер сапарының жолына құрбан болуға тиiс. Темiрден қалған малы – мал, жаны – жан болмақ.

Осы есеппен бұдан тоғыз жыл бұрынғы аламан жорықта ақ туларын жиһан падишағының аяғына жығып, Империя құрамына берiлген ұланғайыр өлкеде Темiр заманының темiрден берiк тəртiбiн нығайта түсу, Əмiрдiң – əмiрлiгiн, пенденiң – пенделiгiн сөзбен емес, iспен үстем етудi ойлап атқа мiнген.

Əр кездегiдей сапардың жолы сайлы жүргiншiге өзiнше мерей, өзiнше бiр мереке. Зинде-Рудеден ұзап шыққан күнi, орданың сайыпқыран жасақтары Шах-реза қамалы маңында, тау баурайының бiр мəуелi қойнауына Əмiр қосынына арнап қоналқы шатырларын тiккен Əмiр Темiр көреген соңғы ай, соңғы апталарда шаң мен мұң басқан Шахрихан оқиғасынан кейiн кiрлеген көңiл-күйiн осында, Иранның асқар тау өлкесiнде, таза кəусар бұлақ жағасында кiреуке ауасы көкiрек жарған мақпал аспанның астында Хузестанның мөлдiр шəрбетiмен жумақ болған.

Ол күнгi салқын күз аспанының жүзi айнадай ашық, тек алыстан мұң басқандай мұнар құшқан тау өлкесi ғана көгiлдiр перде жамылып, құпия сыр құшағына шомған.

Қиырдағы Рум, Византиядан Тəбризге, одан Тегеран, Исфаһан, Шариз арқылы қос дарияға асатын ұлы жол бұларды сол сеңгiр тау бауырына бастап келедi. Темiр қосыны қос түменнен түстiк жер ұзап кеткен, бүгiнгi қоналқы жер – Шах-реза қамалы маңындағы биiкте, хурма бауы саясына арнайы тiгiлген көкжiбек орда шатырда болмақ. Оған дейiн əлi недəуiр фарсах жер жатса керек.

Темiр құйма тұяқ, құлансауыр араби арғымағы үстiнде, биiк, еңсегей тұлғасын қапсыра кiреуке сауыт киген, басындағы маңдай қалқаны алтынмен зерленген болат дулығасы қиырға еңкейген күн сəулесiне шағылып, құбыла жалтылдайды. Темiр мұндай құрышқа тек ұлы жорықтың қанжосықты күндерiнде ғана құрсанар едi. Бұл ендi жиһангердiң кешегi Шахрихан, Зинда-Рудедегi қанды көбiкпен толқыған қаралы, азалы күндер əсерiнен əлi де айыға алмағандық белгiсi. Ол сауыт-сайманы Əмiр үстiнен түскенге дейiн, көш үстiнен бозторғай қайта ұшқанға дейiн қол мен қосынның көк найзасы қолдан түсiп, қайқы қылышы қынабына салынбақ емес.

Топ жұлдыздай шоқтанып, үздiк-создық созылып келе жатқан сарыала топтың алдын бастаған Темiрге тiзгiн түйiстiре, үзеңгi қағыстыра еркiн келе жатқан жалғыз ғана жан баласы бар едi. Ол – жорықтың ыстық-суығын, ащы-тұщысын ұлы Əмiрмен бiрге татып, қанаттас келе жатқан, атақты Шағатай сұлтаны Қажыбек батырдың қызы, Темiрдiң сүйiктi əйелi, Арқада туып, айдында өскен сарайдағы екiншi жұлдыз Шолпан Мүлiк ханым.

О бастан бұла мiнездi ерке-еркiн Шолпан ханым, ор қояндай аяқ тастап, жер танабын қуырған сүлiктей қара арғымағы үстiнде Əмiрге жанай жортып, оған наздана көз тастап, жез қоңыраудай сыңғырлаған таза даусымен сыңқылдай күлiп, əлденелердi сөйлей түседi:

– Мына жол бiздi қайда апарады, ұлы көреген?

– Бүгiнгi қонар-қосымыз – Шах-реза бауына апарады.

– Шах-реза бұл арадан алыс па?

– Алты фарсах жер қалса керек.

– Шах-резадан арғы жағын не деймiз?

– Арғы жағы – Зегрестiң зəулiм таулары.

– Таудан қалай асамыз?

– Мургабтың биiк асулы жолы бар.

– Ол жолмен қайда барамыз?

Темiр жас балаша мəз Шолпан ханымға қыран бүркiттей отты жанарын аударып, шаншыла бiр қарап, езуiнен мырс еттi.

– Жүре берсек Ширазға, одан əрi жылы теңiздiң жағалауына шығамыз.

– О, Шираз! – Əжемнiң аңыз ғып көп айтатын Ширазы осы жақта ма едi? О, ғажап, ұлы жиһангер ием, теңiзден өтсек қандай жер, қандай елге жетемiз?

– Теңiзден ары айта беретiн Арабтың ұлы шөлдерi, шөлден əрi кəдiмгi қасиеттi Медине.

– Медине?!

– Иə, жаңсағы жоқ, ханым!

– Мединеден соң Мекке болмаушы ма едi?

– Иə, ұлы Мұхаммадин – Расуллулла мекенi, қасиеттi Мекке – жер ұшығы сол шөлдiң арғы жағында.

– О, қасиетiңнен, атыңнан айналайын, ата-бабам тəуап қылған Мекке мен Мединеге келе жатыр екенбiз-ау, ұлы жиһангер – ием!

– Ол солай, қажының қызы. Əкең Шағатай бегi Меккеге сапар шегiп қажы атанып едi. Бiрақ, сен мынаны ойла ханым, жаңа наурыз, құжыраның жылы келсе, Осман түрiктерi де алынар, сан мың құлдар, күңдер Самарқанға ағылар. Сол мұратты күнiмiз туса, Қажыбектiң қызы Шолпан ханым атымен, сенiң бабаларың Мекке жолында сан рет барып мiнəжат қылған дiлмəр – дана бабамыз – Яссыда қалған құл Қажы – Ахмет Ясауи мазарының үстiне, əлемдегi ең үлкен ғимарат орнататын боламыз. Пəни дүниедегi екiншi Мекке сонда болуға тиiс.

– Шын айтасыз ба, ұлы падишах?

Темiр Шолпан ханымға жанары ұшқын ата қарады.

– Əмiр Темiрдiң жаңсақ айтқанын қайдан көрiп ең?

– Қуанып айтқаным ғой, ұлы жиһангер.

– Сол мазар, ғибадат мешiтiн орнататын ұста осы Шираздан шыққан сəулетшi Убайдулла Садр Маулан Ширази болмақ.

– Садр Ширази. Ол бүгiнде Самарқанда болса керек.

– Иə, Регистанның ескi жайларын жаңа үлгiде қайта тұрғызып, Көксарай мен Шах-и зинданы жаңартып жатқан сол Ширази.

– О, құзырыңызға құлдық падишах. – Қожа Ахмет Ясауи – күллi Шағатай ұлысының оң атырабында, оң сапардың жолында дүниедегi ең үлкен, ең биiк, ең сұлу ғибадат мекенi, қасиеттi мазар-мешiтi алыстан, тiптi көз жетпес, қиял жетпес жерден күн шұғыласына шағылып, сəулет берiп жарқырап тұрса... Неткен əйдiк, неткен керемет болар едi, ұлы падишах ием!

– Иə, ол Яссауи күмбезi əлемнiң қай бұрышынан қараса да көрiнетiн болады. Оны көзiмен көре алмағандар көкiрегiмен, санасымен көретiн болады.

– Əлемнiң... дүниенiң шартарабынан... неткен əйдiк, неткен керемет! – Шолпан ханым алыста көкторғын мұнар құшқан зеңгiр таулар биiгiне сылаң сұлу арғымағы үстiнен көз жiберiп, бiр сəт үнсiз келе жатты. Тұңғиық ой-дариясын қайта серпiп тастап, ол сөзiн қайта жалғады.

– Таудан ассақ, Ширазға жетсек арғы жағы жылы теңiз, арғы жағалауда Мекке мен Медине болса тым жақын келiп те қалған екенбiз-ау, ұлы жиһангер!

– Жылы теңiз, одан ары құс қанатын, тұлпар тұяғын күйдiрген ұлы шөл жатқан жоқ па! Ол сұмдық қиын жол, сол қиямет қиыны үшiн де Мекке сапары қашанда қастерлi де қымбат.

– Одан əргi жерде қандай ел, қандай шаһар болды екен?

Темiр Шолпан ханымға шатынай шаншылып қарасұр жүзi ызғар шашып сұрлана түстi.

– Сен қызықсың, ханым. Мекке – жер шетi. Одан ары шетсiз-шексiз тұңғиық, тек сулар жатыр.

– Сонда өзiңiз айтып жүрген адамзат мекендейтiн ғаламның бар болғаны осы ма, Əмiр ием?

– Күн батыста бiз бармаған, бiз алмаған Балқан тау, Рум, одан əрiде Пранке, Кастелон – Османның елi жатқан көрiнедi. Мына iргедегi Осман түрiктерiнен басқа Осман...

– Түу, япыр-ай, жердiң де, елдiң де аты көп-ақ екен! Əр бұтаның басына бiр бұлбұлды сайратып қойған Құдайдың құдiретi де қызық-ау өзi.

– Иə, ол солай ханым. Сан-сапыра елi, сан қилы жолы керемет асу, құбыла шөл, ұшан сулары, көз көрмес, қиял жетпес құпиясы болмаса, бұл ғалам шетсiз-шексiз жиһан болып жаралар ма едi?

Құбыла жайнап қиял қанатында шарықтаумен келе жатқан Шолпан ханым бұл сəтте құпия сыры таусылмайтын бұл ғаламның алыс қиырына көз тiктi. Оған айнала қоршаған құба дүние құз таулар, шөл ортасында тандырды талдырып кезiгетiн, мəңгiлiк өмiрдiң өшпес белгiсiндей, құлпырған ұжмақ қайнарларына төнiп жайнаған гүл бағы – жасыл аралдар баршасы құдiреттiң алға тартқан сыйлығындай өзгеше бiр қызық. Ал, Темiр болса, тас дүлей кеудеде əр кез құйын ойнатып жататын өз ойымен, тежеусiз тексiз мақсаттың құшағында.

Бəлки, əлгiнде ғана мына үзеңгi қағысып, тұлпар үстiнде тұйғындай сыланған кербез сұлу ханымның қайдағыны түрткен бейкүнə, назды сылқым сауалының əсерi шығар, оның көз алдында осынау бiр қиянда, көгiлдiр мұнар құшқан Қаратаудың қос атырабында қалған Шағатай ұлысының ұлы даласы көлбең қақты. Мұның батыр бабасы, қалың барластың туын ұстаған Қарачор Ноян ұрпағының, онымен қым-қуыт құдандалы, қан мен терi сан-сапыра араласқан арғын мен қалың қыпшақтың, найман, үйсiн, қаңлының ата қонысы – құс қанатын талдырып, құлан тұяғын тоздырған шалқар дүниеде қаздай қалқып көшкен елдiң кiндiгi сол Қаратаудың күнгей бауырындағы Сейхұннан не бары алты фарсах атыраптағы Яссыда жатыр. Сол Яссы – қыдыр дарыған қасиеттi Шейх Қожа Ахмет əулиенiң мекенi – «бұл ғаламның тiзгiнi екi емес, бiр падишахқа ғана тиесiлi» деп он сегiз жылдан берi ат айылын тартып, толассыз жортуылдың жолын кешкен бұл Темiрге түпсiз аспан заңғарында мiзбақпай құбыла жалтырайтын Темiрқазық iспеттi. Темiрқазық орнында тұрғанда əлем көгiнiң төрiнде айбар шеккен ақбоз ат, көкбоз ат та мызғымақ емес. Қыдыр əлейкiəссаламның өзi мұның шылауына байлаған жеңiс тұлпары ұлы жиһангерiн жаңа қастерлi жол сапарына жебей бермек.

Шағатай ұлысының кең өлкесiнде жасақталған алты түмен, алпыс мың қол алғашқы Сұлтания жорығында, жасұлан қолбасы Мұхамед Сұлтанның қоластында, Иран – Тау асуларын асып қарабөрiк түрiкпен, ақ қойлы ауған, қызылбастың қаншама ел-шаһарларын құлдық ұрғызып, тəңiрiне тəубе келтiрiп, – осман түрiктерi мен Шам, Византияға жол ашып бергенi Əмiрдiң əр кез жадында. Оны ол бұл өмiрiнде ұмытпақ емес.

Кешегi қан-қасiреттi Исфаһаннан бергi жерде қаншама жосынды жорықта ат айылы босап көрмеген қаһарлы Алдан баһадүр мен Ергенейдiң екi түменiн жылы үйектiң жайсаң өлкесi – Евфрат пен Тигрдiң жасыл алабына қыс өрiсiне нұсқап, өзi жалаң қылышты Жағатайдың алты мыңдық қорғаныс жасағының жолымен тұлпарын алшаң бастырып келе жатқаны да сол Ұлы Шағатай ұлысының кереметi екенi аян. Оны бұл Темiр əлдекiмнiң сөзiмен емес, өз құзырының құдiретiмен таниды.

Солай екен, империя ұлыстарының ұлысы – Шағатай жерiнiң түп қазығы – қасиеттi Яссы бағзы бiр заманда Қарахан бектерiнен қалған ескi қорда орнында елеусiз қалар жөнi бар ма?!

Өзге емес, қаһарлы Шыңғыс ханның өзi топырағына тəуап етiп, кереметiне бас иген, жорық шаңына шалдырмай, түмендерiн түстiк жерден орағытып өткiзген қасиеттi Ясауи мекенi, əлемдi тамсандырған империяның бiр алтын тұғыры сонда болуға тиiс. Ол өзге емес, бiр ғана ұлы əмiрдiң – əмiрi, алмас қылыштың жүзi, көк найзаның ұшымен ағылатын қазына, айдаушы құл, қаншама алыптар əлемiн дүниеге келтiрген Шығыстың шын ұлдары – ғажайып сəулеткер, ұста, зергер – шеберлер қолының құдiретiмен тумақ.

Ондай шеберлер бұл дүниеде бар болса, өзге емес, бүгiнде алты арыс ел-жұрттың басын қосқан ұшы-қиырсыз Темiр империясындағы бүгiнгi шығыстың жауһаз шаһарлары – Тəбриз, Бағдат пен Фарс, Мешхед пен Шираздың алтын шаңырағы астынан табылмақ. Ол аздық етсе, тарлық етсе мына көк толқынды Əбесхуннан əргi жерде Қап тауын жайлаған əрмен елi, Византия, құз таулардың арғы жағындағы Ауған мен Үндiстаннан алынбақ. Көкте құдай, жерде Алланың ақ семсерiн жарқылдатқан ұлы Əмiрдiң қара жердi қайыстырған қалың қолы тұрғанда, жиһангер құзырына құлы мен пұлын бермейтiн ел мен жер болатын ба едi?

Бұл жайды ойлағанда, Темiрдiң көңiл-көкейiне өткен көктемде, көксарайдағы оңаша бір сұқбатта, Самарқан Регистаны құрылысының бас сəулетшiсi шираздық ұста Убайдулла Садр-аддин Маулан Ширазидiң өзiне айтқан мына бiр насихаты орала бердi. Онда бас ұста Əмiр алдында маңдайын жер иiскете тағзым ғып:

– О, ұлы падишах – ием, шын шеберлiк мүлкi бұ дүниеде екi тумайды, қайта жасалмайды. Ұлы Шағатайдың, ұлы жиһангердiң атақ-даңқын əлемге көтерер алып ғимаратқа жан бiтiрер мен бiлетiн шын шеберлер Тəбриз бен Ширазда жүр, – деп бүгiнде Самарқан мен Шахрисиябзде, Бұхар мен Марғұланда көктемгi өрiмдей бой көтерiп жатқан асыл ғимараттарды салуға, өрнектеуге аса зəру сəулетшi ұсталар есiмiн атап, оны Əмiр жанындағы сарай хатшысы Ибн Араб – шах əл-Айниге жазғызып едi. Олардың iшiнде тəбриздiк құйма шеберi Әбдел Əзиз ибн әл-Шараф-аддин мен бұл дүниеде теңдесi жоқ нақышкер – зергер шираздық Сафар ибн Махмуд жəне асқан сəулетшi ұста Қожа Хасан Ширазидың есiмдерi ерекше аталған-ды.

Əмiр ұлы ұстаның сөзiн оған түнерген түктi қабағы астынан самарқау назар салып үнсiз тыңдаған. Аз ойланып күңгiрлеген күңгiрт даусымен:

– Сен не айтасың Шейх, – деп өзiнен қол созым төменде əңгiмеге сазарып құлақ тосқан екiншi уəзiр Шейх Нұр-аддинге қараған.

– О, ұлы жиһангер ием, – деп отырған орнынан қармақша иiлiп тағзым еткен уəзiр, қазықша қаздиып сөйлей жөнелген. – Барша ғаламның кереметiн жасаушы Шығыстың шын ұлдары өзге емес, өз елiңiзде, империя iшiнде Тəбриз бен Шираздың, Мешхед пен Исфаһанның биiк мұнара – мешiттерiн салған шеберлер Маулан ұстамен тiзе қосса, бұл ғаламның кереметiн солар жасайды деп бiлем...

– Жə, бұл – əуелi Алланың, екiншi – алдағы күннiң iсi. Самарқан салмағын бiр ғана Иран көтере ме, əлде жиһан көтере ме, көрiп аламыз...

– Есiңде болсын, ұста, – деген Темiр əр сөзiн қалт жiбермей, қақшып отырған шеберге көз қиығын аударып: – Қади – Яссы ол дария сыртында бiздiң батыр бабамыз Қарачор Ноянның туы тiгiлген, Барластар жорықтың жолын салған ұлы Шағатай ұлысының ордасы. Алыс жол, айдынды көл, ұшан-теңiз өрiс, дала, биiк таулар ұлыстардың – ұлысы тек Шағатайға жарасқан. Ондағы ел, көшпендiлер тек ауқымды, айдынды алып даланы, кеңiстiктi, биiктiктi, таза, дархан ғұмырды мансұқ етiп жаралған. Олар əманда аяғының астына емес, алысқа, тым алысқа қарайды. Ұясын құзар тауларға салатын қыран бүркiттер сияқты олар ұзаққа қанат сермеудi, өмiр-мұратын алыстан көрудi қалайтын жұрт.

Ол – бiрiншi сөз. Екiншi жағы – дiни исламның тəбəрiк – уағзы ұлығ Ахмед Шейх мəйiтi сол ұлы далада Шағатай ұлысының ордасында жатыр. Ендеше, Қади Яссы үстiне салынатын ғимарат алыстан, тым алыстан, ат мiнген көшпендi – далалық аты үстiнен қарағанда, көз ұшығынан көрiнетiн болып, биiк һәм ұлық болып орнауға тиiс. Ол бiр уəлаят, яки бiр ұлыс емес, һәмма жиһан көзiне алыстан көрiнетiн тəбəрiк ғимарат болып тұруға тиіс, һәмма жиһанның! Ұғып отырсың ба, ұста?!

– О, құзырыңызға құлдық, ұлы падишах – ием!

– Ендеше сен, ұста! Регистанда Бибi ханым мешiтiмен бiрге Шағатай ұлысының тəбəрiк орны – Қади Яссыда барша жамағат үшiн салынатын ғимараттар нобайы қандай болмақ? Оны алдымен мына басыңа, онан кейiн қағазыңа сыз! – деген.

– Құзырыңызға құлдық, ұлы падишах ием, – деп қара сақалды қапсағай тұлғалы шебер, Əмiр тағының алдына қалың төселген қан түстi парсы кiлемiне маңдай тигiзген.

Иə, Самарқан мен Шағатай ұлысының Темiр тегеурiнiмен қисапсыз ауырлай түскен салмағы бiр Иранның желкесiн үзiп жiберерi анық. Əуелгi Арзурум жорығында Сұлтания, Тəбризден, Мешхед пен Луристаннан айдап əкелiнген алпыс мың құл Сейхұн мен Зарабшан алабында Әмiрдiң əр ханымына арналып салынып жатқан жəне салынатын ұшан-теңiз жəннет баулары, сарай мен гəрем, мешiт, медресе, ханаки – күмбездi ғимараттарының қай жұмырына жұқ болатын едi.

«Нақыш бауы» атанып Самарқанның iргесiне осы Шолпан ханымға арналған алып ауқымды гүл-бағы, ондағы хауыз, гəрем жайларын орнатудың өзi елу мың құрылысшы құлға, қаншама тастан өрiм өрген, темiрден түйiн түйген шын шеберлерге бас көтерiп, бел жаздырмас жүк болып жатқанына алты жылға айналды емес пе?!

– Иə, Жиһан төрiнде шолпан жұлдыздай жарқырайтын ұлы ғимараттар ең алдымен алтын астана Самарқан мен оның асқар биiгi – Шағатайдың даңқы, Темiр дəуiрiнiң даңқы. Ал, дəуiр мен Темiр ол ғаламға бiрге келiп, бiрге жасауына жазған бiр ғана құдiреттiң еркi. Өзi қиянда, Иран жерi – қатпарлы қалың тау – Зегрестiң баурайында ат маңдайын жылы теңiздер жағасына түзеп, алыста қалған ел мен жерге қияли сапар шегiп жол кешкен Темiр, алға кеткен Жағатай жасақтарының iзiмен ақыраптың ақырғы бiр кешiнде бұларды күткен Шах-реза бауына таяп келген едi.

* * *

Өзiнiң мың жылдық ғұмырында сан қилы оқиғаны бастан кешкен Шираз сол бiр қоян жылғы қауыстың алғашқы таңын кiрпiк iлмей атырды. Апта бұрын Шахрезадан шабарман жеткiзген хабарда көк сауытқа құрсанған қайраулы найза, жалаң қылышты қос түменiн бастап, Жағатайдың алты мыңдық, қорғаушы жасағын алға салып, əлем билеушiсi осылай бет алғаны айтылып едi.

Өткен кеште əрбiр жүздiкке, мыңдыққа топтанған аттылы түмендердiң алды айқара ашылған шаһар қақпасынан қара өзен болып ағыла бастаған. Жолындағыны жасынның отындай жайпап, қаншама қанселет күндер мен түндердi артта қалдырған Алдан баһадүр мен барлас Жағатайдың алмас қылышты, көксүмбе найзагер атты сарбаздар легi көлеңкесi қосылып, тым қою да қорқынышты.

Күнгей Иранның гүл бағына бөленген жауһар шаһарының махал- көшелерiн тас қашаған сан мың құрыш тұяқ пен қақтығысқан қару-əбзелдiң даң-дұң, жаң-жұңына құлақ тұндырып, қара түннiң қаншама мезгiлiне дейiн басылмай тұрған. Бұл дүниенi тiтiреткен Темiрдiң телегей қолының Иран тауын көктеп, көк теңiзге жол ашуды ғана мансұқ еткен шолғыншы бiр бөлегi. Ол шаһар арқылы байырғы керуен соқпағымен Казерунге өтiп, одан ары қос дарияның құйылысқан сағасы – Хузестан жерiнiң ну тоғайларына жетiп ат айылын босатпақ. Азығын жолынан iздейтiн ұялас бөрi сияқты түн қатып, жортуыл жорықты жанкештi қатал ғұмырға бастарын тiккен əр сарбаз, қол-қосынның еркi əуелi бiр Алла, екiншi əлем билеушiсi ұлы Көрегеннiң қолында. Темiр бар жерде жеңiс бар. Ал, жеңiстiң жолы тежеусiз көсiп алар көл-дария олжа, ас-ауқат, шеруде шертiп жүрiп, терiп алар қисабы жоқ құнсыз құл, сылаң-сұлу қыз-қатын.

Сол жеңiстiң көкала туын желкiлдеткен Темiр түмендерi қаншама асқар таулар, медиен шөлдердi артқа тастап, Фарс пен Луристан, Хузестанның жерi мен елiн ат тағанына салғалы алты жыл болған. Бұл зор уəлаят жарты əлемдi уысында ұстаған жиһангердiң батыста, жұмбақ дүние құшағында жатқан Рум, Византия, Шам мен Мысырға барар жолдағы мықты тiрегi – Пiрмұхаммедтiң жерi. Ол көз ашып көрген тұңғышы, сүйiктi ұлы Жаһангердiң екiншi кəнизек əйелi, парсы қызы, атақты сұлу Фарахтан туған Темiрдiң үшiншi немересi. Әкелес, тетелес екi ағасы Мұхаммед-Сұлтан, Халил-Сұлтан мен бiрге Əмiр сарайында төрт жасынан ата бегiнен тəлiм алып, араб, парсы көне жазбаларын көкейiне көп құйған едi ол. Ендi он жетiге толған тастүлек шағында империя жерiнiң күңгейiн тұтас алған Фарс пен Луристанның тұтқасын ұстап отыр. Мұндағы барша уəлаят ашса алақанында, жұмса жұдырығында.

Темiрдiң шаһарға кiргенi де, жан бiткендi iнге, жерге, көрге кiргiзетiн жойқын күштi жолбарыстың тоғайда жүргенi де бiр. Жылы үйектiң күнi тас төбеде шырқап, талма түстiң шағы жеткенде, тұнық ауаны қақырата қаңқылдап тартылған қызыл өңеш көп кернейдiң ащы дауысы сарнап қоя берген. Ылғи жирен мiнiп, күн сəулесiне шағылып, жалтылдаған кере құлаш кернейлерiн əулекi бұлғап, құйқылжыта тартқан жаршылар тобы қатарын түзеп, қала махалдарын қақ жарып жүрiп келедi. Бұл ұлы салтанат шеруiнiң алды – ұлы жиһангердiң қала шегiне келгенiнiң хабары.

Тас тағаны қима тастармен өрiлген айнала зəулiм мұнара, əйдiк сарайлар қоршаған орталық көшенiң арғы басынан ылғи жарқылдаған болат дулығалы, алдыңғы легi қолдарына əуелете тiп-тiк көксүңгi найза, кейiнгi легi жалаң қылыш ұстаған байырғы барластардың Əмiрдiң жеке басын қорғаушы жасақтары көрiндi. Бұлардан қара үзбей, алдында Əмiр, сарай орданың шоқ жұлдызындай сарыала тобы келе жатты.

Жиһангер астына салтанатты шерулерде ғана мiнетiн алтын тұрманды ақбоз арғымағын мiнген. Басында үшкiр төбесiне бармақтай қанқызыл лағыл қадалған сiлеусiн бөрiк, үстiнде бiр түстi көгiлдiр жеңiл жiбек шекпен, аяғында қайқы тұмсықты, ойма қонышты шоңайма көк етiгi. Еңсегей, биiк тұлғасын сəл ғана алға берiп, түктi қабақты қарасұр жүзiн түзу ұстап, атын жай, асықпай, аяңмен бастырып келедi.

Бұл сəтте күллi Шираз, күллi Фарс, күллi ғалам бейне бiр ғана жанға, бiр Темiрге, бiр Əмiрге – Көрегенге жүзiн бұрған. Шаһар шетiне iлiнгелi, шеткi көшеге кiргелi айнала жым-жырт тылсым дүниенiң көз бiткенi кiрпiк алмай, демiн iшке жұтқан. Құйма лақса, қыш қорған, тас қорғандардың дарбаза, биiк қақпалардан, махалдардың есiк-тесiгiнен, саңылау қуыстардан сығалаған сан мың көздер, сыбырласқан, жыбырласқан сансыз ерiн: – «Əне келе жатыр, əне бара жатыр... Темiр... ұлы Əмiр... Темiрлан!» деседi, топ алдында дара, есiк пен төрдей жiбек жалды ақбоз ат үстiндегi нақ тұлғаны көздерiмен нұсқап.

Орталық шаһар көшесi ендi кең алаңға ұласты. Алаңның оң жақ биiгiнде, көк мұнаралы зəулiм мешiт махалласы көрiндi. Оның тас едендi биiк форталь қақпасына шығар алаңдарын түгелдей көркем нақышты парсы кiлемдерi жапқан. Алаңқайға шығар жол, басқыштың қос қапталы иiн тiресiп, қол қусырып, тағзым ете тiзiлген ақ сəлделi, көк сəлделi уəлаят, шаһардың бек-бегiмдерi, шейх – үл ислам, қажы – қазiреттер.

Кең алаңның шетiнде ат басын тартқан Темiрдi Жағатай жасағының жау-жарақты екi жауынгерi екi жағынан сүйеп, аттан түсiрдi. Ендi ол өзiн қоршаған сарай бектерi, қолбасылары алдында iрi қапсағай тұлғасын ауыр қозғап, теңселе басып, мешiт қақпасы алдында сiлтiдей тұнып күткен уəлаят пен шаһар əкiмдерiне қарай беттедi.

* * *

Барластар жасағының бiр лек қорғаушы қосынын бастаған Темiр Зегрестiң сан-салалы сiлемдерiн шолып, саят құрған алты күндiк сапарынан үт айының бастапқы – бейсенбi күнi оралған.

Үт – асау толқындары тулаған Əбесхуннан түстiк үйектiң жылы суларына дейiнгi таулар мен шөлдер, жазира мекен, жайлы қонысы шым-шытырық, шатысып-батысқан Иран жерiнде қыстың Фарс пен Хузестан, Белужистан жерiнде жылы күз бен көктемнiң арасы əр кез бəз-баяғы жасыл-жайсаң қалпында. Көк желкелiкте тандыры кепкен, қураған қу медиен – Сиестан мен жылы теңiзден ары құла дүниеге ұласқан əйгiлi Кербала шөлiнiң арасында бiр құдiрет сақтап қойған бейне ұжмақ аралы.

Бұл өлкеде дариялар мойны толы ақ күрiш, тау тарабы сыңсыған сан алуан жиде-жемiстi миуа бақ. Қыраты толы қаптап өрген қалың мал. Өлкенiң жерi мен елi шығыста Қытай, Үндiстаннан басталып, қос дария бойымен батыста Шам, Византиядан сонау бiр қиырдағы Македония, Рум, шексiз мұхит шегiндегi Андалузияға дейiн ұласар Ұлы Жiбек жолының сауырында.

Ұлы жол – сан ғасырлар қисапсыз ағылған алтын қазына, шайы-пұл, ұланасыр айдалған мал, ас-азықтың арнасы. Алтын арна ағысы толассыз ағып жатқан жер, сол жерде мекен еткен елi қай жағынан жарлы-жақыбай болатын едi. Мың-мыңдап түйелi керуендер тартып батыс-шығысты жалғаған бай саудагер, шонжар көпестер алыс-жақындағы елдермен тек мал саудасы емес, қолын тым алысқа, отты шөл, түпсiз сулардың арғы жағындағы – қара Африканың қалыңына созып, қара жүңгiлдер iшiне қораға түскен қасқырдай терең енген арабтар мен парсылар мойны шылауда, қолы бұғауда сансыз қара құлдарын адамды аңша аулап, шыңғыртып ұстап, шынжырлап байлап, бұл Мысыр мен Фарс, Хузестанның жерiнде малдың емес, адамның басын тiгiп, қаншама қан базарын қайнатып едi. Алтынмен қосып, адам саудалаған жұрттың құдiреттi құдай мен құзыры биiк əмiрге берерi мол болса керек-тi.

Серуен – саяхатынан көп нөкер, қорғаушы жасағын шұбатып оралған Темiр ол күнi кiшi бесiн шағында Джехан-даг қамалында ақ сарайдың маңы үлкен əбiгер, қалың қарбаласта екенiн көрген. Күнi ертең жұмада мұнда жəмиғаттың ұлы Əмiрге бағышталған намазы оқылып, бұдан кейiн уәлаят бектерi мен шаһар əкiмдерi, шонжар саудагерлер қатысқан Əмiр Темiрдiң жиыны болмақ. Əмiрдiң жиыны, падишахтың рəсiмi ерулiк беру – ол əмəнда думанды той, көл-көсiр шашу. Күллi уәлаят жамағаты атынан жиһангердiң құзыр-құдiретi алдында бас июге келген əкiмдердiң империя, сарай, əскер қуатына қосар үлес, берер сый, қисапсыз тарту-таралғы, жол-жоралғысының бəрi сол күнгi сəн-салтанаты асып төгiлер жиыны үстiнде болмақ.

Қарсаңда, сол бейсенбiнiң кешiнде сарай төрiнде Темiр өз төңiрегiнiң белдi адамдары – уəзiрлерi, хатшылары, түменбасы, мыңбасылармен бас қосты. Сахара төсiнде туып, жел қанатты ат үстiнде өскен ол көбiне-көп өзiнiң қашанғы қалыптасқан салтын сақтап, кең төселген ақ киiзде құлын терi бөстегiнiң үстiнде отыр. Ол əр кез отбасы, ұл, келiн, немерелер қауымында, көп жортып, бөлтiрiктерiн баулып, ендi апан аузында аяқ созған кəрi тарлан бөрiдей айналаны қызықтап, бiр сəт пенделiктiң бейкүнə дүниесiне сапар шегудi ұнатар едi. Мұндай шақта Əмiрдiң айтар сөз, қысқа кеңесi де адамдықтың жай күнелкi тағылымының шеңберiнде болатын.

– Сөйле, Шах, Шах-и зинда, Түркістан, Регистанға баратын ұсталардан не хабар? – дедi Темiр, оң жағында орныға тiзе бүккен бас уəзiр Шах-Мəлiкке қиялай көз тастап. – Тəбриз бен Хамадан, Басырадан, Шираздан таңдап шақырылған Әбдел- Əзиз, Қожа-Хасан, Махмуд ибн Сафар, Әлдел-Вахаб Шами бастаған сəулетшi, ұста нақышкер, зергер шеберлер тобы Ширазға келтiрiлдi. Бұған Самарқанға барар жолда Хорасанның шеберлерi қосылмақ.

– Сен Шах, ол ұсталардың тобы емес, есебiн айт.

– Жалпы есебi екi жүздей болса керек, ұлы падишах ием.

Əр кез бұлдыр ой, күңгiрт сөздi ұнатпайтын Əмiр қабағы түнерiп, өңi сұрлана түстi.

– Ал, жай iскер, ғышкер, тас қашағыштар есебi қанша болмақ?

– Он бес мыңнан асады, ұлы падишах ием!

Темiр үнсiз ойланып, өзiнен қол созым төменде, мыс тұғырда қалтыраған балауыз шамның əлсiз жарығына қарады. – Он бес мың жұмыскер қол, айтуға көп, ал, шындап келгенде ұлы империяның əр тұсында Самарқан мен Бұхарда, Шахрисябз бен Шағатайда жұлдыздай шашылған құрылыстар, жəннет баулары, хауiздер, сарайлар, гәремдер, ханаки күмбез, мешiт-медреселердiң қай жұмырына жұқ болмақ?!

Əмiрдiң көкiрегiнде қандай бұлт көшiп, қандай дауыл тұрып жатқанын қас-қабағынан қатесiз танитын Шах-Мəлiк сөздi ары жалғады.

– Империяның əскерiн, көш-көлiгiн, жау-жорықты аттарын толықтыра, молықтыра түсуге төрт уəлаят əкiмдерi төрт мың қашыр, алты мың түйе, он сегiз мың ат əзiрлеп жатқанын хабар еттi.

– Əзiрлiк... Не қылған жұмбақ ол. Маған Шах, сөздiң жұмбағын емес, анығын айт.

– Алыс жолға аттанар көш, барша адам, ас, ат-көлiгiмен наурыз туа дайын тұрмақ, ұлы падишах-ием!

– Ал, Шам мен Бағдаттан келетiн қару, сауыт-сайман, Самарқан отында балқытып қару соғатын құйма құрыштан не хабар?

– Құйма құрыштың алты жүз батпанын бес мың қылыш семсерге қосып артқан үш жүз түйелi керуен Хузистаннан Самарқанға бет түзегелi екi жұма. Саламат сапармен Хорасанға жеткенiнен хабардармыз, ұлы падишах-ием.

Бұл кешкi кеңесте Əмiрге Шах-Мəлiктiң айтқан мағлұмат жауаптары əлдекiмдерден жеткен желең-желпi сөз емес, сарайдың қызметкер, сарапшы, сақшылары көзi көрiп, қолдарынан өткерген, барша есебiн бас уəзiрге жеткiзген анық-ақиқат болатын.

Бағдат қаруы, оның шым болаттан туатын наркескен семсерлерiнiң қасиетiн жетiк бiлетiн Темiр Хорасанға жеткен керуен хабарын естiгенде, ризалы бейiл ишаратын көрсеттi.

– Бұл жөн iс, – деп жай, самарқау бас изедi.

Анығында, өзiнiң Əмiр тағына отырғалы елi мен жерiнiң шегiн үдете үлкейтiп, дүниенiң билiгiн бiр қолда ұстауға бет бұрған Темiр үшiн шайы, пұл жасау, жиһаздан қан майданда алдағы күннiң тағдырын күш-құдiретiмен шешетiн темiрдей берiк əскер мен қарудың орны əрдайым биiк тұратын.

Ал, мына жалпақ жиһанда ұшқан құс жетiп тауыспас алып кеңiстiктi алып жатқан Темiр жерiн ұстап тұру оңай шаруа емес. Бұл күнде қос дариядан арғы-бергi – Хорезм, Самарқан, Сұлтания, Хорасан жерiнде Əмiр жарлығын күтiп қылыш найзасын қайрап жатқан үш жүз мыңдық қол, ойдағы, қырдағы уəлаят, облыстардан үздiксiз керуен көшiмен өзен болып ағылатын қаншама мал, астық, ас-ауқатты талғамай жұтып жатқан араны ашық аждаһа сияқты. Ол тоймай бабына келмей Темiрдiң көңiлi тынар ма, Темiр көңiлi тынбаған жерде, елде тыным болар ма?!

Бұдан не бары төрт жыл бұрын Темiрдiң алғашқы Сұлтания жорығында, ақ туларын иiп, ұлы жиһангердiң қол астына, берiлген күнгей Иранның, бүгiнде Пiр-Мұхамедтiң иелiгiне берiлген Фарс пен Луристан, Хузестанға ат басын бұрып келуiнiң бiр қыры осында жатқан.

Темiрдiң бұл сапарының сазын да, салмағын да жақсы бiлген уəлаят пен шаһардың əкiмдерi, бай-бағыландары айтулы жиында өздерiнiң Əмiрге ықыласын тек марапатты сөзiмен емес, шексiз сый-сияпат, тарту-таралғымен Самарқан даңқына, əскер қуатына қосар үлесiмен көрсеткен.

Жұманың памдат намазынан кейiн ұлы сəскеде басталған ақ сарайдағы ерулiк рəсiмi Əмiрдiң сəт-сапарына бағышталып оқылған кешкi құптанға дейiн созылған.

Жиын тарағанда қазынакер, есепшi, сарапшылар Темiр сарайына сыйға тартылған парсы кiлемдерi, тай-тай пұл, жiбектерi, алтын, күмiс, қымбат фарфор, шыны ыдыс-аяқтары жүз түйелi бiр керуенге жүк болды дескен. Бұдан өзге ол күндерi Фарстан Гератқа, Хорасанға қарай жол-жорықтағы Темiр əскерiнiң ас-азығына арнап күрiш, кептiрiлген жемiс, жидек артқан əлденеше керуен көшi бар едi.

Бұл жиынның айтулы салтанатты сəтi Шираз əкiмi Әбдел-Хафездiң жамағатхана төрiнде, үлкен көшпелi тақ үстiнде жиылған қауымды биiктен шолып, нар кеудесi насат отырған Темiр алдында иiле тағзым етiп, сабы жақұтпен зерленiп, алтынмен қапталған бiр кез алмас семсердi сыйға тартуы болған. Iнжумен көмкерiлген қынабынан суырылған наркескен жайылған ақ жiбек үстiнен алынып, Əмiр қолына табыс етiлгенде, тақтан түсiп, қапсағай тұлғасын тiк ұстап тұрған Темiр, қос алақанында көлденең жатқан семсердi жүзiнен сүйiп, өзiнен қол созым оң жағында тұрған барластар жасағының басшысы Жағатайға ұсынған.

Сол күнi кештiң бiр мезгiлiнде, ендi ғана тыныштық орнаған жамағат залының төрiнде, кең тыныстап, бiр сəт мызғып кеткен Темiр, ұзын жезберен шекпенi судырап, таяп келе жатқан жүрiс сыбдырынан селт оянды. Келген Шах-Мəлiк едi.

– Не сөз? – дедi Темiр уəзiрге қанталаған отты көзiн қадап.

– Самарқаннан Мұхаммед-Сұлтан жiберген хабар жеттi, Əмiр-ием! Ақ ордадан жетi түмен əскерiмен көтерiлген Тоқтамыс Бұхарға бет алыпты.

– Тоқтамыс... Бұхарға! Самарқанға азу тiсi батпайтынын бiлген ғой залым қасқыр. Жə, аңдыған жау алыстан емес, Ақ ордадан шықса, көрiп алармыз оны. Таңғы памдатта қолбасы, түменбасы, мыңбасыларын осында келтiр.

Оң қолын кеудеге басып, Əмiр алдында бiр тiзерлеп, бас иiп, тағзым еткен Шах-Мəлiк үнсiз жөнелдi.

Кешегi еру кезiнде тəттi шараптың əлденеше тостағын тауысқан Темiр бiршама шала ұйқылы, талықсып, талған халде балбырап жатты да, түннiң бiр мезгiлiнде мүлде сергiдi. Көз алдында Сейхұннан өтiп, аттылы түмендердiң алдын бастап, тарлан көк арғымағы үстiнде бара жатқан, шомбал денесi көк сауытқа құрсанған Тоқтамыс бейнесi елестедi. «Иттiң күшiгi! «Өзiңнен тумай ұл болмас, сатып алмай құл болмас» деген осы. Осының тақсiретiн тартасың əлi!» Темiр сексеуiлдiң бiзiндей арбиған сiңiрлi саусақтарын сығымдап, тiсiн қышырлатты. «Тоқта сен, Тоқтамыс!».

Бұл қырық пышақ дүние күнәһар күпiрлiкке толды. Алланың қаһарымен, ақ семсердiң жүзiмен жөнге келмесе, ақирет заманының орнауы анық. Ел мен елдiң, көк пен жердiң арасын жалмап Баязит отыр. Бейне өзi бұл дүниенiң тiрегi, жалғыз қожасы. Майланған, шелденген қыли көзiн айналасына ашып қараудан қалған. Олай болатыны – алты жыл Балқан тауы, батыс елдерiне жасалған жорықта, алынған қала қазынасын былай қойғанда, сол Баязиттiң кiлең жорықта жұлдыздай ағатын жарау жүйрiктер мiнген атты əскерiнiң өзi төрт жүз мыңға жеткен. «Қарқынды Баязит», «найзағай Баязит» деп, табанына түскен батыс жұрты құдiрет көрiп отыр оны. Ондай жан ешкiмге де оңай шағылар жаңғақ емес. Оның үстiне қылышын жалақтатып Тоқтамыс тұрғанда, арқаны ашық тастап Баязитке бару, екi оттың ортасына түсумен тең. Алдымен Тоқтамысты торға түсiрiп, одан кейiн алынар қару-қазынасын, пұлы мен құлы ұшан-теңiз Үндiстанды бұғаулаған жөн. Алтын орда мен Үндiстан – дария боп ағылар қуат, сансыз əскер, шексiз байлық, қисапсыз қару алдағы барша iстiң тағдырын шешпек. Баязит мықты болса сол кездесуге шыдап бақсын.

Таң алдында таласқан аласапыран ой-дариясында оңаша жүзген Темiр жұмбақ кеудесiнде сан қилы құпия жоспарының түйiнiн осылай түйiп едi.

Сол күнi 1388-шi ұлу жылы үт жұлдызының төртi, сəрсенбiде екiндi кезiнде шеру кернейi тартылды. Темiр Загрестiң биiк тау асуы арқылы қалың түмендерiнiң алдын бастап, Фарс-Хорасан керуен жолымен алыстағы Самарқанға бет алды.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ