Атамыз ұшқыш болыпты

Ақпан 12 / 2019

Тұтас ұлттың, ұлыстың тарихы жекелеген адамдардың, әулеттердің тарихынан құралады. Әулеттің тарихы үлкен Қазақстанның өткен өмірінен сыр шертеді, кешегі күндерді көз алдыңа елестетеді. Өзінің өткеніне құрметпен қараған адам өзгелердің де жан дүниесін түсінеді. Тамырын таныған адам Алашты да алғаусыз сүйсе керек. Бүгін өздеріңізге жол тартып отырған «Тамырыма үңілсем...» деген айдардың мақсаты да осы – адамдарды өз тарихына үңілдіру. Сіздің шерткен сырыңыз арқылы біз Сізді танимыз, келесі кезекте Сіз біздің жайдан хабардар боласыз. Осы арқылы енші алыспаған қазақтың ұрпағы бір-бірімізді жақыннан тани түсеміз, бір-бірімізге деген құрметіміз артады. Ал, Қазақстанның жарқын болашағын бірін-бірі құрметтеген адамдар ғана жасай алса керек.

Ендеше, не тұрыс, хат жазыңыз, хабарласыңыз, құрметті оқырман! Сіздерге өздеріңіздің «Оңтүстік Қазақстандарыңыздың» есігі әрдайым ашық!

 

...Мен бұл әңгімелерді өз әкем Тәжібайдың аузынан естідім. Әкемнің айтуынша, бабамыз Серікбайдан Барбосын, Көпбосын, Ырысқұлбек деген үш ұл болыпты. Біз Көпбосыннан тараймыз. Көпбосын атамнан Талқанбай, Тәжібай, Сарыбай деген үш ұл болған. Үлкені – Талқанбай ата. Әулеттің үлкені болғандықтан да біз ол кісіні ата дейтінбіз. Ол кісі 1922 жылы дүниеге келіпті. Ал, әкем Тәжібай 1926 жылы 10 қыр-күйекте туған. Сарыбай көкемді әкем «шамамен 1928 жылғы» деп отыратын.

«Әкеңіз туған інісінің қай жылғы екенін неге дәл білмейді?» дейсіз бе? Міне, біздің әулеттің де тарихы, тағдыры осынысымен елеулі.

Көпбосын атам алдына мал біткен бай кісі болған екен. Үйдегі әжеміз мына көрші Жамбыл облысындағы Билікөлдің қызы.

Отызыншы жылдардағы кәмпеске кезінде Көпбосын атам малын кісі аяғы жетпес жерге айдап кетуді ойлайды. Әжемізге «үш баламен төркініңе бара бер, малды жайғастырып болған соң хабарласамын» деп кетеді. Әжеміз үш баланы алып Билікөлге, төркін жұртына барады. Арада біраз уақыт өткен соң Көпбосын атам да Билікөлдегі қайын жұртына барып, бала-шағасына киім-кешек, азық-түлік әперіп, келген ізімен қайта кетіпті. Өкініштісі, атамыз сол кеткеннен мол кеткен, қайта оралмаған. Бәлкім, малын айдап кетіп бара жатқанда НКВД жаналғыштарының қолынан оққа ұшты ма екен?.. Бұл жағы бір Құдайға аян.

Иә, бұл – ашаршылықтың кезі. Ол кезде Билікөлдегі әжеміздің де жағдайы мәз болмағанға ұқсайды. Атамыздың хабарсыз кеткені жанына батты ма, әйтеуір әжемізге ауру жабысып, сол төркін жұртында дүниеден озады. Өздерінің де шиеттей бала-шағасы бар Билікөлдегі нағашыларымызға үш жетімді асырау қиынға соғады. Қыс айларының бірінде үш баланы киізге орап, шанаға салып алып, Көмешбұлақтың бойында отырған Барбосын атамыздың қолына әкеліп тапсырады.

Барбосын атамыз да шиеттей балалы-шағалы. Үш жетімді асырау оған да қиын соқса керек. Сосын «інімнің үш баласын өкімет өлтірмейтін шығар» деп Арыстағы балалар үйіне өткізеді. Сол уақытта Талқанбай атам сегізде, әкем Тәжібай төрт-бес жастар шамасында екен. Сарыбай көкем үш жаста болса керек. Әкем «Талқанбай ағам 1922 жылғы, мен 1926 жылғымын, ал, Сарыбай 1928 жылы туған болу керек» деп айтып отыратын.

Үшеуінің ішінде Талқанбай атам ересек болып қалған. Сол кісі қашуды жоспарлап, балалар үйінен төсек жаймаларын, одеял ұрлап алып, бір жерге тығып тастайды да інілерін іздейді. Жастарына қарай үшеуін үш топқа бөліп жіберген болу керек. Бір күні жүк машинасымен балалар үйіне тағы біраз жетімдерді әкеледі. Соларды көліктен түсіріп жатқанда Талқанбай атам інісі Тәжібайды көріп қалады. Әкемнің басы дәкемен таңулы екен. Содан тәрбиешілерге байқатпай, інісінің қолынан жетектеп, екеуі машинаны тасалап тығылып қалады. Елдің бәрі ғимаратқа кірген кезде екеуі қол ұстасып, баяғы өздерінің тығып қойған заттарын бетке алып қашып кетіпті. Түнде далаға қонғандарына қарағанда жылдың жылы мезгілі болуы керек. Ең өкінішті жері де сол, екеуі кенже інілері Сарыбайдан сол көз жазғаннан көз жазып қалады. Ертесіне екеуі базарға барып, алған заттарын талқанға ауыстырып, елге жаяу қайтады. Бірі сегіздегі, бірі бестегі Талқанбай мен Тәжібай осылайша қол ұстасып, Көмешбұлаққа, Барбосын бабамыздың үйіне келеді. Екі жетімек сонша жерден арып-ашып келіп тұрған соң Барбосын бабамыз да оларды балалар үйіне қайта өткізіп жіберуге дәті бармапты. Талқанбай атам мен әкем осылайша Барбосын бабамыздың балаларымен бірге өскен. Ал, Сарыбай көкемізден содан дерек жоқ. Талқанбай атам да, әкем де көзі тірілерінде інілерін қатты іздеді. Біраз жерге хат жазды. Өкінішке қарай, бейнеттері жанбады. Көкем табылмады. Бәлкім, біреулер асырап алып, фамилиясы өзгеріп кетті ме екен? Жасы соғысқа баруға іліне қоймаса керек... Бәлкім, соғыстың соңына болса да іліккен шығар... Іліксе, одан аман келді ме, жоқ па?.. Бәрі белгісіз... Мүмкін әлі де жер бетінде жүрген шығар. Құдай өмір берсе тоқсанға келгендер аз ба?! Тек өзінің кім екенін, тамырын білмейтін шығар...

Міне, біздің әулет адамдарының жүректеріне шер боп қатқан бір жағдай осы... Егер бақилық болса, ана дүниеде бауырларымен табысқан да шығар. Кім білсін-ай, кім білсін...

Әкем де, Талқанбай атам да оқыған кісілер болыпты. Талқанбай атам соғыстың алдында ұшқыш болуды армандайды екен. Содан 1940 жылы әскер қатарына қабылданып, Астраханьдағы әскери ұшақтарға қызмет ететін техник мамандар даярлайтын әскери училищеге құжат тапсырады. Атам ол кезде бұл училищені әскери ұшқыштар даярлайтын училище деп ойласа керек. Шамасы 7-8 айдан кейін бұл училищенің саласы бөлек екенін біліп, өзінің әскери ұшқыш болғысы келетінін айтып, училище басшыларына рапорт жазады. Ол кез соғыстың әне-міне басталайын деп тұрғаны жұртқа белгілі болып қалған кез. Мемлекетке әскери мамандар даярлау өте-мөте қажет болып тұрған уақыт. Талқанбай атамның рапорты іздегенге сұраған бола кетеді, училище басшылары оған Орынбордағы әскери ұшқыштар даярлайтын Чкалов атындағы №1 училищеге жолдама береді. Орынбордағы училищені 1943 жылы бітірген соң кіші лейтенант шенін алған атам, сол жылы соғысқа кіреді. Өзі «шырақтарым, мен «ас-летчик» болғанмын» деп отыратын. Әскери билетінде экипаж командирі болған деп жазылған.

Талқанбай атам әңгімені өте жақсы айтатын. Оның бәрін жазуға газет көлемі көтермес, тек бір естелігі естен кетпейді.

Бір соғыста (соғыс Альпі тауларында жүріп жатқан көрінеді) Талқанбай атам бағындырған ұшаққа снаряд тиеді. Атам ұшақты әрең дегенде жерге қондырады. Ұшақтан секіріп түсіп әудем жер ұзағанда ұшақ та жарылып, отқа ораныпты. Атам «жерге құлдилап бара жатқанда ақ шапан, ақ бөрік киген Барбосын бабам көзіме көрінді. Сол баба әруағының арқасында тірі қалдым» деп отыратын.

Талқанбай атам елуінші жылдары елге оралып, Арыс қаласында ішкі істер бөлімінде, кейін мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде қызмет атқарып жүріп, апамыз Күләзияға үйленген екен. Екеуінен Серік атты бала бар. Талқанбай атам 1981 жылы қазан айында 59 жасында өмірден озды. Ал, Күләзия апамыз 2014 жылы 93 жасында қайтыс болды.

Міне, біздің әулеттің қысқаша тарихы осы. Әкемнің, аталарымның басынан өткенін бүгінде өз балаларыма айтып отырамын. Ұрпақ жалғастығы деген осы шығар.

Нұрлан КӨПБОСЫНОВ, мемлекеттік аудитор.

СУРЕТТЕ: Талқанбай КӨПБОСЫНОВ. Сурет 1943 жылы Талқанбай Көпбосынов Орынбордағы әскери ұшқыштар даярлайтын Чкалов атындағы №1 училищені бітірген кезде түсірілген.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ