Аспан асты, жер үсті 0 пікір 3051 лайк

«Түркiстан» шоколады өңiр брендi болады

Ақпан 09 / 2019

 

Жәмила МАМЫРӘЛІ, «Ońtústik Qazaqstan».

Облыс әкімі Ж.Түймебаев Төлеби ауданына жасаған жұмыс сапары барысында ат басын алдымен Бірінші Мамыр ауылында жаңадан салынған емханаға бұрды. Қарамағына төңіректегі жеті елді мекен кіретін Бірінші Мамыр ауылдық округінде 18242 тұрғын бар. Көбі ауылда тұрақтап қалған қариялар мен жас сәбилі аналар. Бәрі де осыған дейін емхананың жоқтығынан аудан орталығына сабылып, қиналып жүрген.

 

– Мен облыс әкімінің қабылдауына арнайы кіріп, осы мәселені айтып едім. Жансейіт балама көп рахмет! Менің көзімше, «ауыл тұрғындарының мәселесіне мән беріңіздер деп құрылыс басқармасына, аудан әкіміне нақты тапсырма берді. Әлеуметтік мәселелер бірінші кезекте шешілсін» деді. Міне, жаңадан ашылып отырған мына емхана соның нәтижесі, – деді ауыл ақсақалы Қапалбай Мырзақұлов.

Екі қабатты ғимаратта науқастарға барлық жағдай жасалған. Медициналық қызметтің барлық түрі, тіпті жедел жәрдем қызметін көрсететін арнайы топ та бар.

– Әлеуметтік нысандар салудан қаржыны аяған емеспіз. Азаматтардың денсаулығын жақсартуға бағытталған жобаларды қаржыландыруға мемлекетіміздің әлеуеті жетеді. Мұндай емханалар көбейе берсін, бірақ, ауыратындар аз болсын. Денсаулықтарыңызды күтіңіздер, салауатты өмір салтын ұстаныңыздар, – деді облыс әкімі емхананың ашылуына жиналған ауыл тұрғындарына.

Әсіресе, шалғай елді мекен тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету мәселесінде облысымызда бірқатар игі жобалар жүзеге асып жатыр. Соның бірі – Төлеби ауданындағы Ақайдар-1 елді мекеніндегі құрастырмалы-қаңқалы конструкция әдісімен салынған медициналық тірек. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы М.Егізбаевтың айтуынша, бұрынғы әдіспен ФАП салу құны 55-60 миллион теңгені құрайды. Ал, құрастырмалы-қаңқалы медициналық тірекке 30 миллион теңге жұмсалуда. Әрі екі айда салынады. Қаржы да, уақыт та үнемделіп отыр.

Заманауи үлгідегі медициналық тіректің жұмысымен танысқан облыс әкімі Ақайдар-1 ауылының тұрғындарымен де тілдесті. «Қызмет көрсету сапасы қалай? Сіздерге ыңғайлы болды ма?» деген Ж.Түймебаевтың сұрағына ауыл тұрғындары жарыса жауап беріп жатты. «Жақсы болып қалды. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса осында келе саламыз. Үйге шақырсақ та дәрігерлер тез жетеді» деді олар.

Айта кетейік, облыс бойынша құрастырмалы әдіспен былтыр 62 медициналық тірек салынып, пайдалануға берілген. Биыл тағы 43-і салынбақшы. Яғни өңірдегі шалғай ауылдардың бәрі де медициналық қызметпен қамтылатын болады.

Төлеби ауданының ғана емес, Түркістан облысының мақтанышына айналған отандық өнімдердің бірі – Ленгір балмұздағы. «Балмұздақ» ЖШС-і енді шоколад жасауға кіріскен. Жаңа цехқа 800 млн. теңге жұмсаған серіктестік жылына 1100 тонна шоколадты глазурь мен шоколад өнімдерін өндірмек.

Зауыт басшысы Евгений Канның бұл бастамасын облыс басшысы қолдады. «Дегенмен, шоколадтың атын қазақша қою керек» деген Ж.Түймебаев «Түркістан» атауымен де шоколад түрін жасап шығаруды ұсынды.

– Өңірімізге келетін туристер өз елдеріне сый-кәде, дәм-тұз ретінде алып кетер еді. Ал, брендті өнім болуы үшін шоколадтың өзегіне қауын қойсаңыздар тіпті қатып кетер еді, – деп өз идеясын айтты облыс әкімі.

Жаңадан ашылған нысандарды аралап көрген соң облыс басшысы Төлеби ауданының әкімі Б.Омарбековтің аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2018 жылғы қорытындысы мен алдағы міндеттері туралы есеп беру жиынына қатысты. Аудан әкімінің есебіне тұрғындар оң бағасын берді. Көпшілік, әсіресе, алда атқарылатын жобалардың жүзеге асуына сенім білдірді.

Ал, облыс басшысы, бос жатқан жерді игере алмай отырған, істің көзін таппай жүрген ауыл әкімдерін сынға алды.

– Шаруашылықпен айналысамын деген адамдарға мемлекет тарапынан субсидия берілуде. Жастардың ауылда тұрақтап жұмыс істеуіне барлық мүмкіндік қарастырылуда. Осының бәрін ұйымдастыратын, елдегі жағдайды жандандыруға атсалысатын сіздерсіздер. Елді мекендерді көріктендіру, көркейтудегі жұмыстарыңыз әлі де болса мардымсыз, – деген облыс әкімі игерілмей бос жатқан жер көлемін азайту керектігін, қолынан шаруа келетін азаматтарды қолдау қажеттігін, Төлеби ауданының табиғаты, әсіресе, жаңғақ өсіруге, туризмді дамытуға сұранып тұрғанын атап өтті.

Айта кетейік, биыл Қасқасуда «Ақсу-Қуат» компаниясы сағатына 3,5 МВт электр қуатын өндіретін ГЭС жобасын жүзеге асырмақшы.

Ал, Киелітас ауылдық округінен құны 120,0 млн. теңгелік жылына 1000 тонна бройлер етін өндіретін «Шымкент құс» құс фермасы пайдалануға берілмек.

Жалпы, биыл ауданда 38 жаңа жоба жүзеге асырылып, 7 млрд. 525 млн. теңгенің инвестициясы құйылады деп жоспарлануда.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ